«Тісін емдеймін деп барып, ажал құшқан»: Астанада 20 жасар жігіт екпенің сладарынан көз жұмды
Астанада стоматологиялық орталықта болған қайғылы жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Құқық қорғау органдары сотқа дейінгі тергеуді бастап кетті, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
Бұған дейін елордада 20 жастағы Есболған Мұрат Жеңісханұлының Tem.Dent тіс емханасына барғаннан кейін көз жұмғаны туралы оның туыстары мәлімдеген еді. Олардың айтуынша, жас жігітке дәрі егілген соң жағдайы күрт нашарлаған.
Алдын ала деректерге сүйенсек, емдеу кезінде салынған инъекциядан кейін пациенттің хәл-ахуалы кенеттен қиындап кеткен. Әлеуметтік желілерде марқұмға алдын ала аллергиялық сынама жасалмағаны жөнінде ақпарат тарады.
Жақындарының сөзінше, 2005 жылы туған жігіт қабылдауға ешқандай шағымсыз, тек тісін емдету үшін келген. Алайда екпе алдында аллергияға тексеру жүргізілмеген. Алғашқы инъекциядан кейін оның денесі тырысып, жағдайы нашарлай бастаған. Соған қарамастан, оған қайтадан дәрі егілгені айтылып отыр.
Кейін жігіт есінен танып қалған. Оқиға орнына жедел жәрдем шақырылғанымен, туыстары оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмағанын жеткізді.
Марқұмның жақындары екпені дәрігер емес, тәжірибеден өтіп жүрген студент жасағанын, ал жанында тек медбике болғанын алға тартады. Сондай-ақ олар болған жағдай туралы ата-анасына бірнеше сағаттан кейін ғана хабар берілгенін айтады.
Қайтыс болған жігіттің отбасы оқиғаның толық әрі әділ тергелуін талап етуде.
Аталған ақпарат әзірге ресми түрде толық расталған жоқ. Құзырлы министрлік тексеріс жүргізіп, медициналық қызмет көрсету талаптарының сақталуын анықтап жатыр.


