«Turan» - Түркістан өңірінің экономикалық дамуының драйверіне айналады

Oinet.kz 15-10-2025 10

2024_12_13_468591741_894727729512796_5488693017037512700_n.jpg

Түркістан қаласындағы арнайы экономикалық аймақта қазіргі таңда 9 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның нәтижесінде 2956 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Сонымен қатар, индустриалды аймақта 23 жоба іске қосылып, 961 адам жұмыспен қамтылған. Жоспарланған жобалар аясында шетелдік және отандық инвесторлардың қатысуымен ірі кәсіпорындар құрылуда.

Осы жылдың сегіз айында шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 22010-ға жетіп, онда 34500 адам жұмыспен қамтылған. Қала экономикасында шағын және орта бизнестің үлесі жалпы өңірлік өнімнің 65–68 пайызын құрайды. Бизнесті қолдау шеңберінде 30 жобаға 4,2 миллиард теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілген.

Тағы бір атап өтерлігі, бүгінгі күні Түркістан облысындағы арнайы экономикалық аймақтарды сапалы инфрақұрылыммен қамту жұмыстары жалғасуда. Мәселен, Түркістан облысындағы «Turan» арнайы экономикалық аймағының аумағы 4414,39 гектарды құрайды. Арнайы экономикалық аймақ 9 қосалқы аймақтан тұрады. Бүгінгі таңда «Turan» арнайы экономикалық аймағы аумағында жалпы құны 1 триллион 061,16 миллиард теңгені құрайтын 189 жоба тіркелген. Осы жобаларды жүзеге асыру аясында 12713 жаңа жұмыс орнын құру көзделген. Бүгінгі күні 40 жоба іске асырылып, 255,9 миллиард теңге игерілген. Ашылған жұмыс орны 1353.  

Жуырда Түркістан облысы әкімінің орынбасары Талғат Қозбековтің төрағалығымен «Turan» арнайы экономикалық аймағындағы өзекті мәселелерді талқылауға арналған мәжіліс өткізді. Күн тәртібінде арнайы экономикалық аймақтағы инфрақұрылымның жай-күйі, инженерлік-коммуникациялық жүйелермен қамту, жер телімдерін рәсімдеу, жұмыс қарқынына қатысты кезек күттірмейтін мәселелер ортаға салынып, шешу жолдары қаралды.

Облыс әкімінің орынбасары жауапты тұлғаларға «Turan» арнайы экономикалық аймағының инженерлік инфрақұрылымын дамыту бойынша жұмыстарды сапалы әрі уақытында атқаруды, инвестициялық жобалардың іске асуын тұрақты бақылауға алуды тапсырды. Бюрократиялық кедергілерді азайтып, рұқсат құжаттарын жедел рәсімдеу жолдарын қарастыруды жүктеді. Арнаулы экономикалық аймағы аумағында жұмыс істеп жатқан және жоспарланған жобалар бойынша ай сайынғы мониторинг жүргізуді міндеттеді.  

Мәжілісте облыстық өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Шонбасов арнайы аймақтардың жай-күйін баяндап, өзекті мәселелерге тоқталды. Шешу жолдары қаралып, ұсыныстар айтылды.

Жиын соңында Талғат Қозбеков бұл аймақтар Түркістан өңірінің экономикалық дамуының драйверіне айналуы тиіс екенін атап өтті. Әрбір жауапты мекемеден өз міндетін сапалы әрі уақытылы атқаруын талап етіп, жұмыс барысы тікелей облыс әкімінің бақылауында екенін айтты.

Түркістан қаласы: Әр үй жылы, әр мекеме қауіпсіз болуы тиіс
Жәрмеңке еңбекке қабілетті жастардың жұмысқа орналасуына жол ашты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу