Түлкібас ауданында сапалы ауызсуға қолжетімділік артып келеді

Oinet.kz 12-05-2026

image.png

Түлкібас ауданында елді мекендерді сапалы ауызсумен қамтамасыз ету бағытындағы инфрақұрылымдық жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Ауызсу мәселесін шешу – тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, санитарлық жағдайды жақсартуға және ауылдық аумақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды міндеттердің бірі.

Осыған байланысты аудан әкімі Асқар Естібаев бірқатар ауылдық округтерде жүргізіліп жатқан ауызсу жүйелерін жаңарту және жаңа нысандар салу жұмыстарымен арнайы танысты.

Алдымен аудан басшысы Жаскешу ауылдық округіне қарасты Пістелі ауылында болды. Мұнда тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында жалпы ұзындығы 1,2 шақырым болатын диаметрі 110 мм құбыр тартылып, 15 құдық орнатылған. Бұл жұмыстар ауыл тұрғындарының таза ауызсуға қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Балықты ауылдық округіндегі Көкбұлақ ауылында да ауызсу сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстар жүргізілуде. Ауылдағы сумен жабдықтау жүйесін жаңғырту арқылы тұрғындарға тұрақты әрі сапалы ауызсу жеткізу көзделіп отыр.

Бұдан бөлек, Машат ауылдық округіне қарасты Қызылбастау ауылында жаңа ұңғыма қазылып, 205 метр аумақ қоршалған. Сонымен қатар жаңа су мұнарасы орнатылып, диаметрі 110 мм болатын құбыр арқылы 7 шақырым абоненттік желі тартылған. Бұл ауылдағы су жүйесінің қуатын арттырып, тұрғындарды үздіксіз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ Еңбекші ауылында да ауызсу жүйесін жақсарту бағытындағы жұмыстар атқарылуда. Мұнда жаңа су мұнарасы мен су сорғысы орнатылып, 800 метр құбыр жүргізілген.

Ауызсу нысандарын аралау барысында Асқар Естібаев су көздерінің санитарлық қауіпсіздігіне ерекше назар аударып, нысандар маңына ағаш отырғызуды және бейнебақылау жүйесін орталықтандырылған түрде бақылауды ұйымдастыруды тапсырды. Бұл шаралар ауызсу көздерін қорғауға және инфрақұрылым нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Айта кетейік, жуырда Келтемашат ауылдық округіндегі Жиынбай ауылының тұрғындары 200 метрлік құбыр арқылы сапалы ауызсумен қамтамасыз етілген болатын. Сонымен қатар Даубаба ауылында 27 тұрғын үйге ауызсу тартылып, ұзындығы 3 шақырым болатын диаметрі 110 мм құбыр жүргізілді.

Жалпы алғанда, Түлкібас ауданында жүзеге асырылып жатқан мұндай инфрақұрылымдық жобалар ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға, халық денсаулығын жақсартуға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң серпін беруге ықпал етуде.

Ордабасы ауданында 9 млрд теңгелік ірі зауыт құрылысы жүріп жатыр
Түркістан қаласында 400-ге жуық жаңа аялдама орнатылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу