Созақ аудандық орталық ауруханасы күрделі жөндеуден өтіп жатыр

Oinet.kz 11-05-2026

image.png

Созақ ауданында денсаулық сақтау саласын дамыту және тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызмет сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы орайда аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков және ауданға арнайы жұмыс сапарымен келген Асхан Байдуалиев «Созақ аудандық орталық ауруханасы» ғимаратында жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.

Жұмыс сапары барысында жауапты сала мамандары мен мердігер мекеме өкілдерімен кездесіп, нысанда атқарылып жатқан құрылыс-монтаждау жұмыстары және алдағы жоспарлар жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар құрылыс сапасын сақтау, жұмысты белгіленген мерзімде аяқтау және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау мәселелері назарға алынды.

Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков денсаулық сақтау нысандарының сапалы болуы халық денсаулығы үшін аса маңызды екенін атап өтіп, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Өз кезегінде Асхан Байдуалиев медициналық мекеменің жаңғыртылуы аудан тұрғындарына қолайлы әрі сапалы медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік беретінін жеткізді.

Айта кетейік, жоба аясында аурухана ғимараты толықтай жаңғыртылып, заманауи талаптарға сай бейімделеді. Нәтижесінде медициналық мекеменің материалдық-техникалық базасы күшейіп, емделушілерге қолайлы жағдай жасалады. Сонымен қатар заманауи медициналық құрал-жабдықтарды орнатуға мүмкіндік туып, дәрігерлердің жұмыс тиімділігі артады деп күтілуде.

Аталған жоба Қазатомөнеркәсіп демеушілігі арқылы жүзеге асырылып отыр. Бұл – бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған маңызды қолдаулардың бірі.

Құрылыс-монтаждау жұмыстары 2026 жылдың 11 сәуірінде басталған. Жоспарға сәйкес жоба 2027 жылдың 31 қазанында толық аяқталады. Қазіргі таңда нысанның іргетасы мен қабырғаларын күшейту, темір қаңқаларын орнату және құрылыс қалдықтарын шығару жұмыстары жүргізілуде. Нысанда 30-дан астам жұмысшы мен арнайы техника жұмылдырылған.

Жалпы алғанда, Созақ ауданында жүзеге асырылып жатқан бұл жоба өңірдегі денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртуға, халыққа көрсетілетін медициналық қызмет сапасын арттыруға және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң серпін беруге бағытталған маңызды бастамалардың бірі болып табылады.

Түлкібас ауданында саумалмен емдейтін жаңа туристік кешен бой көтеріп жатыр
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу