Шекарашылар мен құтқарушылардың саптық дайындығы бағаланды

«Қауіпсіз ел» ұлттық жобасы – еліміздегі қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыруға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға, құқық қорғау органдары қызметінің тиімділігін күшейтуге және азаматтардың қауіпсіз өмір сүруіне қолайлы жағдай қалыптастыруға бағытталған стратегиялық бастамалардың бірі. Жобаның негізгі мақсаты – азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қылмыс деңгейін төмендету, жедел әрекет ету жүйесін жетілдіру және құқықтық тәртіпті нығайту болып табылады. Сондай-ақ бұл бастама цифрлық технологияларды енгізу, бейнебақылау жүйелерін кеңейту, полицияның сервистік моделін дамыту және төтенше жағдайлардың алдын алу жұмыстарын күшейтуді көздейді.
Осы ұлттық жоба аясында еліміздің барлық өңірлерінде, соның ішінде Түркістан облысында да қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында кешенді жұмыстар атқарылып келеді. Құқық қорғау органдарының материалдық-техникалық базасын нығайту, қызметкерлердің кәсіби даярлығын арттыру және халықпен кері байланысты күшейту – басты басымдықтардың бірі.
Осыған орай қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жолында қызмет атқарып жүрген құқық қорғау органдары, төтенше жағдайлар қызметі және шекарашылардың жеке құрамының саптық дайындығын бағалау, сондай-ақ «7 мамыр – Отан қорғаушылар күні» мен «9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні» мерекелеріне орай Жетісай ауданында гарнизондық саптық байқау өткізілді.
Аталған іс-шараға аудан әкімі Серік Мамытов пен аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, аудандық полиция бөлімінің бастығы Мұрат Ермеков, Мақтаарал ауданы бойынша шекара басқармасының бастығы Асқар Аяғанов және аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Баймахан Баһарам қатысып, жеке құрамның саптық дайындығын, бұйрықтардың орындалу тәртібін және қызметтік тәртіп деңгейін тексерді.
Байқау барысында саптық үйлесімділік, қызметтік киім үлгісінің талапқа сай болуы, жеке құрамның тәртібі мен кәсіби деңгейі, сондай-ақ техникалық құрал-жабдықтардың дайындығы назарға алынды. Қатысушылар құқық қорғау және төтенше жағдайлар саласы мамандарының жоғары кәсіби дайындығын атап өтті.
Аудан әкімі Серік Мамытов өз сөзінде мереке күндері қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – аса маңызды міндет екенін атап өтті.
– Алдағы мереке күндері қоғамдық тәртіпті сақтау, тұрғындардың тыныштығын қорғау және шекаралық аумақтың тұрақтылығын қамтамасыз ету – ерекше жауапты міндет. Бұл міндет, ең алдымен, полиция, төтенше жағдайлар қызметі және шекарашыларға жүктеледі. Сіздердің тәулік бойы атқарып жүрген еңбектеріңіз – халық қауіпсіздігінің кепілі, – деді аудан әкімі.
Шара барысында сала мамандары мен ардагерлерге алғыс хаттар табысталып, бірқатар қызметкерлерге арнайы шендер берілді. Сонымен қатар аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов пен ауданның бас полицейі Мұрат Ермеков де құттықтау сөз сөйлеп, марапаттарды табыстады.
Саптық байқау жеке құрамның ұйымшылдығы мен тәртіп деңгейінің жоғары екенін көрсетті. Сонымен қатар қызметтік техникалардың толық дайын екені және жедел әрекет етуге сақадай сай тұрғаны байқалды.
«Қауіпсіз ел» жобасы аясындағы мұндай іс-шаралар құқық қорғау органдарының тиімділігін арттырып қана қоймай, қоғамдағы тұрақтылықты нығайтуға және азаматтардың қауіпсіз өмір сүруіне берік негіз қалыптастырады.


