Үтік пен шанышқыны қыздырып басқан: Шымкентте балаларына қатыгездік көрсеткен ана жазаланды

Oinet.kz 20-05-2026

Шымкентте өз балаларына қатыгездік көрсеткен әйелге қатысты сот үкімі шықты. Істің мән-жайын қала сотының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп жазады Оinet.kz.

image.png

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Қазақстан азаматы Э.-ге қатысты іс қаралды. Оған аса қатыгездікпен және қорлау сипатындағы әрекеттер арқылы балаларға физикалық әрі психологиялық зардап келтірді деген айып тағылған.

Сот материалдарына сәйкес, әйел 2017 жылы туған ұлының темекі шегіп тұрғанын байқап, оны ұрып-соққан. Бұдан кейін шанышқыны қыздырып, баланың аузын күйдіргені анықталған.

Сондай-ақ келесі күні баласы кешірім сұрағанына қарамастан, оған қайтадан қол көтеріп, түрлі дене жарақатын салған. Бірнеше күннен кейін әйел ұлы мен 2015 жылы туған қызын 10 мың теңге ұрлады деп айыптап, қызған үтікпен ұлының бетін, қызының іш тұсын күйдірген. Одан бөлек, балалардың шашын тақырлап алып, психологиялық қысым көрсеткен.

Іс құжаттарында бұдан кейін Э.-нің балаларын өзенге апарып, мұздай суға секіруге мәжбүрлегені және оларды тұншықтырмақ болғаны да көрсетілген.

Сот барысында айыпталушының кінәсі оның өз жауабы, кәмелетке толмаған жәбірленушілердің айғақтары, оқиға орнын тексеру хаттамалары мен сараптама қорытындылары арқылы дәлелденгені айтылды.

Мемлекеттік айыптаушы соттан Э.-ге 4 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған. Жәбірленушілердің өкілі сотталушыны кешіргенін мәлімдесе, Э. өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін айтып, өзін бостандықтан айырмауды өтінген.

Сот оның кінәсін мойындауы мен шынайы өкінуін жеңілдететін жағдай ретінде бағалады. Ауырлататын мән-жайлар анықталмаған. Сонымен қатар сотталушының ата-ана құқығы қазіргі таңда шектелгені ескерілген.

Нәтижесінде сот Э.-ні Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі 1 және 2-тармақтары бойынша кінәлі деп танып, Қылмыстық кодекстің 55-бабы 8-бөлігіне сәйкес 5 жыл 3 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, осы жылдың қаңтар айында әлеуметтік желілерде денелері көгеріп, күйік шалған балалардың видеосы тараған еді. Оқиға балалардың мектепке бармай қоюынан кейін белгілі болған. Педагогтер отбасының үйіне барып, балалардың ауыр жағдайын көрген соң полицияға хабар берген. Кейін 29 жастағы әйел ұсталып, сот шешімімен оның ата-ана құқығы шектелген болатын.

Парламент Президент туралы заңды қабылдады
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу