Түркістан облысы тұрақты даму көрсеткіштері бойынша оң өсім көрсетіп келеді

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев Біріккен Ұлттар Ұйымының даму құқығы мәселелері жөніндегі арнайы баяндамашысы Біріккен Ұлттар Ұйымының даму құқығы мәселелері жөніндегі арнайы баяндамашысы Сурья Девамен кездесті. Кездесу барысында Түркістан өңірінің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыру бағытындағы жұмыстар, гендерлік теңдік, азаматтық қоғамды қолдау және экологиялық тұрақтылық мәселелері кеңінен талқыланды.
Жиында Ертай Алтаев өңірдің соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, экономика, инфрақұрылым және әлеуметтік сала бойынша оң өзгерістерге тоқталды. Оның айтуынша, Түркістан облысында халықтың өмір сүру сапасын арттыру, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар өңірде халықаралық стандарттарға сай тұрақты даму қағидаттарын енгізуге ерекше мән беріліп келеді.
– Түркістан өңірі әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз етуде Біріккен Ұлттар Ұйымы жариялаған тұрақты даму мақсаттарына ерекше мән береді. 2026 жылғы 1 наурыздағы мәлімет бойынша Түркістан облысы халқының саны 2 миллион 146,7 мың адамды құрады. Оның ішінде қалалықтар – 545,1 мың адам немесе 25,4 пайыз болса, ауыл тұрғындары – 1 миллион 601,6 мың адам немесе 74,6 пайыз. Біз экономикалық өсім мен әлеуметтік әділеттілікті үйлестіруге, халықтың әл-ауқатын арттыруға және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған кешенді саясат жүргізіп келеміз. Түркістан облысы бүгінде еліміздегі демографиялық өсімі жоғары әрі әлеуеті зор өңірлердің біріне айналды, – деді Ертай Алтаев.
Айта кетейік, 2026 жылдың қаңтар-наурыз айларында Түркістан облысы қысқа мерзімді экономикалық өсім көрсеткіші бойынша 119,4 пайызды құрап, республикада екінші орынға ие болды. Бұл өңірде өндіріс, ауыл шаруашылығы, құрылыс, кәсіпкерлік және қызмет көрсету салаларының тұрақты дамып келе жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар мемлекеттік бағдарламалардың тиімді жүзеге асырылуы мен инвестициялық жобалардың артуы өңір экономикасының қарқынын күшейтіп отыр.
Кездесуде экологиялық тұрақтылық мәселелері де кеңінен қозғалды. Өңірде табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, жасыл технологияларды енгізу және қоршаған ортаны қорғау шаралары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Атап айтқанда, көгалдандыру жұмыстарын күшейту, су ресурстарын тиімді пайдалану және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында нақты жобалар қолға алынған. Бұл бастамалар өңірдің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға да ықпал етуде.
Сонымен қатар көші-қон және интеграция мәселелері де ерекше назарда екені айтылды. Облыста азаматтардың құқықтары мен мүмкіндіктерінің теңдігін қамтамасыз етуге, әлеуметтік үйлесімділікті нығайтуға және қоғамдық тұрақтылықты сақтауға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізілуде. Әлеуметтік қолдау тетіктерін жетілдіру арқылы халықтың осал топтарына жан-жақты көмек көрсету мәселесі де басты назарда.
Жиында гендерлік теңдік мәселесі де кеңінен талқыланды. Түркістан облысы – демографиялық өсімі жоғары аймақтардың бірі. Бүгінде өңірде 400 мыңнан астам отбасы тұрады. Сонымен қатар көпбалалы батыр аналардың басым бөлігі осы өңірде өмір сүреді. Бұл өз кезегінде отбасы институтын нығайтуға, ана мен балаға қолдау көрсетуге бағытталған мемлекеттік саясаттың маңызын айқындай түседі.
Қазіргі таңда Түркістан облысындағы 5611 мемлекеттік қызметшінің 1572-сі немесе 28,1 пайызы – қыз-келіншектер. Оның ішінде 233 әйел басшылық лауазымдарды атқарады. Бұл өңірде әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыруға және олардың басқару ісіне белсенді араласуына қолайлы жағдай жасалып отырғанын көрсетеді.
Сондай-ақ әйелдер қауымы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып келеді. Облыс көлемінде шамамен 210 мыңнан астам кәсіпкер болса, оның 91 мыңнан астамы – әйелдер. Статистикаға сәйкес, шағын және орта кәсіпкерліктің 43,1 пайызында әйелдер басшылық етеді. Бұл әйелдер кәсіпкерлігінің дамуы өңір экономикасының тұрақты өсуіне, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және халықтың табысын арттыруға ықпал етіп отырғанын аңғартады.
Кездесуде азаматтық қоғамды қолдау, отбасы құндылықтарын нығайту және әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыруға бағытталған бастамалар да талқыланды. Сонымен қатар халықаралық тәжірибелерді енгізу, әлеуметтік жобаларды жетілдіру және тұрақты даму бағытындағы өзара ынтымақтастық мәселелеріне басымдық берілді.
Жиын соңында Ертай Алтаев Сурья Деваның тәжірибесі мен сараптамалық көзқарасының өңір үшін маңызды екенін атап өтіп, мұндай пікір алмасулар Түркістан облысының даму стратегиясын жетілдіруге және халықаралық тәжірибені енгізуге оң серпін беретінін жеткізді.
Кездесу қорытындысында тараптар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтып, тәжірибе алмасуды жалғастыруға ниетті екендерін білдірді. Мұндай халықаралық кездесулер Түркістан облысының инвестициялық және әлеуметтік әлеуетін арттырып, өңірдің тұрақты әрі жан-жақты дамуына жаңа мүмкіндіктер ашады деп күтілуде.


