Анасы мен ағасынан айырылған оқушы әкесін сотқа берді

Oinet.kz 01-04-2026

Тараз қаласында анасы мен ағасынан айырылған мектеп оқушысы әкесіне қарсы сотқа жүгініп, алимент өндіріп алды.

image.png

Қазақстан Республикасының Жоғарғы соты мәліметінше, оқиғаның бастауына отбасылық жағдай себеп болған. 2008 жылы қыздың әкесі екі баласына қатысты ата-ана құқығынан нотариалды түрде бас тартқан. Ал 2018 жылы анасы мен ағасы қайтыс болғаннан кейін қыз әжесінің қолында тәрбиеленіп, толықтай оның қамқорлығында қалған.

Айтуынша, әкесі осы уақытқа дейін материалдық көмек көрсетпеген әрі байланыстан қашқақтаған. Қыз көмек сұраған кезде, әкесі оның байланыс нөмірін бұғаттап тастаған. Қазіргі таңда оқушының оқуына және күнделікті қажеттіліктеріне байланысты барлық шығынды әжесі өтеп отыр.

Осыған байланысты талапкер сотқа алимент өндіру туралы талап арыз түсірген. Өз кезегінде жауапкер алимент мөлшерін азайтуды сұрап, басқа некеден туған төрт баласының бар екенін және несие міндеттемелерін алға тартқан.

Алайда сот оның еңбекке қабілетті екенін және бірнеше кәсіптен табыс табатынын анықтаған. Сонымен қатар, сот отырысы барысында жауапкердің алимент көлемін азайту мақсатында белгілі бір әрекеттерге барғаны да назарға алынған.

Атап айтқанда, шешім шығарылар күні ол жеке кәсіпкер ретінде тіркеуден шыққан. Бұған дейін өзге некеден туған төрт балаға әкелік қатынасын ресми түрде рәсімдеген. Сот бұл жағдайларды алимент мөлшерін жасанды түрде төмендету әрекеті ретінде бағалады.

Нәтижесінде Тараз қалалық соты әкені қызы кәмелет жасына толып, мектепті аяқтағанға дейін ай сайын 17 айлық есептік көрсеткіш (66 844 теңге) көлемінде алимент төлеуге міндеттеді.

Бұл шешімге шағым түсірілгенімен, Жамбыл облыстық соты оны өзгеріссіз қалдырды. Сот актілері заңды күшіне енді.

Ақтауда түйені көпқабатты үйдің жанына байлаған тұрғын жауапқа тартылды
Түркістан облысында үш жыл бұрын салынған мектеп құлауға шақ тұр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу