Жетісай: Ауылдық округтерде жүзеге асырылған жобалар көп

Жетісай ауданында ауылдық округтердің дамуына жақсы көңіл бөлінуде. Оны бірқатар ауылдық округтерде жүзеге асырылған жобалар мен атқарылған жұмыс барысынан байқау қиын емес. Соның бірі Ш.Ділдәбеков ауылдық округі. Биыл округтегі Алпамыс, Күрішті, Жамбыл, Байдала ауылдарындағы жаңадан түскен көшелерге электр желілерін тарту жұмыстарына 15,4 миллион теңге, 13 елді мекеннің таза ауыз су жүйелерін ағымдағы жөндеуден өткізуге 70 миллион теңге, Алпамыс, Достық, Сайлау ауылдарының таза ауыз су жүйелерін қайта құру үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге 23,8 миллион теңге бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Одан бөлек, Бірлік ауылындағы мәдениет үйін күрделі жөндеу бойынша жобалық-сметалық құжаттамаларына түзету жұмыстарына 6,6 миллион теңге, Жаңа дала ауылынан ойын алаңшасын салу жұмыстарына 10,5 миллион теңге қаралса, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Байдала елді мекеніндегі Есімов, Ақиқат көшелері, Кемер елді мекеніндегі Азаттық, Табыс, Бағбан көшелеріне 119,6 миллион теңгеге бөлініп, орта жөндеуден өткен. Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытовтың айтуынша, бір ауылдық округке осыншама бюджет қаржысы бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылып, ауыл тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық дамуына оң серпін беруде.
Мұндай жұмыс қарқынын Ынтымақ ауылдық округінен де байқауға болады. Атап айтсақ, есептік мерзімде бұл округте негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 1 миллиард 130 мың теңгені құрап, халыққа қызмет көрсету саласында тіркелген 40 нысанда 87 адам жұмыспен қамтылған. 30 миллион 711 мың теңгенің салығы жиналып, жыл басынан бері бюджеттен бөлінген 92 миллион 746 мың теңгенің 78 миллион 920 теңгесі заңға сәйкес игерілген. Сонымен қатар, округтегі 952 шаруа қожалығы 6752,1 суармалы жерге мақта, бақша, мал азықтық , көкөніс, жүгері, күріш және картоп дақылдарын орналастырған. Мүйізді ірі қара 5199 басты, ұсақ мал 9959 басты және жылқы 907 басты құраған.
Қарақайда ауылдық округінде де осындай жағдай. Биыл мұндағы Кетебай елді мекенінен спорт алаңшасын салуға 14 миллион теңге қаралып, қазіргі таңда тиісті құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек, 2024-2025 жылдары жергілікті бюджеттен бөлінген 126 миллион теңгеге Сәтпаев елді мекеніндегі Жеңіс, Отан, Құрманғазы, Абай, Белгібаев көшелеріне және облыстық бюджеттен бөлінген 150 миллион теңгеге Алатау, Бірлік, Т.Рысқұлов, Төреқұлов, Наурыз көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілсе, жергілікті қазынадан қаралған 17 миллион 953 мың теңгеге Кетебай елді мекеніндегі Ә.Молдағұлова көшесіне аяқжол салынған.
Сонымен қатар, аталмыш елді мекендегі аллеяны қоршауға 1,3 миллион теңге қаралып, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатқан болса, Қарақай елді мекенінің таза ауыз су жүйелерін қайта құру жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге аудан бюджетінен 1 миллион теңге қаралған. Елді мекен тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында ауыз су ұңғымасына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін облыстық бюджеттен тиісті қаржылар қаралып, жұмыстар ағымдағы жылдың қазан айында басталуы жоспарланған. Округ дихандарына ағын су жеткізіп беруді жеңілдету мақсатында К-МО-1, К-МО-1-1, К-МО-1-1-1, К-23, К-23-5 ағын су каналдары механикалық тазалаудан өткізілген.
Ауылдық округтерде атқарылып жатқан жұмыс көп. Бұл жұмыстар өзге де ауылдық округтерде жалғасуда. Біздің назарымыздан бірде-бір елді мекен тыс қалмайды. Барлық елдімекенге тиісті деңгейде көңіл бөлініп, жолдар жөнделіп, көшелер жарықпен қамтылып, әлеуметтік нысандар салынып, ауылдарға таза ауыз су, көгілдір отын жеткізіледі. Президент Жолдауында тапсырылған барлық жұмыс ауданның бас жоспарына сәйкес атқарылады, дейді аудан әкімі Серік Мамытов.


