Түлкібас ауданында саумалмен емдейтін жаңа туристік кешен бой көтеріп жатыр

Түлкібас ауданы Жаскешу ауылдық округіне қарасты Пістелі ауылында «Saumal De Lux» туристік-сауықтыру кешенінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Аталған жоба өңірдің туристік әлеуетін арттыруға, экологиялық және сауықтыру туризмін дамытуға бағытталған маңызды инвестициялық бастамалардың бірі саналады.
Осыған байланысты Асқар Естібаев нысанға арнайы барып, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Аудан басшысы жүзеге асырылып жатқан жобаның өңір экономикасы мен туризм саласы үшін маңыздылығын атап өтіп, құрылыс сапасы мен мерзімінің қатаң бақылауда болуын тапсырды.
Туристік кешеннің басты ерекшелігі – саумалмен емдеу және сауықтыру қызметтерін ұсынуы. Бұл жоба табиғи емдік туризм бағытын дамытуға мүмкіндік беріп, өңірге келетін туристер санын арттыруға ықпал етеді деп күтілуде.
Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 90 пайызы аяқталған. Жоба 2026-2027 жылдар аралығында кезең-кезеңімен іске асырылмақ. Биыл жалпы аумағы 1 280 шаршы метрді құрайтын заманауи қонақ үй пайдалануға беріледі. Қонақ үйде 14 стандартты және 2 VIP бөлме қарастырылған.
Сонымен қатар жоба аясында мейрамхана, жазғы демалыс аймағы және әрқайсысының көлемі 160 шаршы метр болатын 3 ерекше үлгідегі демалыс үйі салынуда. Бұл нысандар келушілерге қолайлы әрі сапалы қызмет көрсетуге бағытталған.
Жобаның екінші кезеңінде аумағы 1080 шаршы метр болатын спорт кешені, жазғы бассейн, 10 глэмпинг және 5 киіз үй бой көтереді. Бұдан бөлек, балық шаруашылығын дамыту, Көкбұлақ өзені үстінен екі аспалы көпір салу және тау бөктерімен өтетін ұзындығы 1,5 шақырым болатын жаяу жүргіншілер жолын жасау жоспарланып отыр.
Кешеннің бірінші кезеңі биылғы 1 шілдеге дейін толық аяқталады деп күтілуде. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілуде.
Құрылыс жұмыстарымен танысқан Асқар Естібаев әкімдік тарапынан газ, электр жарығы, жол және өзге де инженерлік инфрақұрылымдарды жүргізуге жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді. Сонымен қатар мердігер мекемелерге құрылыс сапасын сақтап, жобаны белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Жалпы алғанда, «Saumal De Lux» туристік-сауықтыру кешенінің іске қосылуы Түлкібас ауданында туризм индустриясын дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беруге мүмкіндік жасайды деп күтілуде.


