Қазығұрт: Жылыжайлар нарықты отандық өніммен қамтуда

Oinet.kz 13-10-2025 7

Screenshot_22.jpg

Қазығұрт ауданында соңғы жылдары жылыжай шаруашылығы қалыпты дамып, өндіріс орындарының саны жыл санап артып келеді. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қатты ден қойып, қауырт қолға алып жатқан тың сала ішкі нарықты жергілікті көкөніс өнім­дерімен қамтамасыз етуде және импорт­тық өнімдердің үлесін азайтуда ма­ңызды рөл атқарады. Өңір нарқын тұрақтандыруға үлес қосып отырған бірден-бір агроқұрылым Тұрбат ауылдық округіне қарасты «Сайдусман ата» шаруа қожалығы.

Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаиловтың айтуынша, «Сайдусман ата» шаруа қожалығы өңірдегі көкөніс өндіру ісін жолға қойған іргелі агроқұрылымдардың бірі болып табылады. Мұнда заманауи технологиялар арқылы көкөністермен қатар, көкөніс көшеттері де өсіріледі. Қожалықтың жалпы жылыжай көлемі 4 гектарды құрайды. Жылыжайдың бір гектары көшет өндіруге, үш гектары көкөніс өсіруге арналған.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында: «Ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу және өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамыту сияқты біз үшін болашағы зор бағыттарға басымдық берген абзал», деп атап өткеніндей, ауданда жылыжайларды көптеп салуға көңіл бөлініп келеді. Осының арқасында өнім көлемі де артуда. Мәселен, біз барып, жұмысымен танысқан «Сайдусман ата» шаруа қожалығындағы жылыжайда өндірілген өнімдер тек Қазығұрт ауданы көлемінде ғана емес, бүкіл ел аумағына өткізілуде. Бұл – шаруашылықтың нарықтағы тұрақты орны бар екенін көрсетеді. Шаруашылықта 32 тұрақты жұмысшы және маусымдық кезеңде қосымша 80 адам жұмыс істейді. Орташа айлық жалақы 100 мың теңге көлемінде белгіленген. Бүгінгі таңда шаруашылық ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып отыр, – дейді аудан басшысы.

Жылыжайда жылына екі айналымда шамамен 600 тонна көкөніс өндіріледі. Оның 360 тоннасы қызанақ, 240 тоннасы қияр. Сонымен қатар, әр маусымда 5 миллионға дейін әртүрлі көкөніс көшеттері өсіріліп, тұтынушыларға жеткізіледі. Өндірістік процессте жаңа үлгідегі жылыжай технологиялары қолданылып, сапалы өнім алуға жағдай жасалған. Сондай-ақ қожалық өз технологиясында инновациялық әдістерді қолданып, еңбек өнімділігін арттыруды және нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуді бағыт етіп алған.

Ауданда бұдан бөлек жұмысы әртараптандырылған, бірақ жылыжай кешенін қатар алып жүрген шаруа қожалықтар баршылық. Ол осы Тұрбат ауылдық округінде орналасқан «Пасека Бал» шаруа қожалығы. Мұндағы жылыжайда гүл мен көкөніс өсіріледі. «Бұл агроқұрылым да алдыңғы шаруашылық сияқты ауыл шаруашылығы саласында өнімділігі жоғары жылыжай шаруашылығын дамытып отырған іргелі кәсіпорындардың бірі. Мұнда көкөніс өсірумен қатар, гүл шаруашылығына да басымдық беріліп, нарықта үлкен сұранысқа ие өнімдер өндіріледі», – дейді Азизхан Исмаилов.

Бұл жылыжайдың жалпы көлемі екі гектар. Мұндағы 0,65 соттыққа қияр, 1,35 гектарға гүлдің бірнеше түрлері орналастырылған. Мұнда жылына 502 мың түп раушан гүлі, 60 тонна қияр өндіріледі. Қожалықтың иелігінде 18 гектар егістік алқап бар, оның екі гектары суармалы алқап.

Шаруа қожалық өкілдерінің айтуынша, шаруашылықта 20 тұрақты жұмысшы бар екен. Ал маусым кезінде қосымша 30-ға тарта маусымдық жұмысшы тартылады. Жұмысшылардың орташа айлық жалақысы 150–200 мың теңгені құрайды. Бұл ауыл тұрғындары үшін маңызды табыс көзі болып отыр.

Жетісай: Ауылдық округтерде жүзеге асырылған жобалар көп
Қазығұрт: Агроөнеркәсіп кешендері әртараптандырылуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу