Сарыағаш: Мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасы көлік жөндеу орталығын ашты

Oinet.kz 15-10-2025 15

servisnoe-obsluzhivanie-avtomobilej3.jpg            Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында кәсіпкерлік бастамаларды қолдау қажеттігін ерекше атап өтті. Бұл бағытта Сарыағаш ауданында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жалпы елімізде шағын және орта бизнес – экономиканың негізгі драйверлерінің бірі. Бұл сектордың тұрақты дамуы үшін мемлекет тарапынан кешенді қолдау шаралары іске асырылуда. Соның ішінде, кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған жобалар көп. Әсіресе кәсібін жаңа бастаған жастарға мүмкіндік беретіні мемлекеттен берілетін қайтарымсыз грант. Осы мүмкіндікке ие болған Гүлмира Түгелова жұбайымен бірге көлік жөндеу орталығын ашып отыр.

Атап айтсақ, Сарыағаш ауданының Қапланбек ауылдық округіне қарасты Ташқұлақ ауылының тұрғыны Гүлмира Түгелова биыл «Автомобиль қаңқасын жөндеу» бағыты бойынша мемлекеттік қайтарымсыз грант ұтып алып, кәсібін бастап кетті. Грант қаражатына қажетті құрал-жабдықтар сатып алған. Қазіргі таңда бұл іс отбасының тұрақты табыс көзіне айналып отыр. Кәсіпті Гүлмираның жұбайы Мақсұт Қаратаев қолға алып, ауыл тұрғынын тұрақты жұмысқа қабылдаған. Алдағы уақытта кәсібін кеңейтуді жоспарлап отыр.

– Кәсіп бастау оңай шаруа емес. Дегенмен оның көзін тауып жұмыс істеу үшін алдыңда үлкен мақсатың болуы тиіс. Сол мақсат мені осы кәсіпті ашып, отбасы бизнесін жүргізуге алып келді, – дейді Гүлмира Түгелова.

Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев аталған кәсіпкерлік нысанға арнайы барып, жұмыс барысымен танысты. Ол мемлекеттік қолдаумен іске асқан бұл жобаның ауыл экономикасына оң серпін беретінін атап өтті.

«Елімізде шағын және орта бизнес – экономиканың негізгі драйверлерінің бірі. Бұл сектордың тұрақты дамуы үшін мемлекет тарапынан кешенді қолдау шаралары іске асырылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында «Қазіргі ең басты міндет – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатындай жағдайға жету. Сондықтан өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беру қажет», дейді Президент. Бүгінгі таңда кәсіп бастау да, оны жүргізу де оңай шаруа емес. Ол үшін мемлекеттің қолдауы керек. Жалпы кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан беріліп жатқан қолдау көп. Соның арқасында ауылда шағын кәсіпкерлік нысандар ашылып, ауыл экономикасының көтерілуіне үлес қосуда. Ауылда жаңа ашылған көлік жөндеу орталығы көп жасқа ой салуда. Алда өз кәсібін ашуға ниет танытқан жастар артады деген сенім мол», - дейді Арман Абдуллаев.

Айта кетейік, бұл кәсіп – мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасы үшін тек табыс көзі ғана емес, сонымен қатар қоғамға пайдалы әрі әлеуметтік маңызы бар іс болып отыр.

Сауран: Округте баға тұрақты
Түркістанда ай соңына дейін екі автоматтандырылған өлшеу станциялары орнатылады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу