Жәрмеңке еңбекке қабілетті жастардың жұмысқа орналасуына жол ашты

Oinet.kz 15-10-2025 13

00007.00_08_32_33.Still013.jpg

Президентіміз халқына арнаған өткен Жол­дауында: «Жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемле­кетіміздің басты міндетінің бірі. Еңбекпен қамтитын түрлі шара ар­қылы келесі жылы 100 мың жасты жұмысқа орналастыруымыз керек. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсету жалғасады. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Бұл шаралар қоғамның барынша үйлесімді әрі әділетті болуына ықпал етеді» деген болатын. Президент тапсырмасына сәйкес, жастар мен жұмыссыз азаматтарды жұ­мыспен қамту, олардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау бағытында Түркістан облысында да түрлі шаралар жүзеге асырылуда. Соның бірі бос жұмыс орындары жәрмеңкесі.

Жастар мен жұмыссыз азаматтарды жұмысқа тарту мақсатында ұйымдастырылған жәрмеңкелер облыстың бірнеше ауданында ұйымдастырылды. Ал Түлкібас ауданындағы бос жұмыс орындары жәрмеңкесі аудандық Мәдениет үйінде «Мансап орталығының» ұйымдастыруымен жұмыссыз азаматтарды қолдау мақсатында өткізілген болатын.  

Аудан әкімі Асқар Естібаевтың айтуынша, жастар мен жұмыссыз азаматтарды және дипломы бар мамандарды жұмыспен қамту және жұмысқа орналастыру – ел сая­сатындағы ең өзекті және басым мәселе. «Өздеріңіз көріп отырғандай бос жұмыс орындары жәрмеңкесі жастарға тек мамандықтары бойынша ақпарат беріп қана қоймай, елімізде қандай компания­лар, кәсіпорындар бар, олар қандай бағытта жұмыс атқарып жатыр, нарық­тағы орны қандай, қандай мүмкіндіктерге ие деген секілді көптеген ақпарат та берілді. Сонымен қатар жәрмеңкеге, өңірімізде жұмыс істеп жатқан компания өкілдері де өз­деріне қа­жетті мамандардың мүмкіндігі мен сұранысын, қызығушылығын білуге, басқа да бәсекелес кәсіпорындардың тәжіри­бесінен үйренуге мүмкіндік ала­ды. Жәр­меңкеге жұмыс іздеп келген жастар да, жұмыс берушілер де еркін пікір алысқан алаң болды бұл олар үшін», дейді аудан әкімі. 

Негізінен жәрмеңке экономикамызға қажетті жұмыс күші ресурсы жұмысшы мамандықтарын жұмысқа тартып, өңірде жұмыссыздықты азайту, тұрғындарды еңбекке тарту және жастарды қолдау бағытында маңызды рөл атқарды. Сонымен қатар, жәрмеңкеде аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес жұмыссыз жүрген жастарымызды жұмысқа орналастыруға басымдық берілді. Түрлі саладағы мекемелер мен кәсіпорындар жастарға ашық вакансиялар туралы ақпарат ұсынды. Сондай-ақ, жәрмеңкеде Мемлекеттен түрлі қолдаулар мен қайтарымсыз грант алып, өз ісін дөңгелетіп отырған азаматтар өз өнімдерінің көрмесін ұсынып, көтерме бағада саудалады.

Жалпы жәрмеңкеде 25 жұмыс беруші мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындар 100-ден астам бос жұмыс орындарын ұсынған болатын. Атап өтерлігі бүгінгі күні Түлкібас ауданында 30 мыңнан астам жас болса, соның ішінде 900-ге жуығы жұмыссыз ретінде тіркелген. Олардың басым бөлігі осы жәрмеңкеге қатысып, жұмыс тапты.

Дәл осындай бос жұмыс орындары жәрмеңкесі облыстың Созақ ауданында да ұйымдастырылған болатын. Аудан орталығы Шолаққорған ауылында ұйымдастырылған бос жұмыс орындары жәрмеңкесін аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов ашып, жәрмеңкенің негізгі мақсаты – жастар мен жұмыссыз азаматтарға тұрақты жұмыс ұсыну және жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер арасында тікелей байланыс орнату екенін атап өтті.

Жәрмеңкеге 16 жұмыс беруші мекеме қатысып, 136 бос жұмыс орнын ұсынды. Олардың қатарында білім және денсаулық сақтау салаларының ұйымдары, сондай-ақ «Қазатомпром» Ұлттық атом компаниясына қарасты «KAP Logistics» ЖШС филиалы, «Волковгеология» АҚ ГБЭ-5, «Казатомпром-SaUran» ЖШС және өзге де кәсіпорындар бар. Атап өтерлігі  жәрмеңкеге пробация есебінде тұрған, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған, алимент бойынша берешегі бар және мүмкіндігі шектеулі азаматтар да қатысты. Нәтижесінде 86 азамат тұрақты жұмысқа орналастырылды, оның ішінде 6 мүгедектігі бар азамат еңбекке тартылды. Сонымен қатар, шара барысында мемлекеттік грант арқылы өз кәсібін ашқан тұрғындар өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынды.

«Turan» - Түркістан өңірінің экономикалық дамуының драйверіне айналады
Түркістанды тоқыма кластерінің орталығына айналдыру жоспарлануда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу