Қазығұрт: Агроөнеркәсіп кешендері әртараптандырылуда

Oinet.kz 13-10-2025 8

Screenshot_23.jpg

Қазығұрт ауданының агроқұрылымдары өнімділікті арттыру бағытында түрлі технологияларды шаруашылыққа енгізіп, мол өнім жинауда. Сол қожалықтың қатарында Қызылқия ауылы округіндегі «Юг Агро-777» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де бар.

Аудан әкімі Азизхан Исмаиловтың айтуынша, шаруашылық бүгінде заманауи тәсілдерді пайдалана отырып, ауыл шаруашылығы саласында қарқынды еңбек етуде. Әсіресе, су ресурстарын тиімді пайдалануға бағытталған су үнемдеу технологияларын енгізу арқылы өнімділікті арттыруға ерекше көңіл бөлген. «Биыл «Юг Агро-777» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 18 гектар алқапқа қырыққабат, 3,5 гектар алқапқа қызылша, 3,5 гектар алқапқа болгар бұрышы орналастырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде. Жалпы шаруашылықтың 40 гектар суармалы, 15 гектар жайылымдық алқабы бар. Бұл жерлерде агротехникалық талаптарға сай жұмыстар жүргізіліп, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға да ықпал етіп отыр», дейді аудан басшысы.

Сонымен қатар бүгінгі күні ауданда бау-бақша өнімін жинау жұмыстары аяқталып қалды. Бірақ шаруалар биыл өздерінің шетелдік әріптестерімен бірлесе жүзеге асырған тәлімбақтардан мол өнім жинады. Мәселен, Қазығұрт ауданының бағбандары Италияның алма сорттарын жерсіндіріп, одан мол өнім жинап отыр. Атап айтсақ, Шарбұлақ ауылындағы алма бағы 120 гектар алқапқа бау-бақша салған. Мұндағы өндірістік кооператив жұмысшылары жаппай жабу арқылы жемісін жинап үлгерді. Кооперативте тұрақты 30 адам еңбек етеді. Жиын-терін кезінде шаруаға 150-ге дейін маусымдық жұмысшыны жұмылдырады.

Шаруашылық бағбаны Нұржан Омаровтың айтуынша, бір түп жеміс ағашы 60-70 килограмға дейін өнім береді екен. «Бақта алманың ондаған сорты бар. Соның ішінде «Полукарлик» дегенінің өнімділігі өте жоғары. Өзбекстанға қарағанда түріктердің сорттары екі есе қымбат жүреді екен. Соны да есепке алып, түріктердің жаңа сорттарын алып келгенбіз. Бүгінге дейін өңірде 14 мың гектар алмадан 71 мың тонна өнім жиналды» дейді бағбан.

– Біздің бақтар – қарқынды бақ деп аталады. Жаңа технология Еуропадағы көп қолданылған бақтар. Тамшылатып суару жүйесі бар. Тұтынушыларымыз Қарағанды, Астана, Атырау, Шымкент қалалары. Кейде Ресей Федерациясына да экспорт жасаймыз. Шілде айында басталған терім қазан айының ортасына дейін жалғасты. Ал Келес ауданында кәсіпкер түріктің шабдалысының элиталық сортын жерсіндірді. Бағбанның айтуынша, көшеттердің тамыры мықты. Кемі 15 жыл, әр гектарынан 50 тоннаға дейін өнім береді», – дейді қожалықтың бас агрономы Жарылқасын Айтуғанов.

Мамандардың айтуынша, көшеттер әбден сұрыптаудан өткен, тамшылатып суару әдісімен өсірген. Олар ыстыққа төзімді, оңтүстіктің ауа райына қолайлы келеді. Өнімділігі гектарына 35-40 тоннадан айналуда. Еуропалық талаптарға сай жетілдірілген. Қазір піскен жеміске сұраныс көп.

Сондай-ақ мұндай шаруамен ауданда «Бірлік және Береке-Агро» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі де айналысады. Шарбұлақ ауылдық округіндегі кооператив иелігіндегі 150 гектар суармалы жердің 120 гектары бау-бақша алқабына пайдаланылып, онда алманың әлемге танымал сұрыптары өсірілуде. Атап айтқанда, «Голден Делишес», «Ред Делишес», «Гала», «Фуджи», «Грени Смит» сынды алмалар мол өнім беруде.

Шаруашылық өкілдерінің айтуынша, кооперативте 30 адам еңбек етеді. Жиын-терін кезінде жұмысшы санын 200-ге дейін арттырып, маусымдық жұмысшы көмегіне жүгінеді. Сонымен қатар, шаруашылықтың заманауи техникамен қамтылуы еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіндік беруде. Қазіргі уақытта кооператив меншігінде 6 трактор, 10 ауыл шаруашылығы тіркемесі, 6 бүркігіш агрегат, 2 шөп оратын агрегат, барлығы 24 түрлі ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтары бар.

Аудан әкімі Азизхан Исмаилов бұл жоғарыда аталған агроқұрылымдардың бау-бақша алқаптарын аралап, өнім сапасымен танысты. Ол агроөнеркәсіптік кешенді дамытуда жаңа технологияларды енгізу мен жергілікті еңбек ресурстарын тиімді пайдаланудың маңыздылығына тоқталып, кооператив ұжымына табысты еңбек тіледі.

Қазығұрт: Жылыжайлар нарықты отандық өніммен қамтуда
Қазығұрт: Ауданның даму жолында игі жобалар жүзеге асуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу