Сайрамда агроөнеркәсіп пен өндіріс саласындағы жобалар таныстырылды

Бүгін Сайрам ауданы аумағында БАҚ өкілдеріне арналған кең көлемді пресс-тур ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты – өңірдегі өнеркәсіптік, агроөнеркәсіптік және әлеуметтік бағыттағы ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асу барысымен таныстыру, сондай-ақ ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын көпшілікке көрсету болды.
Пресс-тур барысында журналистер бірқатар заманауи өндіріс орындары мен әлеуметтік нысандарды аралап, олардың қызметімен танысты.
Алдымен БАҚ өкілдері Ақсу ауылындағы дымқыл майлықтар мен балаларға арналған жөргек шығаратын кәсіпорынның жұмысын көрді. Capable Group мүгедектер қоғамы тарапынан 2025 жылы іске қосылған бұл өндіріс орны әлеуметтік маңызы жоғары жоба ретінде ерекшеленеді. Кәсіпорын жылына 60 миллион дана дымқыл майлық және айына 50 миллион дана жөргек өндіруге қауқарлы. Мұнда 60 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар өнімдер Қырғызстан, Өзбекстан және Ресей нарықтарына экспортталады.
Бұдан кейін журналистер «Tayiba» сүт өнімдерін өндіру зауытының жұмысымен танысты. Кәсіпорын 2024 жылдың маусым айында іске қосылып, бүгінде өңірдің ірі сүт өңдеу кәсіпорындарының біріне айналған. Өндіріс орнында 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Зауыт тәулігіне 50 тоннаға дейін айран, қаймақ, құрт және өзге де сүт өнімдерін өндіреді.
Пресс-тур аясында БАҚ өкілдері «Aqua Alba» оңалту-сауықтыру кешеніне де барды. Аталған жоба 2025 жылдың желтоқсан айында іске қосылып, денсаулық сақтау және сауықтыру қызметтерін дамытуға бағытталған. Кешенде 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылған және тәулігіне 150 адамға дейін қызмет көрсету мүмкіндігі бар.
Сонымен қатар тілшілер Ақсукент ауылындағы «Наурыз–5» ЖШС жеміс-көкөніс өнімдерін қайта өңдеу зауытының жұмысымен танысты. Бұл жоба агроөнеркәсіп саласындағы ірі инвестициялық бастамалардың бірі болып табылады. 2023 жылдың қыркүйек айында іске қосылған өндіріс орнының жалпы құны 2 млрд теңгені құрайды. Мұнда 50 адам тұрақты жұмыс істейді, ал жылдық өндірістік қуаттылығы 2400 тонна дайын өнімге жетеді. Кәсіпорында томат пастасы, кетчуп және жеміс шырындарының 60-қа жуық түрі шығарылады. Өндірісте Түркиядан әкелінген заманауи технологиялық жабдықтар пайдаланылады.
Соңғы нысан ретінде Көлкент ауылдық округіндегі «Абдирасулов» ЖК метал өнімдерін өндіру зауыты таныстырылды. Бұл кәсіпорын ғимарат қабырғалары мен шатырларға арналған металл өнімдерін шығаруға бағытталған. Қазіргі таңда нысан құрылысының 90 пайызы аяқталған, іске қосуға қажетті құжаттар рәсімделуде. Жоба толық іске қосылған жағдайда 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ және жылына 8 мың тонна өнім өндіру жоспарланған.
Жалпы алғанда, пресс-тур барысында таныстырылған жобалар Сайрам ауданы-ның әлеуметтік-экономикалық дамуының қарқын алып отырғанын көрсетті. Өңірде өндіріс, қайта өңдеу, денсаулық сақтау және экспорттық бағыттағы жобалардың қатар дамуы жаңа жұмыс орындарының ашылуына, инвестиция тартуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға оң ықпал етуде.


