Түркістанды тоқыма кластерінің орталығына айналдыру жоспарлануда
Түркістан облысында мақта-тоқыма кластерін дамытуға баса көңіл бөлінуде. Өйткені Түркістан – еліміздегі серпінді дамып келе жатқан өңірлердің бірі. Әрі географиялық тұрғыдан тиімді орналасуы облыстың стратегиялық маңызын арттыра түседі. Сондай-ақ өңір арқылы өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі әлемдік нарықтарға тікелей шығу мүмкіндік береді. Сондықтан аймақта интеграцияланған экожүйелік өндірістік парк құру көзделуде.
Бүгінгі таңда облыста мақта жинау науханы аяқталып келеді. Биыл шамамен 470 мың тонна шитті мақта жиналады деп жоспарлануда. Оны өңдейтін облыста 25 мақта зауыты, 175 мақта қабылдау бекеті жұмыс істеуде. Мақта – өңір өндірісінің басты дақылы. Тоқыма өнеркәсібінің негізгі шикізаты ғана емес, мыңдаған отбасылардың тұрмысын түзеп, ауылдың әлеуетін көтеріп отырған берекелі өнім. Оны шикізат күйінде ғана өткеріп қоймай, өңдеу жолдары да қаралуда. Өңдеу өнеркәсібінде жұмыс істеп жатқан ұсақ зауыттар бар. Бірақ жиналған өнім үшін аз. Сондықтан алдымызда Президент қойған шикізат өндіруден терең қайта өңдеуге көшу тапсырмасы тұр. Осы мақсатта облысты мақтаны тек шикізат күйінде ғана емес, дайын өнімге айналдырып, тоқыма өнеркәсібін дамыту мақсатында аймақта интеграцияланған экожүйелік өндірістік паркін «Turan» арнайы экономикалық аймағында жүзеге асыруда.
Сөйтіп мақта-тоқыма кластері «Turan» арнайы экономикалық аймағында мақтаны терең өңдеу және дайын өнімді экспорттауға бағытталған көпсалалы нысанның құрылысы жүргізілуде. Болашақта made in Turkestan тігін жіптері мен маталары танымал брендтерде сату көзделуде. Бұған Қазақстанның Еуразиялық Экономикалық Одаққа мүше болуы 185 миллионнан астам тұтынушысы бар үлкен нарыққа еркін шығуға жағдай жасамақ. Бұл мүмкіндікті байқаған шетелдіктерді облысының инвестициялық әлеуеті, инвесторларға көрсетілетін қолдау шаралары инвесторларды қатты қызықтыруда.
Бұл тақырыпта Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров кезекті рет шетелдік инвесторлармен кездесіп, жаңа жобаларды іске асыру жайын талқылады. Тараптар облыста интеграцияланған экожүйелік парк құру жайын жан-жақты зерделеп, пікір алмасты. Облыс басшысы тиімді ұсыныстарды қабылдауға дайын екенін жеткізіп, өңірдің инвестициялық әлеуеті туралы ақпарат берді.
– Қазақстан мақта талшығы бойынша экспорттаушы ел ретінде танылса, ал дайын өнімдер – жіп, мата және киім-кешек сегментінде импортқа тәуелді. Елімізде шикізат қоры жеткілікті, сондықтан жіп, мата және киім-кешек өндірісін ашуға және дамытуға зор әлеует бар. Түркістан облысы еліміздегі ауыл шаруашылығы өнімдерінің ірі өндірушілерінің бірі. Әсіресе, мақта – өңір экономикасының маңызды саласы. Бүгінгі таңда мақта тек Түркістан облысында өсіріліп, өңделуде. Облыста осы жылы мақта алқабы 38 мың гектарға артып, жалпы 144,5 мың гектарда мақта егілуде, 470 мың тоннаға жуық шитті мақта жиналады деп күтілуде. 50 мың гектар алқапта озық технологияларды қолданумен егілуде. Жеңіл өнеркәсіп саласында да үлкен мүмкіндіктерге иеміз. Бүгінде өңірде 25 мақта өңдеу зауыты бар. Инвесторларға қолайлы жағдай жасау – біздің басты міндетіміздің бірі. Осы мақсатта «Turan» арнайы экономикалық аймағы құрылған. Арнайы экономикалық аймақта салықтық және кедендік жеңілдіктер қарастырылған. Сонымен қатар дайын инфрақұрылымы бар индустриалды аймақтар мен шағын өнеркәсіптік парктер арқылы инвесторларға қолдау көрсетілуде, – деген Нұралхан Оралбайұлы бірлескен жобаларды іске асыруға және барлық қажетті қолдауды көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Инвесторлар жоба аясында мата және дайын өнім өндірісін қолға алынып, өндірістік және өңдеу, цифрлық логистикалық және қойма орталықтарын, сауда-көрме және коммерциялық-сервис орталықтарын салуды ұсынып отыр. Сонымен қатар инвесторлар электрондық сауданы дамытуға, мамандар даярлауға, өнімдерді Орталық Азия, Ресей және Еуропа нарығына шығаруға ниетті. Жоба толық іске қосылғанда, өңірлік өнім көлемі артып, 12 мың адам жұмыспен қамтылмақ. Шикізаттан бастап дайын өнім мен саудаға дейінгі циклді қамтитын жоба Түркістан облысын Орталық Азиядағы тоқыма кластерінің орталығына айналдыруға оң септігін тигізеді.


