Жетісай: Инфрақұрылым жүйелері жаңара түсуде

Oinet.kz 17-10-2025 20

IMG-20230522-WA0034.jpg

Жетісай ауданынына қарасты ауылдық округтерде инфрақұрылым жүйелері жаңартылып, жақсара түскен. Аудан әкімі Серік Мамытовтың айтуынша, Жылысу ауылдық округіне қарасты Наурыз, Ынтымақ, Өркениет, Молшылық, Болашақ көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ал Майтөбе көшесіндегі таза ауыз су құбыры желілерін ағымдағы жөндеу жұмыстарына жергілікті бюджеттен 6,9 миллион теңге қаралып, пайдалануға берілген.

Сондай-ақ Жылы су елді мекеніндегі Ақжол көшесін абаттандыруға аудандық бюджеттен 5 миллион теңге қаралып, тиісті жұмыстар қараша айында басталғалы отыр. Бұдан бөлек, осы елді мекеніндегі мәдениет үйі мен кітапхананың құрылысы демеуші кәсіпкердің есебінен жүргізілуде, нысанды алдағы жылы пайдалануға бермек ниетте. Сонымен қатар биыл округке қарасты Әл-Фараби елді мекеніндегі Жоба, Атақоныс көшелеріне жарық шамдар орнату үшін жергілікті бюджеттен 21,8 миллион теңге қаралып, тиісті жұмыстар екі ай бұрын аяқталса, бүгінгі күні оны электр жарығына қосу үшін тиісті құжаттар рәсімделуде.

Бұдан бөлек, биыл Баққоныс ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға берілсе, Жылы су елді мекенінде орналасқан спорт кешеніне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Қыркүйек айында Испулов көшесінде жаяу жүргінші жолының құрылысы басталып, бүгінде аяқталуғ таяды. Бұл атқарылған жұмыстар округ тұрғындарымен өткен кездесуде айтылып, аудан әкімі Серік Мамытовтың есебінде көрініс тапқан болатын.

Мұндай жұмыстар аудандағы Абай ауылдық округінде де атқарылған. Аудан әкімі округ тұрғындарымен болған кездесуде ауылдық округті сапалы таза ауыз сумен қамтамасыз ету, ішкі көшелерді орта жөндеуден өткізу, ескірген электр бағаналарын жаңарту бағыттары бойынша жұмыстарды күшейту, өмір сүру сапасын жақсартуға айрықша көңіл бөлу, округтің инфрақұрылымын дамыту бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Жиында бүгінге дейін атқарылған жұмыстар сараланып, өзекті мәселелердің шешу жолдары ұсынылды. Бұған дейінгі кездесулерде айтылған мәселелердің орындалу барысы таныстырылды. Атап айтсақ, бірінші жартыжылдықта өткен кездесуде көтерілген Халықтар достығы ауылына КТП орнату, ойын алаңшасын қоршау, Алтын кемер елді мекенін табиғи газбен қамту, Бейбітшілік елді мекеніндегі жол сызықтарын жаңарту, Отан ауылында көлік жуу нысандарын ретке келтіру сынды айтылған 5 мәселенің бүгінде үшеуі орындалып, екеуі тұрақты бақылауға алынған.

Одан бөлек, жергілікті бюджет есебінен алдағы жылға өтпелі құны 14,4 миллион теңге болатын Алтын кемер елді мекенінен футбол алаңшасының,  құны 10,3 миллион теңгені құрайтын Бейбітшілік елді мекенінен балалар ойын алаңшасының құрылыстары басталды. Ал Бейбітшілік елді мекенінің көшелерін жарықтандыруға 4,7 миллион теңге бөлінген. Сондай-ақ ауылдардың санитариясын қамтамасыз етуге 5 миллион теңге және көше атаулары мен үй нөмірлерін орнату жұмыстарына 2,7 миллион теңге қаралып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Мұнда еркін форматта өткен жиыннан соң аудан басшысы жергілікті тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдады.

Тағы бір атап өтерлігі, аудан әкімі халық алдында есеп беру жиынында кеше Жаңа ауыл ауылдық округіне қарасты Атақоныс елді мекеніне табиғи газ берілгенін мақтанышпен жеткізген болатын. Бұл жұмыс Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтың тапсырмасына сәйкес жүргізілген. Жалпы Жетісай ауданындағы экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында тұрғындар мен әлеуметтік, кәсіпкерлік нысандарды газдандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп, кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде бүгінде аудандағы 105 елді мекеннің 91-і табиғи газбен қамтылып, «көгілдір отын» пайдаланушылардың пайыздық үлесі 86,6 пайызды құраған. Бүгінгі күні тағы 3 елді мекеннің құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатса, 10 елді мекеннің жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленуде.

Ал өткен жылы 4 елді мекені көгілдір отынға қосылған ауданда жыл басынан бері 11 елді мекенді газдандырған. Соның бірі Жаңа ауыл ауылдық округінің Атақоныс елді мекені. Бұған дейін көмір жағып, күл шығарып келген Атақоныс елді мекенінің тұрғындары енді «көгілдір отынды» пайдалануда. Оның құрылыс жұмысына республикалық бюджеттен 527 миллион 481 мың тенгеге бөлінген. Газ құбырының ұзындығы 21,9 шақырымды құрайды. Бүгінде 374 абонент көгілдір отынды тұтынуда.

Аудан әкімінің айтуынша, жыл соңына дейін 10,5 мың тұрғыны бар тағы 9 елді мекенді көгілдір отынға қосып, газдандыру көрсеткішін 2027 жылы 100 пайызға жеткізуді жоспарланған.

Кешенді мал бордақылау алаңдары салынуда
Кентау қаласы: Жылыжай өнімі артып отыр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу