Нәлібаевты не күтіп тұр? Әйгілі әулеттің ықпалы күшейіп келеді
«Нәлібаев жақын арада Шымкенттің әкімі болады». «Нәлібаев Түркістан облысына әкім болып барады». Бұған дейін ел арасында айтылып жүрген осындай болжамдар расқа шықпады. Бақсақ, біз Нұрлыбек Нәлібаевтың мүмкіндігін тым төмен бағалап жүрген екенбіз. Ақорда өткен аптада Қызылорданың әкіміне бірінші вице-премьерліктің тізгінін сеніп тапсырды. Күтпеген жерден. Бірден бірінші вице-премьерлікті. Тәуелсіз Қазақстанның тарихында облыс әкімінің креслосында отырған адамға бірінші вице-премьерлік лауазымы бұйырмаған екен. Бұл қызмет көбіне облыс әкімдігінде, министрлікте, Үкіметте ысылған, әбден тәжірибе жинаған шенеунікке берілетін. Бұл жолы әлі министр де, Үкімет мүшесі де болып көрмеген Нәлібаев Үкіметте екінші адамға айналды.
Бұл тағайындаудың астарында не жатыр?
Апта басында, күнтізбеде мерекеге байланысты демалыс күні екендігіне қарамастан Нұрлыбек Нәлібаев Президенттің қабылдауында болды. Ақорданың таратқан ресми ақпаратына қарағанда, бірінші вице-премьер өнеркәсіп, құрылыс, энергетика, инфрақұрылымдық жобалардың сапалы жүзеге асырылуын қамтамасыз етіп, отандық тауар өндірушілерді қолдау және алдағы жылу беру маусымына дайындық шараларына бақылау жасайды. Сарапшылардың айтуынша, Нұрлыбек Нәлібаевтың бірінші вице-премьер қызметіне келуі – Үкіметтің «кабинеттік» форматтан нақты «шаруашылық» форматына ауысуын білдіреді. Яғни, Қызылорда облысының бұрынғы әкімі дәл қазір үлкен сынақтан өтіп жатыр деген сөз. Егер ол емтиханды ойдағыдай тапсырса, сынақтан сүрінбей өтсе... Онда не болады?
Жалпы, Тәуелсіз Қазақстанның тарихында облыс әкімінің креслосынан вице-премьер болған біраз шенеунік бар. Олардың қатарында Өмірзақ Шөкеев, Бердібек Сапарбаев, Қанат Бозымбаев сияқты «акулаларды» атауға болады. Бірақ жоғарыда айтқанымыздай, Нәлібаевқа дейін әкімдіктен бірден бірінші вице-премьерліктің креслосына «секірген» ешкім жоқ. Оның үстіне соңғы отыз жылдан астам уақыттың ішінде Премьер-министрлердің басым бөлігі бұл лауазымға бірінші вице-премьерліктен келген. Яғни бірінші вице-премьер барлық уақытта Үкімет жетекшісінің резерві саналған.
Өздеріңізге белгілі, 1 шілдеде жаңа Ата заң күшіне енеді. Тамызда сайлау өтіп, жаңа Парламент–Құрылтай жасақталады. Конституция бойынша бұдан соң Үкімет отставкіге кетеді. Яғни, Ақорда Қызылорданың әкімін бірінші вице-премьерліктің креслосына бар-жоғы төрт ай үшін алып келмегені айтпаса да түсінікті ғой. Осылардың бәрін ескере келе Нәлібаевтың келешек карьерасына қатысты екі сценарийді атап өтуге болады.
Біріншісі, төрт ай бірінші вице-премьерліктің тізгінін ұстаған Нәлібаев қыркүйекте Қазақстанның 13-ші премьері болу мүмкін. Несі бар, әбден мүмкін. Оның кандидатурасы Үкімет жетекшісі лауазымына барлық жағынан сәйкес келеді.
Екінші сценарий: Бар-жоғы төрт ай Нәлібаевтың мүмкіндігін саралауға жеткіліксіз уақыт. Одан нәтижені бір жылдан кейін сұрауға болады. Бірақ төрт ай дегеніңіз тым аз мезгіл. Сондықтан ол жаңа Үкіметтің құрамында бірінші вице-премьерлік лауазымын сақтай отырып, Президенттің тапсырмаларын орындай береді. Біздің ойымызша, бұл ең ықтимал болжам. Неге дейсіз бе?
Естеріңізде болса, 2025 жылдың басында Президенттен мақтау естіп жүрген Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалды. Сол кезде оған бірінші орынбасар ретінде Үкімет пен өңір әкімдерінің жұмысын үйлестіру жүктелді. Сатыбалдыны «әкімдердің Ақордадағы курораторы» деп те атай бастаған. Алайда Дархан Амангелдіұлы бұл лауазымда бар-жоғы 5 ай ғана отырып, бір жыл бұрын Алматы қаласының әкімі болып кетті. Оның орнына ешқандай «куратор» тағайындалған жоқ. Кейінірек Президент Әкімшілігінде бірінші орынбасар штаты жойылып кетті. Яғни, Ақорда осы «куратор» лауазымын Үкіметте бірінші вице-премьерлік арқылы қайта тірілткелі жатыр. Бұл орынға Үкімет мүшесі болып көрмеген, бірақ әкімдік салада ысылған Нәлібаевты әкеліп отырғызудағы басты мақсат осы. Енді бірінші вице-премьердің негізгі міндеті Президент тапсырмаларының өңірлерде орындалуына бақылау жасау болады. Нәлібаев бұл міндетті қаншалықты орындап шыға алады? Бұл енді өз алдына бөлек тақырып.
Жалпы алғанда Нұрлыбек Нәлібаев 2005 жылға дейін бизнес саласында жүрген. Оны мемлекеттік қызметтегі карьерасының қалыптасуына туған ағасы Бердібек Сапарбаев ықпал етті десек, қателеспеуіміз мүмкін. Бекеңнің өзі ақпарат құралдарына берген сұхбаттарында мұны жоққа шығарып, Нәлібаевтың өз еңбегімен көтерілгенін айтқан. Рас, Н.Нәлібаев Қызылорда облысында барлық баспалдақтардан өткен азамат. Шенеуніктік еңбек жолын 2005 жылы Қызылорда қаласы әкімінің орынбасарлығынан бастаған. Бұдан кейін Қызылорда облысы әкімі аппаратының жетекшісі, 5 жыл Шиелі ауданының әкімі, 8 жыл Қызылорда қаласының әкімі болған. Бір жылдай Премьер-министрдің кеңсесінде қызмет етіп, 2022 жылдың сәуірінде Қызылорда облысы әкімінің креслосына отырды. Бұл дәл сол кезде Бердібек Сапарбаевтың Жамбыл облысының әкімі лауазымынан зейнеткерлікке шығып, жұртшылық оны әуежайға дейін қимай қоштасып жатқан кезбен сәйкес келді. Кездейсоқтық деуге болмайтын шығар. Мұны Бердібек Сапарбаевтың билікке деген ықпалымен байланыстыруға әбден болады.
Қазір ақпарат құралдарында, әлеуметтік желіде Нұрлыбек Нәлібаевтың кезінде Қызылорда облысының гүлденіп кеткені соншалықты, ол қызметтен кеткенде жұртшылықтың «еңіреп тұрып жылағаны» жөнінде мәліметтер айтылуда. Нәлібаевтың кезінде Қызылордада құрылыс, энергетика салаларында айтарлықтай серпін болды.
Соның ішінде былтыр пайдалануға берілген «Қайсар» стадионын атап өтуге болады. Бұл соңғы отыз жылда елімізде салынған, заманауи талаптарға жауап беретін үшінші стадион («Астана арена» мен «Түркістан аренадан» кейін). Бұдан бөлек, Қызылорда қаласында түрік инвесторларының қаржысымен жаңа жылу орталығы салынды. Оған құйылған инвестицияның көлемі 215 млрд теңгені құрайды. Ғаламтордағы мәліметтерге қарағанда, соңғы үш жыл ішінде Қызылорда облысының экономикасына 2 триллион теңгеге жуық инвестиция тартылған. Оның ішінде жеке инвестицияның үлесі 70%-ды құраған.
Алайда мұның бәрін тек Нұрлыбек Нәлібаевтың іскерлігімен байланыстыра беру болмайды. Ол белгілі бір деңгейде Үкіметтің де атқарған жұмысының жемісі. Кейбір мәліметтерге қарағанда Қызылордада бюджет, инвестиция көбейгенімен, жалпы халықтың өзіндік кірісі көбеймеген. 2024 жылы облыстан көшіп кеткендер саны келгендерден 9 870 адамға көп болған. Бұл соңғы 15 жылдағы ең жоғары теріс көрсеткіш. Биылдың қаңтар-ақпан айларында миграциялық сальдо тағы да теріс мән көрсетіп, -1 442 адамды құраған (яғни, 2 айда 1 442 адамға көп кеткен). Сонда Нәлібаевтың экономикалық жетістіктері халықтың әлеуметтік жағдайына титтей де әсер етпеген бе деген сұрақ туындайды. «Арқа жылы болса арқар ауып несі бар?».
Биылдың бірінші тоқсанында қысқа мерзімді экономикалық индикатор (ҚМЭИ) бойынша жасалған рейтингте Қызылорда облысы шамамен 8-9 орындарды иемденген (бірінші орында Солтүстік Қазақстан облысы, ал Түркістан облысы 2-орында тұр). Мамандардың айтуынша, Қызылордадағы ең басты мәселе – Сырдария өзенінің тартылуы мен Арал тағдыры. Әкімдік бұл бағытта жұмыс істегенімен, диқандардың егістік суына қатысты шағымдары мен экологиялық белсенділердің шағымы толастамаған. Оның үстіне Қызылордада соңғы уақытта бюджет қаржысының жұмсалуы мен тендерлердің ашықтығына қатысты мәселелер тәуелсіз БАҚ-тарда, әлеуметтік желіде қызу талқыланған. Кейбір белсенділер өңірдегі кадр саясатын «тамыр-таныстықпен», әсіресе, Сапарбаев-Нәлібаев әулетімен байланыстырады.
Айтпақшы, Нәлібаевтың орнын басқан Мұрат Ергешбаев мемлекеттік қызметін 1996 жылы сол кездегі Қызылорда облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың кеңесшісі болып бастаған. Өңірдегі бірнеше ауданның, Қызылорда қаласының әкімі болған. 2023 жылы Нәлібаев әкім болып отырған Қызылорда облысынан Мәжіліс депутаты болып сайланған. Яғни, Ергешбаевтың Сапарбаев-Нәлібаев әулетімен тығыз байланыстағы адам екенін аңғару қиын емес.
Ал енді бұл тағайындаудың астарын Нәлібаевтың Ақордаға деген ықпалымен байланыстыруға болатын шығар. Бұл ықпал күшінде тұрса, енді екі-үш жылдан кейін Қызылорданың тізгіні бүгінде Түркістанның әкімі болып отырған Әзімбек Пазылбекұлына бұйырып қалуы әбден мүмкін.
Не де болса бәрін уақыттың төрелегіне тапсырдық.
"Рейтинг" газеті


