«Фильм көз алдымда жойылып бара жатты»: Өтекешова «Қыз Жібекті» қалай сақтап қалғанын айтты
Қазақстанның халық әртісі Меруерт Өтекешова журналист Майя Бекбаеваға берген сұхбатында Қыз Жібек фильмінің бір кездері жойылып кету қаупі болғанын айтып берді, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
Актрисаның сөзінше, 90-жылдары теледидардан фильмді көрген кезде оның таспасы қатты тозып, сапасы төмендеп кеткенін байқаған. Көріністердің өшіп, жыртылып бара жатқанын көріп, туындыны шұғыл түрде қалпына келтіру қажет деген ойға келген.
Өтекешова сол кезеңде киностудияда мұндай жұмысқа қаржы қарастырылмағанын айтады. Осыған байланысты арнайы қайырымдылық қоры құрылып, демеушілер іздестірілген. Нәтижесінде Мәскеуде тұратын қазақстандық кәсіпкерлердің қолдауымен фильмнің орыс тіліндегі нұсқасын «Белые Столбы» архивінен қалпына келтіруге мүмкіндік туған.
Актрисаның айтуынша, түпнұсқа материалдар Мәскеудегі арнайы қорларда сақталған, ал қазақ тіліндегі нұсқаның дыбыстық жазбаларын Қазақстан аумағынан іздеуге тура келген. Киностудиядағы кейбір материалдардың шашырап жатқаны, ал қажетті дыбыстардың жетіспеуі оны алаңдатқан.
“Фильм көз алдымда жойылып бара жатқандай әсер қалдырды. Бірдеңе істеу керек, бұл фильмді қалпына келтіру қажет деп ойладым”, – деді ол.
Кейін Рысқұлов көшесіндегі қоймадан қажетті таспалар табылып, олар қайтадан Мәскеуге жеткізілген. Сол арқылы жетіспейтін дыбыстар қалпына келтіріліп, фильмнің қазақша нұсқасын сақтап қалу мүмкін болған.
Өтекешова қалпына келтірілген материалдарды бірден киностудияға тапсырмағанын да атап өтті. Оның айтуынша, сол кездегі жағдай толық сенім ұялатпағандықтан, құнды дүниелерді тек кейін, студияда тәртіп орнаған соң ғана өткізген.
“Ол кездегі ахуал сенім артуға келмейтіндей еді. Материалдарды тек кейін, киностудияда тәртіп орнай бастаған кезде ғана тапсырдым”, – деді актриса.
Актриса бүгінде фильмдегі камзолға қатысты түрлі әңгімелер айтылып жүргенімен, кезінде тұтас бір кинотуындының жоғалып кету қаупі әлдеқайда маңызды болғанын жеткізді. Оның пікірінше, дәл сол жанашырлықтың арқасында Қыз Жібек бүгінге дейін сақталып қалған.
“Қазір камзолдың айналасында көп әңгіме айтылып жатыр. Бірақ сол кезде біз тұтас бір фильмнен айырылып қала жаздадық. Меніңше, бұл әлдеқайда маңызды. Фильм осындай жанашыр көзқарастың арқасында сақталып қалды”, – деді ол.


