Ордабасы: Жаңа фармацевтикалық кәсіпорын ашылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында денсаулық сақтау саласын дамыту, жаңа инновацияларды енгізу, инвестиция тарту арқылы заманауи ғимараттар салып, соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен жабдықтау жайын аймақ басшыларына тапсырған болатын. Бүгінгі күні осы бағытта Ордабасы ауданында «Дарын-2030» фармацевтикалық өндірістік кәсіпорны ашылды. Ол кәсіпорын Бадам ауыл округіне қарасты Қарабастау ауылында орналасқан. Жаңа фармацевтикалық кәсіпорынның іске қосылуы – өңір экономикасын әртараптандыру мен медициналық саланы дамыту жолындағы маңызды бастама болып отыр.
Заманауи талаптарға сай жабдықталған кәсіпорын клиникалық-бактериологиялық зертханаларға арналған медициналық реагенттерді өндіруге бағытталған. Мұнда «қоректік ортаға арналған дефибринделген қой және жылқы қаны, зарарсыздандырылған» және «қоректік ортаға арналған инактивтелген жылқы сарысуы» сынды жоғары сапалы өнімдер дайындалады.
Президентіміз Ғылым ордасында отандық ғалымдармен кездескен кезде отандық медицина саласында медициналық өндіріс ошақтарын ашып, салаға қажетті құрал-жабдықтарды, басқа да зерттеулерді өзімізде жасау керектігін айтты. «Медицина, фармацевтика, биотехнология саласындағы ғалымдарымыздың әлеуеті өте жоғары. Елімізде сұранысқа ие препараттардың баламаларын, вакциналарды және басқа да медициналық өнімдерді өндіруге қабілетті ірі кәсіпорындар табысты жұмыс істеп жатыр. Халықты отандық медициналық бұйымдармен және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету деңгейін кезең-кезеңімен көтеру маңызды. Біз осы салада халықаралық деңгейдегі жетекші компаниялармен қарым-қатынас орнатып жатырмыз. Отандық денсаулық сақтау саласының дамуы халықтың орташа өмір сүру ұзақтығынан көрінеді. Қазақстанда бұл меже 75 жастан асты. Бірақ осы көрсеткіш бойынша әлемдегі жетекші елдерден ондаған жылға артта қалып қойдық. Бұл – біз ұмтылатын мақсаттың бірі» деген болатын. Аудан әкімдігі өкілдері Бадам ауыл округіне қарасты Қарабастау ауылында орналасқан фармацевтикалық өндірістік кәсіпорны Президент тапсырған талаптан шығатынын айтуда.
Ордабасы ауданында жаңа ашылған кәсіпорынның негізін қалаушы – 40 жылдан астам тәжірибесі бар провизор, фармацевтика саласының білікті маманы Гулия Бексұлтанқызы. Ол жаңа өндіріс орны арқылы ел медицинасына сапалы отандық өнім ұсынуды және жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындарын ашуды мақсат еткен.
Қарабастау ауылындағы фармацевтикалық орталықтың ашылу салтанаты болып, оған облыстық мәслихат хатшысы Нұралы Әбішев қатысып, жаңа кәсіпорынның ел экономикасына қосар үлесіне тоқталды. Ол өңірде осындай инновациялық бағыттағы жобалардың арта түсуі – мемлекеттің индустриялық-инновациялық саясатының нақты нәтижесі екенін атап өтті. Ал Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаевта бұл жобаның ел дамуына қосар рөлі жоғары екенін айтуда.
– Мемлекет басшысының индустриялық-инновациялық даму саясаты аясында елімізде жоғары технологиялы, импортты алмастыратын өнімдерді өндіруге баса назар аударылып келеді. Осы бағыттағы бүгінгі маңызды қадам – ауданымызда осындай бірегей өндірістің ашылуы. «Дарын-2030» серіктестігінің бастамасы – бұл тек жаңа жұмыс орындары ғана емес, сонымен қатар отандық медицина мен денсаулық сақтау саласын дамытуға қосылған сүбелі үлес. Ендігі жерде шетелден әкелінетін өнімдер өз жерімізде, өз мамандарымыздың күшімен өндіріледі, – деді аудан басшысы.


