Алматыдағы жол апаты: Алғашқы сот отырысының күні белгіленді
Алматы қаласындағы Әл-Фараби даңғылында үш адамның қазасына себеп болған резонанстық жол апатына қатысты қылмыстық іс бойынша алғашқы сот отырысының уақыты анықталды.

Жәбірленушілердің адвокаты Олег Черновтың айтуынша, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары толық аяқталған. Алдын ала сот отырысы 28 мамыр күні сағат 15:00-де өтеді. Іс Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралмақ.
Айта кетейік, қайғылы жол апаты 2026 жылғы 21 наурызға қараған түні тіркелген. Тергеу нұсқасына сәйкес, Zeekr автокөлігінің жүргізушісі қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, Mercedes көлігімен бетпе-бет соқтығысқан. Соның салдарынан Mercedes жүргізушісі мен көліктегі екі жолаушы оқиға орнында мерт болды.
Ал Zeekr жүргізушісі түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген. Кейін оның жеңіл деңгейде масаң күйде болғаны белгілі болып, уақытша тергеу изоляторына қамалған.


