Кешенді мал бордақылау алаңдары салынуда

Oinet.kz 16-10-2025 23

Screenshot_24.jpg

Түркістан облысы мал шаруашылығын дамыту жағынан ел бойынша көш бастап тұрған облыстардың бірі. Соңғы жылдары бұл өңірде мал бордақылау алаңдары көбейіп, мал өнімдерін өндіруге басымдық беріле бастады. Әсіресе ет өндірісін дамыту мақсатында кешенді мал брдақылау алаңдары көптеп салынуда. Бұл бағытта барлық ауданда арнайы жобалар іске асырылуда. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаевтың айтуынша, аймақта 1143,6 мың мүйізді ірі қара, 4947,6 мың қой-ешкі, 495,8 мың жылқы, 43,2 мың түйе бар. Мал басының артуы ет өндірісіне оң әсерін тигізген. Яғни, осы жылдың сегіз айында 123 мың тонна ет, 367 мың тонна сүт өндірілген.

Мал шаруашылығында 25 бағытта қолдау көрсетілуде. Өткен жылдан  бастап, бағдарлама арқылы асыл тұқымды аналық мал бастарын сатып алуға басымдық берілуде. Бұл өңірде асыл тұқымды мал санының артуына себі тиюде. Ал қайта өңдеуші кәсіпорындардың шығындарын субсидиялау бағдарламасы бойынша 2023 жылы 1,3 миллиард теңге, 2024 жылы 1,85 миллиард теңге, 2025 жылы 1 миллиард теңге бөлінген. Сондай-ақ облыстың ет өндірісінің арттыру мақсатында ірі мал бордақылау алаңдарын субсидиялау жалғасуда.

Файзулла Байдуллаевтың айтуынша биыл облыста іске қосылған жобаның бірі Арыс қаласындағы австралиялық технология бойынша салынған бордақылау алаңы. Ол бордақылау алаңы толық қуатқа шыққан кезде 50 мың бас мүйізді ірі қара бордақылауға мүмкіндік береді. Бұл кешен Арыс қаласының Қожатоғай ауылдық округіндегі «Turkestan Agro.kz» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырды. Жоба екі бағытты қамтиды: жаңбырлатып суару жүйесін пайдалана отырып, жем-шөп дақылдарын өндіру және етті бағыттағы мүйізді ірі қара малды өсіру. Малды бордақылау мен жайылымда ұстау австралиялық технологиямен жүргізіледі.

Әкімдіктің мәліметінше, жобаның бірінші кезеңінде 15 мың бас мүйізді ірі қара байланады. Ал осы жыл соңында бордақылау алаңына тағы 10 мың, ал 2026-2027 жылдары 25 мың бас мал кіргізіледі.

Компания жаңбырлатып суару технологиясын пайдалана отырып, 4,7 мың гектар алқаптан жем-шөп дақылдарын дайындауды жоспарлап отыр. Бұл бордақылау алаңын қажетті мөлшерде мал азығымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жобаның құны 16,2 миллиард теңге. Бүгінгі күні жобаның бірінші кезеңі іске асырылып, жыл соңына дейін екінші кезеңін жүзеге асыру көзделуде. Кешен толық қуатына көшкенде жұмысшы саны 100-ге жеткізілмек.

– Бұдан бөлек, биыл Сайрам ауданында 5 мың басқа арналған мүйізді ірі қара бордақылау алаңы іске қосылды. Ол жобаның құны – 8,5 миллиард теңгені құрайды. Осыдан бірнеше ай бұрын ашылған комбинаттың жылдық қуаты 10 мың тонна. Оған қажетті мал фермерлік шаруа қожалықтарынан және солтүстік өңірден жеткізілмек. Соңғы үлгіде салынған комбинатқа қажетті құрал-жабдықтар Беларусь, Қытай және Түркия мемлекеттерінен әкеліп орнатылған. Қалдықсыз өндіріс принципі бойынша жұмыс істейтін өндіріс орны ет экспортын дамытуға бағытталған. Яғни, қанды өңдеп, кәдеге жаратады. Одан арнайы өнімдер шығарады. Сонымен бірге малдың сүйегі де өңделеді, – дейді Файзулла Байдуллаев.

Ал Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың айтуынша, бүгінгі күні аудандағы 12 ауылдық округте жалпы көлемі 231 гектар жер мал шаруашылығын дамытуға берілген. Әр шаруаға 50 сотықтан жер бөлініп, кемінде 100-ден 500 басқа дейін мүйізді ірі қара мал бордақыланбақ.
Сонымен қатар, орталық мал сою бекеттерін құру да көзделуде. Қазіргі таңда 196 мал бордақылау алаңы белгіленіп, оның ішінде 37 шаруа қожалық құрылыс жұмыстарын бастап кеткен. Соның нәтижесінде 600-ден астам жаңа жұмыс орны ашылып, аудан бойынша ет өнімінің көлемі 2 есеге артады деп күтілуде. «Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығын қолдауға барлық жағдай жасалып отыр. Мал шаруашылығымен айналысатын шаруаларды бір орталыққа шоғырландырып, жер телімдерін бөліп бердік. Қазірдің өзінде нақты жобалар іске асып, ауданның экспорттық әлеуеті артып келеді. Бұл – бір жағынан өнім көлемінің артуына, екінші жағынан жаңа жұмыс орындарының құрылуына сеп болуда», – деді.

Бүгінгі күні Сауран ауданына қарасты Бабайқорған ауылдық округінде 20 гектар аумақта 5 мың басқа арналған мүйізді ірі қара бордақылау алаңының құрылысы басталды. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың айтуынша, бұл кешен де Сайрам ауданындағыдай жұмыс істейтін болады. Әғни, кешенде 5 мың мүйізді ірі қара бордақыланып, ет, жем өндірісі және тері өңдеу бағыттары бойынша жұмыс істейді. Нысанның негізін «Мырзахан» шаруа қожалығының басшысы Мырзахан Байтурсынов қалаған. Кешен құрамына бордақылау алаңы, мал сою, тері өңдеу, қан, тұяқ өңдеу алаңы мен мал дәрілеу, ветеринар, шөп жинау, жем жинау, малға жем дайындау, тыңайтқыш өңдеу алаңдары болады. Мұндағы құрылыс жұмыстары жуырда басталды, оны 2026 жылдың қазан айында аяқтау жоспарланып отыр. Нысан толық іске қосылғанда, бұл жерде 60-тан астам адам жұмыспен қамтылады. Бұл кешен аудандағы ауыл шаруашылығы саласын дамытуға үлкен серпін береді. Мал бордақылау арқылы ет өндірісі көлемі артып, ішкі нарықта жоғары сапалы өнімдер қолжетімді болмақ. Сонымен қатар тері және тыңайтқыш өңдеу цехтарының іске қосылуы шикізатты толық пайдаланып, қалдықсыз өндіріс жүйесін енгізуге мүмкіндік береді.

Жаңа жұмыс орындарының ашылуы жергілікті тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартып, тұрақты табыс көзін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ өңір экономикасы күшейіп, салық түсімдерінің артуы арқылы ауданның инфрақұрылымын дамытуға қосымша қаржы бөлінеді. Бұл жоба – өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін жаңа деңгейге көтеретін маңызды қадам.

Сондай-ақ бүгінгі күні ауданға қарасты Ескі Иқан ауылдық округінде «Түркістан Ет өнімдері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мал бордақылау алаңының құрылыс жұмысын жүргізуде. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров бұл нысанның аймақтың агроэкономикалық әлеуетін көтеруге ықпал ететінін атап өтті.

– Қазіргі таңда Сауран ауданына қарасты 12 ауылдық округтің аумағынан жалпы көлемі 185 гектар жер телімі бөлініп, 292 мал бордақылау алаңының құрылысы жоспарланған. Оның ішінде 30 бордақылау алаңы Ескі Иқан ауылдық округінде бой көтеруде. Соның 25-і құрылыс жұмыстарын бастап кетті. Жоба толық іске қосылғанда, кемінде 120 адам тұрақты жұмыспен қамтылады, – деді аудан басшысы.

Бұл жобаның басты ерекшелігі – мал бордақылау алаңдарының бір жерде шоғырлануы. Мұндай тәсіл инфрақұрылымды тиімді пайдалануға, шығындарды азайтуға және жұмысты жүйелі ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Санитарлық, ветеринарлық талаптар бір орталықта қатаң бақыланып, ет өнімінің сапасы мен көлемі артады. Сонымен қатар, сервистік қызметтерді орталықтандыру арқылы кәсіпкерлерге қолдау көрсетіледі. Ең маңыздысы – жаңа жұмыс орындары ашылып, ауылдық жерлердің экономикалық белсенділігі артады.

Сонымен қатар Сауран ауданына қарасты Үшқайық ауылдық округында да ауыл шаруашылығы саласында тың жобалар қолға алынуда. Өңірдегі кәсіпкерлік белсенділік пен инфрақұрылымдық қолдау арқасында мал бордақылау саласына ерекше көңіл бөлініп, осы бағыттағы ниет білдіруші кәсіпкерлерге жан-жақты көмек көрсетілуде. Үшқайық ауылдық округінде де жалпы аумағы 10 гектарды құрайтын мал бордақылау алаңы салынып жатыр. Жоба аясында 13 жеке алаң құрылып, әртүрлі мақсаттағы мал бордақылау қызметтері ұйымдастырылады. Жобаның жалпы инвестиция көлемі – 1,1 миллиард теңгені құрайды. Көктемде басталған құрылыс жұмыстары жалғасуда. Оны жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Қазір құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Ордабасы: Жаңа фармацевтикалық кәсіпорын ашылды
Жетісай: Инфрақұрылым жүйелері жаңара түсуде
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу