Ордабасы ауданында 9 млрд теңгелік ірі зауыт құрылысы жүріп жатыр

Ордабасы ауданы аумағында «HUATING BIOTECHNOLOGY Co.,LTD» ЖШС-нің сүйектен май және желатин компоненттерін өндіретін ірі өнеркәсіптік зауытының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бұл жоба өңірдің индустриялық-инновациялық дамуын күшейтіп, жоғары қосылған құнды өнімдер шығару арқылы экспорттық әлеуетті арттыруға бағытталған.
Жалпы құны 9 млрд теңгені құрайтын кәсіпорын толық іске қосылған жағдайда жылына 5 мың тонна өнім өндіруге қауқарлы болады. Өндіріс орнының іске қосылуы нәтижесінде 30 жаңа жұмыс орны ашылып, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік жасалады деп жоспарлануда.
Қазіргі таңда нысанды қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, газ құбыры желілерін тарту, электрмен жабдықтау жүйесін күшейту және өзге де инженерлік коммуникацияларды жүргізу бағытында тиісті жұмыстар атқарылуда.
Жұмыс барысымен Азат Оралбаев құрылыс алаңына барып танысып, газбен қамту жұмыстарының жүргізілу қарқынын бақылады. Аудан әкімі жобаның стратегиялық маңызын атап өтіп, инфрақұрылымдық жұмыстардың сапалы әрі уақытылы орындалуы қажеттігін ескертті.
Қазіргі таңда бастапқы іске қосу кезеңіне қажетті орта қысымды газ құбыры толық тартылып, техникалық шарттар алынған. Сонымен қатар өндірісті толық қуатта іске қосуға арналған жоғары қысымды газ құбырының жобасы мемлекеттік сараптама қарауына жолданған.
Бұдан бөлек, кәсіпорын электр желілеріне қосылып, қосымша қуат көздерін алу бойынша да жұмыстар жүргізілуде. Бұл өндірістің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге және технологиялық процестердің тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік береді.
Жоспарға сәйкес, алдағы маусым айында жоба жаңа кезеңге өтіп, газ құбырына толық қосу жұмыстары басталмақ. Бұл кезең өндірістің толық іске қосылуына және зауыттың жоспарланған қуаттылыққа шығуына жол ашады.
Жалпы алғанда, аталған жоба Ордабасы ауданы-ның өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын құруға, инвестиция тартуға және өңір экономикасының тұрақты дамуына серпін беретін маңызды өндірістік бастама болып табылады.


