Ауыл жастарына арналған заманауи спорт кешені ашылды

Oinet.kz 12-05-2026

image.png

Төле би ауданы Аққұм ауылында «Мұхит Әлі» атындағы жаңа спорт кешенінің ашылу салтанаты жоғары деңгейде өтті. Ауыл тұрғындары үшін айтулы оқиғаға айналған іс-шараға аудан және облыс тұрғындарымен қатар көршілес Жамбыл облысы, Қызылорда облысынан, сондай-ақ Алматы және Астана қалаларынан арнайы келген қонақтар қатысып, ақжарма тілектерін жеткізді.

Жаңа спорт кешенінің ашылуы – ауыл жастары үшін үлкен мүмкіндік қана емес, сонымен қатар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін маңызды жоба ретінде бағалануда. Соңғы жылдары Төлеби ауданында халықтың өмір сүру сапасын арттыру, ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту, спорт пен мәдениет нысандарын көбейту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Бұл бастамалар жастарды спортқа баулып қана қоймай, салауатты өмір салтын қалыптастыруға, бұқаралық спортты дамытуға және ауыл тұрғындарына қолайлы орта қалыптастыруға ықпал етуде.

Аққұм ауылының тумасы, мемлекет және қоғам қайраткері Мұхит Оралбайұлы Әлі еңбек жолын қарапайым жұмысшыдан бастап, бірнеше аудан мен қаланы басқарған білікті басшы ретінде ел есінде қалды. Ол әр жылдары Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары, облыс әкімінің кеңесшісі секілді жауапты қызметтер атқарып, өңірдің дамуына, халықтың әл-ауқатының артуына және әлеуметтік салалардың өркендеуіне сүбелі үлес қосты. Сонымен қатар ұлттық руханият пен мәдени құндылықтарды дәріптеу бағытында да аянбай еңбек етті.

Туған жерін ерекше қадірлеген Мұхит Оралбайұлы Әлі көзі тірісінде ауылдың дамуына арналған көптеген игі бастамалардың жүзеге асуына мұрындық болды. Ауыл мешітінің салынуына ұйытқы болып, ел игілігіне қызмет ететін әлеуметтік нысандардың бой көтеруіне қолдау білдірді. Оның үлкен армандарының бірі – ауыл жастары үшін заманауи спорт кешенін салу болатын. Алайда тағдыр оған бұл арманын толық жүзеге асыруға мүмкіндік бермеді.

Дегенмен ел азаматтары Мұхит Әлі бастаған игі жолды жалғастырып, оның туған күнінде ауылға ерекше тарту жасады. Аққұм ауылында өсіп-өнген кәсіпкер Төре Сапарханұлы Құрбанов «Мұхит Әлі» атындағы спорт кешенін ел игілігіне табыстап, туған жерге деген жанашырлықтың жарқын үлгісін көрсетті. Бұл нысан ауылдағы әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және спорт саласын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.

Салтанатты жиынға мемлекет қайраткері Нартай Дүтбаев, Бағдатбек Жанғазиев, аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров, жазушы-драматург Роза Мұқанова, Олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановтың анасы Сырлыкүл Шойбекова, ақын Күлия Айдарбекова, филология ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Құлбек Ергөбек және өзге де зиялы қауым өкілдері қатысып, ауыл тұрғындарын қуанышпен құттықтады.

Жиында сөз сөйлеген қонақтар ауылдық жерлерде осындай әлеуметтік нысандардың көптеп салынуы – елдің дамуы мен халықтың әл-ауқатының артуының айқын көрінісі екенін атап өтті. Сондай-ақ мұндай жобалар ауыл жастарының болашағына жасалған инвестиция екені айтылды. Себебі спорт кешендері жастарды тәртіпке, табандылыққа тәрбиелеп қана қоймай, түрлі әлеуметтік мәселелердің алдын алуға ықпал етеді.

Сонымен қатар ел ағалары Жеңісбек Тұрғанов пен Созақбай Әбдіқұлов ақ баталарын беріп, ізгі тілектерін жеткізді. Белгілі ақын Біржан Байтуов арнайы арнау оқып, ауылдан болашақта ел мерейін асқақтататын чемпиондар көптеп шығуына тілектестік білдірді.

Іс-шара соңында Мұхит Оралбайұлы Әлінің рухына бағышталып құран оқылып, ас берілді.

Жаңа спорт кешені ауыл жастарының спортпен тұрақты шұғылдануына, салауатты өмір салтын қалыптастыруға және болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге зор мүмкіндік береді. Сонымен қатар мұндай әлеуметтік жобалар ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартып, өңірдегі әлеуметтік-экономикалық дамудың қарқынын арттыруға, жастар саясатын дамытуға және ауылдардың келбетін жаңғыртуға оң әсерін тигізеді деп күтілуде.

Жетісайда инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүйелі жалғасуда
Шардарада әлеуметтік осал отбасы жаңа баспанаға ие болды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу