Әбдез РАХМАНҰЛЫ: Журналистің екі редакторы болу керек

Әбдез РАХМАНҰЛЫ, журналист, Түркістан облысының Құрметті азаматы
– Әбдез Рахманұлы, сіз журналистика саласына ерекше еңбек сіңіріп, бүгінде осы саланың майталманы болған азаматсыз. Жалпы, отандық журналистиканың, соның ішінде Оңтүстіктегі бұқаралық ақпарат құралдарының беталысы қалай?
– Жалпы, басқа өңірлерге қарағанда біздің оңтүстікте бұқаралық ақпарат құралдары көбірек тіркелген. Біздің журналистикада бәсеке бар. Өңіріміздегі бұқаралық ақпарат құралдары оқырманның сұранысына қарай ізденіп, зерттеп, сапалы ақпарат беріп жатады. Дегенмен, менің көңілім толмайтын тұстар да бар. Халық көретін тақырыпты іздеймін деп көбіне зерттемей, білмей жатып бәлеқорлық жасайтын немесе тек арызданған материалды беруге тырысатын журналистер көбейіп барады. Әрине, журналист сол арқылы билік пен бұқараның ортасындағы көпір екенін көрсеткісі келеді. Бірақ, кейде журналистке шеберлік, ақпаратты тереңірек зерттеу жетіспей жатады. Әр журналистің өзінің ішкі редакторы болу керек. Егер бір ақпараттың растығына күмәні болса, оны халыққа ұсынудың қажеті жоқ.
Әр телеарнаның өзіндік бағыты болады. Мен отандық телеарналардан «Атамекен», «Жібек жолы» арналарын көбірек көремін. «Атамекен» бизнесті, экономиканы талдайды. Ондағы журналистер сол саланың білікті журналистері деп айта аламын. Айтқан сөздеріне, берген ақпаратына көңілім толады. Ал, Шымкенттегі журналистикаға келер болсақ, қарашаңырақ атанып кеткен «Оңтүстік» телеарнасында біршама қасаңдық бар. Бұрынғы қалыптасып қалған әдістен шыға алмай, инерциямен келе жатқандай болып көрінеді. Біржақты жамандаудан аулақпын. Олардың жұмысын жоққа шығара алмайсың, жақсы журналистері де бар. Ал, «Отырар» телеарнасы ақпаратты көрерменнің көкейіндегі сұранысына қарай және қызықты етіп беруге тырысады. Жақында ғана «Уақыт» телеарнасы да қатарға қосылып жатыр. Жаңа ұжымның ұмтылысы, жақсы дүниені жасаймын деген беталысы ұнап жүр. Алайда, «Уақыт»-қа баға беретін уақыт алда.
– Рухани астана ретінде Түркістандағы журналистика қандай болу керек? Қалай ойлайсыз?
– Мен «Хабар» агенттігінде жиырма жыл істедім. Сол уақыттың көбісінде жаңалықтарда жүрдім. Сондықтан да болар, жаңалық қандай болу керек, оны халыққа қалай беру керек, осы мәселелер туралы көбірек ойланамын. Басқа телеарналарды көріп отырғанда да осыған мән беремін. Маған «Түркістан» телеарнасының жаңашылдығы ұнайды. Ұжымнан ұмтылысты көремін. Әсіресе, ауылға барып, табаға нан пісіріп, қазақтың қарабайыр тіршілігін көрсетіп жүрген шоулары көрерменге жақсы әсер береді. Жалпы, рухани астанамыз Түркістандағы журналистика саласына көңілім толады. Әрине, әрдайым алға ұмтылу, іздену, даму керек. Себебі, журналистика ізденісті талап ететін сала.
– Ілкімді істерімен, жүйелі жұмыстарымен көзге түсіп жүргендер бар ма? Жалпы, өзіміздің өңірде жанкешті журналистерді көріп жүрсіз бе?
– Жанкешті журналист сөзінің мағынасы терең. Жанкешті журналист атану үшін сол салаға әбден еңбек сіңіру керексің. Халыққа ақпаратты ұсынарда барыңды салып, дұрыс хабар беруге тиіссің. Жалпы, жақсы, мықты журналистер жоқ емес, бар. Әлі де толыға түседі деп сенемін.
– Тәуелсіздік жылдарында жүзеге асқан отандық журналистикадағы ең үздік жоба деп қай жобаларды атар едіңіз?
– Мен «Хабар» агенттігіне дейін «Гала тв» студиясында жұмыс істедім. 1995 жылдар еді. Сол жерде «НЭТ» деген бағдарлама болды. «20-30» бағдарламасы қабылданғаннан кейін де, «НЭТ»-тің жалғасы жүріп, жұмысымыз қыза түсті. Мен әдебиетке, өнерге қарағанда экономикаға жақынмын. Сондықтан бұл бағдарлама менің бағытыма, қызығушылығыма сәйкес келетін. Елдегі экономикалық бағыт қандай болу керек, ол ертең не береді, мұнайды кімге сатып жатырмыз деген сауалдар аясында жалаң аяқ, жалаң бас жүріп материал әзірлейтінбіз. Бұл бағытта менің арнайы білімім болған жоқ. Алайда, экономистермен, ғалымдармен, мұнайшылармен сөйлесе жүріп өзіміздің білімімізді де көтердік. Маған сол уақыттар, сол кезде жүзеге асқан жұмыстар әлі күнге дейін қымбат. Сағынып еске аламын. Бастысы, сол салада біліміміз жоқ болса да, білуге деген ұмтылысымыз бар еді. Әйтеуір, жақсы дүние шығарғымыз келіп тұратын.
– Иә, сол кездегі ұмтылысыңыздан сіздің патриот болғаныңызды аңғарып отырмыз. Қалай ойлайсыз, қазіргі журналистер қаншалықты мемлекетшіл? Олардың бойында ұлттық сүзгі бар ма?
– Журналистің жұмысы мемлекеттік арнада ма, жекеменшік арнада ма маңызды емес. Оның мемлекетшілдігі азаматтығына, адамдығына байланысты. Алғашқы сұрағыңызда «журналистің ішкі редакторы болу керек» дедім. Мәселен, менің екі редакторым бар. Оның біреуі жүрегімде. Ақпаратты әбден сүзгіден өткіземін. Жүрегімдегі редакторым сол ақпараттың растығына күдікпен қараса, мен оны халыққа ұсынбаймын. Сосын тәжірибелі редакторым да қарайды. Сол екеуі әрдайым қатар жүреді. Қазір газетте де, телеарналарда да ақпаратты тезірек беру керек деген үрдіс қалыптасып кетті. Жаңалықтың сапасына емес, бәрінен алғашқы болып бергені маңызды деп түсінеді. Бұл да заманның талабы шығар.
Өкінішке қарай, қазіргі журналистердің көбісінің бір редакторы сәл нашарлау жұмыс істейді. Ал, екінші редакторына тәжірибе керек. Тәжірибелі редактор журналисті жақсылап қадағалайтын болса, ол өзінің жауапкершілігін сезінеді.
Екі редакторы барлар нағыз мемлекетшіл журналист болады. Мен білетін өзіміздің өңірдегі Ғани Қалмақанов мемлекетшіл журналистердің бірі. Сосын, журналистикаға жақын жүрген «Түркістан» телеарнасындағы Ақмарал Молдиярқызы да жаңашылдығымен, креативтілігімен ерекшеленіп жүр. Жалпы, заманың қанша түлкі болғанымен, жүрегіңнің түкпірінде мемлекетшілдік болу керек.
– Жасыратыны жоқ, әлеуметтік желіде «блогерлер» көбейіп барады. Тіпті, кейде халық блогер мен журналистің ара жігін ажырата алмай қалып жүр. Бұл туралы не дейсіз?
– Блогердің өзінің жеке блогы болады. Мәселен, көлік жөндейтін адам күнделікті өзінің жұмысын таспаға түсіріп, қай жер бұзылғанда қалай жөндеу керек екенін көрсетеді. Осыған қызығатын, көлікке қатысты ақпарат алғысы келетіндер сол кісіге тіркеледі. Міне, бұл блогердің жұмысы. Ал, кез келген көшеге барып, «қоқыс жиналмапты», «мектептің сылағы түсіп қалыпты» деп суретке түсіріп, әлеуметтік желіге жүктей салатындар блогер емес.
Оңтүстік Қазақстан көшпенділер мен отырықшы түркілердің түйісетін шекарасы болған. Осы жерде қалалар пайда болды, сауда-саттық дамыды. Сол кездегі оңтүстікті мекендеген түркілердің қайсысы қай тайпаға жататындығын ажырату қиын. Тағы бір мысал, қазақ «қарбыз» дейді, өзбек «тарвуз», ал Шымкент «дарбыз» дейді. Журналист пен блогердің арасы да осындай боп барады.
Ақпаратты парақшаларында дер кезінде жариялап, өзіндік ойымен, пікірімен бөлісетіндерді ғылыми түрде немесе сала бойынша теңеу тауып, атай алмаймын. Алайда, блогер дегенге келіспеймін. Дұрысы, әлеуеметтік желі бесенділері.
– Облыстағы журналистикаға деген ойыңызды білдік. Енді сіздің туған жеріңізге қарай ойыссақ. Қазығұрт ауданындағы журналистиканың беталысы, дамуы қалай?
– Біздің жас кезімізде ауданда «Ленин өсиеті» деген газет шығатын. Сол газетке ауылдағы судың жоқтығы, көшелердің жылдап жөнделмей жатқандығы туралы өлеңім жарияланған. Сол аудандық газетке шыққан өлеңдерім мен мақалаларым журналист болуыма сеп болды. Туған жердің жағдайын айтып жүріп, журналист боп кеттік.
Қазір ауданда «Қазығұрт тынысы» дейтін газет бар. Алайда, бұл газет тұрақты түрде шықпайды-ау, шамасы. Бұрын аудан әкімдігі бұқаралық ақпарат құраладарына қаржы бөліп, біршама қолдау көрсететін. Қазір жүйе басқаша. Оның үстіне, әлеуметтік желі дамып жатқан заманда қағазға басылып шығатын газеттің, журналдың таралымы қиындап жатқан кезеңде әр ауданның өзінің бір газеті болу керек деп айта алмаймын. Бұл газет-журнал керек емес деген сөз емес. Тек қаржылық тұрғыдан қаншалықты тиімді екенін ескеру керек. Егер мықты кәсіпорындар болып, олар өзін газет арқылы жарнамалап әрі газеттің ары қарай шығып тұруына себепкер болса жақсы. Ал, «малым жоғалып кетті», «бидайымды сатамын» деген сынды жарнамалармен газетті өміршең ету қиындау болады.
Қазығұрттан мықты журналистер шыққан. Соның бірі – өзім бірге оқыған, бір бөлмеде жатқан, баяғының тілімен айтқанда «бір совхоздан шыққан» жерлесім Жарылқап Қалыбай. «Аңыз адам» мен «Жұлдыздар отбасы» журналдарын білмейтіндер кемде-кем. Жарылқап жерлесімнің бастамасымен, басшылығымен шыққан екі журналдың таралымына елдегі ешқандай журнал әлі тең келе қоймады-ау. Үздік, мықты жоба болды. Өзіміздің Жаңабазардан шыққан жерлесім, осы екі журналдың құрылтайшысы Жарылқап Қалыбайды мақтан тұтамын.
– Біраз жылдардан бері осы саланың қазанында қайнап келе жатқан азамат ретінде жас журналистерге қандай кеңес бересіз?
– Заманың түлкі болса, тазы боп шал дейміз ғой. Алайда, заманға сай боламын деп, оқырман тарту үшін кез келген ақпаратты жариялай беруге болмайды. Журналистің сөзінде салмақ болу керек. Сондықтан, хабарды тез беремін деп сапасыз, асығыс беріп қоюдан сақтану қажет. Оқырманның саны үшін «хайп» қуып, әбес дүниелерді жариялаудан аулақ болған абзал.
Әлі де айтамын, жас журналистің екі редакторы болу керек. Сырттағы редакторы тәжірибелі болып, қатесін ашық айтатын болса, журналист те қайталамауға тырысар еді. Сондықтан, көп нәрсе редакторға байланысты. Қазір біреулер «жұмысты жасады», «тауардың құны» деп жүр. Біріншіден, жұмысты жасамайды, істейді. Екіншіден, тауардың құны мен бағасының арасы жер мен көктей. «Тауардың бағасы» деп сөйлегеніміз дұрыс. Мұны сауатсыздық дейміз бе, әлде, сөздің мәніне терең үңілмеу дейміз бе, түсінбеймін. Соңғы кездері осындай олқылықтарға қарным ашып жүр.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Аида ӨТЕП


