Көлік министрі 100 млрд теңгеге қатысты қауесеттерге жауап берді
Қазақстан темір жолы неліктен әлі кұнге дейін 100 миллиард теңгеден астам қаржыға сатып алған жаңа вагондарды пайдаланбай жүр? Сауалға Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев жауап берді.

Үкіметтегі брифингте Сауранбаевтан қазақстандықтар неге әлі күнге дейін Stadler компаниясының жаңа вагондарын пайдаланбай жүргені сұралды.
“Вагондардың бір бөлігі дайын. Қазір олар Қазақстан темір жолы тарапынан қабылдау рәсімінен өтіп жатыр. Техникалық сипаттағы бірқатар мәселе туындады, жақын арада шешіледі деп ойлаймын. Бұл – техникалық мәселе”, – деді министр.
Оның айтуынша, Қазақстан темір жолы қабылдау рәсімін аяқтаған соң вагондар бірден пайдалануға беріледі. Қазір мамандарда жолаушылар қауіпсіздігіне қатысты техникалық сұрақтар туындаған.
Айта кетейік, былтыр маусым айында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Stadler Kazakhstan зауыты шығарған алғашқы жолаушылар вагонын қарап шыққан еді.
Еске салайық, 2025 жылы Қазақстан темір жолы Астанадағы зауытта өндірілген швейцариялық Stadler компаниясының алғашқы 51 вагоны жыл соңына дейін жеткізілетінін хабарлаған еді. Жалпы 2030 жылға дейін 557 Stadler вагонын жеткізу жоспарланған.
Кейін мемлекет "Самұрық-Қазына" қоры арқылы үш жыл ішінде Қазақстан темір жолына 142,5 миллиард теңге көлемінде бюджеттік несие бөлуді жоспарлап отырғаны белгілі болды. Бұл қаражат Stadler вагондарын сатып алуға жұмсалуға тиіс болған. Сонымен қатар Қазақстан темір жолының Stadler зауытына шамамен 147 миллиард теңге аванс төлегені, ал 2025 жылы 51 вагон жеткізу үшін қосымша 43,3 миллиард теңге аударғаны туралы жазылды. Жалпы Қазақстан темір жолы бұл вагондарға 100 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсаған.


