Батырхан ТУРМЕТОВ: Ғылымдағы қолдау тек қаржымен өлшенбеуі керек
Түркістанды түркі дүниесінің ортақ білім шаңырағына айналдырған Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті бүгінде елімізге ғана емес, әлемге танылған білікті оқытушылар мен профессорлардың ордасына айналды. Солардың бірі – математика ғылымының дамуына сүбелі үлес қосқан көрнекті ғалым, профессор Батырхан Құдайбергенұлы Турметов.

Ғалым 2 монографияның және 200-ден астам ғылыми жарияланымның авторы. Оның ішінде 100-ден астам мақаласы Web of Science және Scopus базаларына енген импакт-факторы жоғары халықаралық ғылыми журналдарда жарық көрген. 2011–2020 жылдар аралығында ҚР БҒМ гранттық қаржыландыруы аясындағы бес ғылыми жобаның ғылыми жетекшісі болды.
Сонымен қатар, 2017 жылы ғылым мен техниканың дамуына зор үлес қосқан ғалымдарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендияның лауреаты атанып, Сорос қоры грантының иегері болды. Білім мен ғылымды өмірлік мұрат еткен профессор талай шәкірттің қанатын қатайтып, үлкен ғылым жолына бағыт-бағдар берді. Бүгінде мерейлі 60 жасқа толып отырған ғалыммен арнайы сұхбаттасып, ғылымдағы ізденістері, ұстаздық жолы, математика ғылымының бүгіні мен болашағы туралы әңгімелескен едік.
– Батырхан Құдайбергенұлы, өмірбаяныңызға қарасам жоғары білімді Ташкент қаласында алған екенсіз және біраз жылдар сонда жұмыс істепсіз. Көрші елдің жоғары білім беру жүйесі мен Қазақстанның жүйесіндегі айырмашылықтар мен ерекшеліктерге тоқталсаңыз?
– Иә, менің ғылыми маман ретінде қалыптасу кезеңім Ташкенттің математикалық ғылыми мектебімен тығыз байланысты. 1982 жылы Ташкент мемлекеттік университетінің механика-математика факультетінде 5-курста оқып жүрген кезімде факультет деканы, профессор Ж.Х.Хаджиевтің ұсынысымен үздік оқитын жеті студент КСРО-ның ірі ғылыми орталықтарына диплом жұмысын жазуға жіберілді. Мен де сол студенттердің қатарында болып, диплом жұмысымды М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде профессор Шавкат Арифжанұлы Алимовтың жетекшілігімен жаздым. 1985 жылы ұстазым, академик Ш.А.Алимов Ташкентке қызметке ауысып, онда үлкен ғылыми мектеп қалыптастырды. Мен де сол ортада еңбек етіп, 1990 жылы кандидаттық, ал 2004 жылы докторлық диссертациямды осы ұстазымның жетекшілігімен қорғап шықтым.
Екі елдің жүйесін салыстырсақ, Қазақстан батыстық модельге (Болон процесі) ертерек көшіп, үш сатылы білім беру жүйесін қалыптастырды және жоғары оқу орындарына академиялық еркіндік берді. Ал Өзбекстанда классикалық ғылыми мектептердің сабақтастығы мен ішкі тәртібі ұзақ уақыт қатаң сақталды. Қазір олар да халықаралық кредиттік-модульдік жүйеге көшуде. Меніңше, бізге олардың ғылымға деген ішкі тәртібі мен классикалық ұстанымын, ал оларға біздің еркін ізденіс үлгімізді алған тиімді.
– Университет қабырғасында ғылымға қызыққан, жаңа бастамаларды көтеріп жүрген жас ғалымдарға қаншалықты қолдау көрсетіледі?
– Ғылымдағы қолдау тек қаржымен өлшенбеуі керек. Бұл ретте университеттің ішкі саясаты мен жасап отырған жағдайы шешуші рөл атқарады. Біздің университетте ғылыми мектеп қалыптастырып жүрген жетекші ғалымдар мен жас ізденушілер үшін жүйелі қолдау тетіктері жолға қойылған.
Ең алдымен, университет басшылығы тарапынан ғылыми әлеуетті арттыру мақсатында «зерттеуші-профессор» және «зерттеуші-доцент» лауазымдары енгізілгенін атап өту керек. Бұл – нағыз ғылыммен айналысатын ғалымдар үшін жасалған үлкен мүмкіндік. Мұндай мәртебеге ие мамандардың оқу жүктемесі жеңілдетіліп, оларға негізгі уақытын іргелі зерттеулерге, халықаралық жобаларға және шәкірт тәрбиелеуге жұмсауға толық жағдай жасалған. Осындай қолдаудың нәтижесінде университет ішіндегі ғылыми мектептердің беделі артып, жас ғалымдарға бағыт-бағдар беретін сапалы зияткерлік орта қалыптасты. Сонымен қатар, университет тарапынан жас ғалымдардың әлемдік деңгейде индексацияланатын ғылыми журналдарда мақала жариялауына, «Жас ғалым» гранттық конкурстарына қатысуына, «Болашақ» және «500 ғалым» сияқты халықаралық тағылымдамалардан өтуіне барынша қолдау көрсетіледі.
– ХҚТУ-дың «Математика» кафедрасында талай жыл тер төгіп, еңбек еттіңіз. Қаншама жас мамандарды, ғалымдарды тәрбиелеп шығардыңыз. Сол бейнеттің зейнетін көре алдыңыз ба немесе жастарға артқан үмітіңіз қаншалықты ақталды?
– Иә, зейнетін көрдім деуге толық негіз бар. Ғалым үшін ең үлкен қуаныш – өзінің бастаған ісі мен еңбегінің шәкірт жетістігінде жалғасуы. Менің жетекшілігіммен көптеген магистрлік диссертациялар, бірнеше PhD докторлық жұмыстар қорғалды. Ғылымда қалған шәкірттерім – менің ғылыми жалғасым, олар бүгінде университеттерде дәріс беріп, ғылыми зерттеулер жүргізіп, жаңа буынға жол көрсетіп жүр. Сол шәкірттерімнің ішінде Берікбол Төребекті ерекше атап өткім келеді. Мен оның дипломдық жұмысына, магистрлік және PhD диссертациясына ғылыми жетекшілік жасадым. Берікбол – бүгінде есімі халықаралық деңгейде танымал, математика саласындағы ең жас әрі өнімді жұмыс істеп жатқан ғалымдардың бірі. Ол әлемдегі ең беделді «Clarivate Analytics» мәліметтер деректер қоры бойынша «Ең көп сілтеме жасалатын ғалымдардың» (Highly Cited Researchers) қатарына енді. Бұл – әлемдік деңгейдегі өте сирек әрі жоғары көрсеткіш. Сонымен қатар, ол бірнеше халықаралық рейтингтік ғылыми журналдардың редакция алқасының мүшесі, шетелдік ірі конференцияларда пленарлық баяндамалар жасап жүрген білікті маман. Шәкірттің осындай биік деңгейге жетуі – ұстаз үшін үлкен мәртебе. Жастарға артқан үмітім ақталды, бірақ ұстаздың үміті ешқашан тоқтамайды: кешегі шәкірт бүгінгі ұстазға айналса, сол – ең үлкен марапат.
– Математика ғылымының дамуына зор үлес қосқан жанның бірісіз. Ғылым жолында ең қиынға соққан, қажыр-қайратыңызды, уақытыңызды көп жұмсаған қай зерттеу жұмысыңыз болды?
– Математикада оңай жол болмайды. Әрбір нәтиже – айларға, кейде жылдарға созылған ой мен табандылықтың жемісі. Web of Science және Scopus деректер қорына енген журналдарда 100-ден астам мақалам жарияланса да, профессорлар А. Кабада және Р. Ашуровпен бірлесіп жазған «Operator method for construction of solutions of linear fractional differential equations with constant coefficients» атты еңбегімнің орны бөлек. Бұл жұмыс соңғы 40 жылда қарқынды дамып келе жатқан бөлшек ретті дифференциалдық теңдеулер теориясына арналған. Мақаланы алғаш халықаралық беделді басылымға жібергенімізде, бір рецензенттің қарсылығына байланысты бір жарым жылдық талқылаудан кейін жарияланбай қалды. Бұл – кез келген ғалым үшін ауыр соққы. Бірақ біз тоқтамай, жұмысты қайта өңдеп, квартилі саламыздағы ең жоғары Q1 деңгейіндегі «Fractional Calculus and Applied Analysis» журналына ұсындық. Онда да ғылыми пікірталас тағы бір жарым жылға созылды. Осылайша, үш жылдан астам уақыт бойы әрбір формула мен дәлел үшін күресіп, мақаламыз 2016 жылы жарық көрді. Бүгінде бұл еңбектің жоғары сілтемеге ие болып, әлемдік деңгейдегі зерттеулердің негізіне айналуы – сол кездегі төгілген тер мен табандылықтың лайықты өтеуі деп білемін. Бұл тәжірибе маған ғылымдағы басты қасиет – төзімділік екенін тағы бір рет дәлелдеді.
– Небір мықты математиктердің шетелде еңбек етіп жүргенінен хабардармыз. Бұл елімізде математиктерге көрсетілетін қолдаудың аздығын білдіре ме, әлде басқа да себептері бар ма?
– Бұған тек біржақты қарауға болмайды. Ғылым – халықаралық кеңістік. Зерттеуші мықты ғылыми топқа қосылу үшін барады. Бірақ дарындыларды елде ұстап қалу үшін тұрақты грант, лайықты еңбекақы және әділ орта керек. Іргелі математиканың нәтижесі бірден өнімге айналмауы мүмкін, сондықтан ғылыми мектептерді қысқа мерзімді есеппен ғана бағаламай, ұзақ уақытқа қолдау қажет. Шетелде еңбек етіп жүрген ғалымдарды «жоғалттық» демей, олармен байланыс орнатып, бірлескен жобаларға тартуымыз керек.
– Қазақстандағы математика ғылымының деңгейі қандай дәрежеде?
– Еліміздегі математика ғылымының әлемдік ғылыми кеңістікте алатын өзіндік орны бар, мойындалған мектеп. Мысалы, мен 2025 жылы Испанияның Севилья қаласында өткен конференцияда батыс ғалымының біздің әйгілі математигіміз Асқар Жұмаділдаев енгізген «Төртқара» (Tortqara) алгебралық құрылымы туралы баяндама жасағанына куә болдым. Бұл – қазақ математикасының мойындалғанының нышаны. Бізде математикалық анализ, алгебра, дифференциалдық теңдеулер мен есептеу математикасы бағыттарында халықаралық деңгейдегі іргелі мектептер қалыптасқан. Ғалымдарымыз халықаралық деңгейде белсенді.
– Жасанды интеллект (ЖИ) барлық салаға еніп келеді. Ал, математика саласына ЖИ қалай әсер етпек?
– Жасанды интеллект – сиқырлы құрал емес, ол адам ойын жылдамдататын көмекші ғана. Ол есептеулерді еселеп тездетеді, бірақ математиканың негізі – логикалық дәлел мен интуиция. ЖИ ұсынған жауапты тексеріп, оның логикалық тізбегін саралау үшін де білікті маман, терең математикалық білім керек. Болашақта бәсеке есепті кім жылдам шығаратынында емес, жаңа ғылыми мәселені (проблеманы) кім дұрыс қоя алатынында болады. Сондықтан біз студенттерді формула жаттатуға баулымай, ЖИ шығарған нәтиженің қатесін тауып, оны сыни тұрғыдан бағалауды үйретуіміз қажет.
– «Математика – ғылым емес, ақиқатқа жету жолы» деген сөзбен келісесіз бе?
– Бұл сөздің жаны бар. Математика – нақты дәлелге сүйенетін жалғыз сала. Мұнда ақиқат адамның лауазымымен немесе беделімен емес, логиканың бұлжытпастығымен өлшенеді. Математика бізді әр нәрсеге күмәнмен қарауға, артық сөзден арылуға және ойды жүйелеуге үйретеді. Қоғамда да осы нақты дәлелге сүйену мәдениеті қалыптасса, қателіктер мен алыпқашпа сөздер аз болар еді. Математика адамды тек кәсіби маман ғана емес, шындыққа тура қарайтын жауапты азамат етіп тәрбиелейді.
Әңгімелекен Айнұр ОҢҒАРБАЙ


