Сауран: Округте баға тұрақты

Oinet.kz 15-10-2025 15

65d967a2302b4853307602.jpg

Сауран ауданына қарасты Шорнақ ауылдық округінде тұрғындардың азық-түлікке қолжетімділігін арттыру мақсатында әр апта сайын әлеуметтік сауда ұйымдастырылып келеді. Мұндағы мақсат – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру.

Бүгінгі күні азық-түлік бағасын тұрақтандыру – ең өзекті мәселенің бірі. Ал нарықтық экономиканың дегені болып тұрған қазіргі уақытта асыраушы саладан бастап кәсіпкерлік, өнеркәсіп, тамақ өнеркәсібі секілді тиісті салаларды дамыту арқылы азық-түлік қауіпсіздігін жолға қоюға болады. Жұртшылық жұмыспен, ішкі нарық сапалы әрі қолжетімді бағадағы азық-түлікпен қамтамасыз етілсе, бұл халықтың әл-ауқатының көтерілуіне де негіз болмақ.

Бір атап өтерлігі, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағалары басқа дүкендерге қарағанда төмен бағада өткеріледі. Бұл санатқа жататын тауар бағалары әлеуметтік дүкендерде әлеуметтік бағада және коммерциялық бағада да сатылымда тұрады. Өйткені тұтынушы өзіне қажетті тауарды таңдап алуға құқылы.

Округ әкімі Нұрсеит Ізбасарұлының айтуынша, М.Темірбаев көшесінде орналасқан «Әлеуметтік сауда орнында» жергілікті шаруалар мен кәсіпкерлердің ауыл шаруашылығы өнімдері арзан бағада өткереді. Әр жұма сайын өтетін бұл саудада аудан және округ тұрғындары күнделікті қажетті өнімдерді делдалсыз, тікелей өндірушіден сатып алу мүмкіндігіне ие.

– Бұл – әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы азаматтарға деген мемлекетіміздің қамқорлығының бірі. Бұл саясатты облыстық әкімдік пен «Түркістан» ӘКК» АҚ өте ұтымды ұйымдастырып отыр. Бұған қарапайым халық та риза. Мұның барлығы – халық қамы. Мұндай дүкендердің азық-түлік бағасын тұрақтандыруға сеп­тігі мол. Тұрғындардың қал­тасын қақпай, тұрмысын тү­зеуге мүмкіндік береді. Бұл азық-түлік дүкенінің ерек­шелігі – халық күнделікті бірінші кезекте тұтынатын азық-түлік өнімдерін төмен әрі белгіленген бағада сатып алады. Дүкен сөресінде тұрған азық-түліктер, расымен, әлдеқайда арзан, – деді округ әкімі.

Бүгін  әлеуметтік сауда қатарында тұрғындарға қолжетімді бағамен ауыл шаруашылығы өнімдері ұсынылды. Атап айтқанда, қызыл сәбізбің бір килограмы – 180, сары сәбіз – 350, қызылша – 180, пияз – 90, картоп – 190, қырыққабат – 180, асқабақ - 170, тұрып – 180 теңгеден сатылымға шығарылған.

Мұндай әлеуметтік саудалар тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға, бағаның тұрақтылығын сақтауға және жергілікті өнім өндірушілерді қолдауға бағытталған. Ауыл әкімдігі округ тұрғындарын әр жұма сайын өтетін әлеуметтік сауда жәрмеңкесіне белсенді қатысуға шақырады.

Түркістанды тоқыма кластерінің орталығына айналдыру жоспарлануда
Сарыағаш: Мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасы көлік жөндеу орталығын ашты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу