Жетісайда инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүйелі жалғасуда

Oinet.kz 12-05-2026

image.png

Жетісай ауданында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, елді мекендердің инфрақұрылымын жаңғырту және жол-көлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Соңғы жылдары аудан аумағында ішкі және ауданаралық автомобиль жолдарын жөндеу, көшелерге тас төсеу, асфальттау және жол бойындағы инфрақұрылымды ретке келтіру жұмыстары қарқын алып, халық игілігіне бағытталған маңызды жобалардың қатары артуда. Бұл жұмыстар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беріп, тұрғындардың күнделікті тұрмыс сапасын жақсартуға мүмкіндік жасауда.

Осыған орай Серік Мамытов жол жөндеу жұмыстарының барысына арнайы бақылау жүргізіп, мердігер мекемелер мен жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берді. Аудан басшысы инфрақұрылымдық жобалардың сапалы әрі уақытылы орындалуы – жергілікті биліктің басты назарындағы мәселе екенін атап өтті.

Бақылау барысында аудан әкімі ең алдымен ішкі жолдарға төселетін және төселіп жатқан асфальт жабындарының сапасына ерекше назар аудару қажеттігін айтты. Ол қолданылатын асфальттың құрамы мен қалыңдығы, жолдың ені мен ұзындығы белгіленген талаптарға толық сәйкес болуы тиіс екенін ескертіп, бұл бағыттағы жұмыстарға салғырт қарауға болмайтынын жеткізді. Сонымен қатар жол құрылысы кезінде техникалық талаптардың қатаң сақталуы, тұрғындар үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастырудың маңызды тетігі екеніне тоқталды.

– Сапалы жол – тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлы өмірінің басты кепілі. Сондықтан әрбір жол құрылысы мен жөндеу жұмыстары белгіленген стандарттарға сай жүргізілуі керек. Халықтың игілігіне бағытталған жобалардың сапасына ерекше мән беріледі, – деді Серік Мамытов.

Бақылау жұмыстары барысында аудан басшысы әлеуметтік желілерде тұрғындар тарапынан жиі көтеріліп жүрген мәселелердің бірі – Жетісай қаласындағы Шәкәрім көшесінің орта жөндеу жұмыстарына дайындық барысымен де танысты. Жалпы ұзындығы 830 метрді құрайтын көше бойындағы қызыл сызыққа заңсыз салынған нысандардың иелерімен және автотұрақ кәсібімен айналысып отырған азаматтармен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Аудан әкімі жол жөндеу жұмыстарының сапалы әрі талапқа сай жүзеге асуы үшін заң талаптарының сақталуы маңызды екенін атап өтті.

Мұнан соң Серік Мамытов Жаңа ауыл ауылдық округіне қарасты Ынтымақ елді мекеніндегі жалпы ұзындығы 1 шақырымды құрайтын Көрікті көшесі мен ұзындығы 800 метр болатын Шойын көшесіне жүргізіліп жатқан орта жөндеу жұмыстарының барысын көрді. Сонымен қатар тұрғындар мен көлік жүргізушілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қажетті жол белгілерін орнату, жаяу жүргіншілерге қолайлы жағдай жасау және жол бойын абаттандыру бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.

Ауданда жүзеге асырылып жатқан мұндай инфрақұрылымдық жобалар елді мекендердің келбетін жақсартып қана қоймай, тұрғындардың әлеуметтік жағдайына да оң әсер етуде. Әсіресе, шалғай ауылдардағы жолдардың жөнделуі халықтың қатынасын жеңілдетіп, білім беру, денсаулық сақтау және кәсіпкерлік нысандарына қолжетімділікті арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Бұл өз кезегінде аудан экономикасының дамуына, шағын және орта бизнестің жандануына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етуде.

Жетісай ауданында халыққа қолайлы орта қалыптастыру, инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Ішкі көшелерді жөндеу, жол сапасын жақсарту және елді мекендерді абаттандыру шаралары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталмақ.

Нұралхан Көшеров «Мagister Аrt» компаниясының президенті Ренато Сапоритомен кездесті
Ауыл жастарына арналған заманауи спорт кешені ашылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу