Саурандағы салауатты ауыл көпке үлгі

Түркістан облысында ішімдік пен темекіден бас тартып, салауатты өмір салтын ұстанған ауылдардың қатары артып келеді. Осындай үлгілі елді мекендердің бірі – Сауран ауданындағы Нұртас ауылы. Берекесі мен бірлігі жарасқан ауыл тұрғындары зиянды әдеттерден бас тартып қана қоймай, жастар тәрбиесіне, қоғамдық тәртіп пен тазалыққа ерекше көңіл бөліп отыр.
Бүгінде Нұртас елдімекенінде 1835 адам тұрады. Ауылда 1 мектеп пен 2 балабақша жұмыс істейді. Сонымен қатар тұрғындарға қызмет көрсететін 3 дүкен бар. Алайда бұл дүкендерде алкогольді ішімдік пен темекі өнімдері сатылмайды. Мұндай бастама ауыл ақсақалдары мен тұрғындардың ортақ келісімі арқылы жүзеге асқан.
Ауыл халқы негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Төрт түлікті тіршілік көзіне айналдырған тұрғындар құрт-майын дайындап, адал еңбекпен күн көріп отыр. Мұндағы жұрт табиғатпен етене өмір сүріп, таза тіршілікті таңдаған. Сондықтан денсаулыққа зиянды өнімдерден бас тартуды ауылдың болашағы үшін маңызды қадам деп есептейді.
Тұрғындардың айтуынша, ішімдіксіз орта ауылдағы ауызбіршілік пен татулықтың нығаюына әсер еткен. Ақсақалдар жастарға ақылын айтып, өнегелі тәрбиесін көрсетсе, жас буын үлкендердің жолын жалғап, ауылды дамытуға үлес қосып келеді. Әсіресе жастар спортпен шұғылданып, еңбекке араласып, қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысады.
Қазақ халқының «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген нақылын ұстанған ауыл тұрғындары қоршаған ортаны қорғауға да ерекше мән береді. Нұртас ауылында ағаш отырғызу, сенбілік ұйымдастыру, көшелерді тазалау секілді игі шаралар дәстүрге айналған. Мұндай жұмыстарға ауылдың үлкені де, кішісі де жұмыла қатысады.
Ауыл тұрғындары қоғамдық тыныштық пен тәртіптің сақталуына учаскелік полиция инспекторларының қосып отырған үлесі зор екенін айтады. Олардың сөзінше, полиция қызметкерлері халықпен тығыз байланыс орнатып, әр отбасының жағдайынан хабардар болып отырады.
Ал учаскелік полиция инспекторлары ауылдағы профилактикалық жұмыстарды күнделікті жүргізеді. Тұрғындармен тұрақты кездесулер өткізіліп, құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында түсіндіру шаралары ұйымдастырылады. Әсіресе жастар тәрбиесіне ерекше көңіл бөлінеді.
Ішімдік пен темекіден бас тарту қоғамдағы қылмыстың азаюына тікелей әсер етеді. Себебі көптеген құқық бұзушылықтар дәл алкогольдің әсерінен орын алады. Ішімдік адамның денсаулығына ғана емес, психологиялық жағдайына да кері әсер етіп, агрессия мен жанжалдың көбеюіне себеп болады.
Дәрігерлер алкоголь жүрек-қан тамырлары ауруларына, бауыр циррозына, жүйке жүйесінің бұзылуына әкелетінін айтады. Ал темекі өкпе аурулары мен қатерлі ісіктің негізгі себептерінің бірі саналады. Сондықтан мұндай зиянды әдеттерден бас тарту – ұлт денсаулығын сақтаудың маңызды жолы.
Бүгінде Түркістан облысында бірнеше ауылда соңғы бірнеше жыл қатарынан қылмыс тіркелмеген. Бұл – полиция мен қоғамның бірлескен жұмысының нәтижесі. Ел ішінде тыныштық орнатып, қауіпсіз орта қалыптастыру үшін құқық қорғау органдары, ақсақалдар кеңесі, қоғам белсенділері мен жастар ұйымдары бірлесе жұмыс атқарып келеді.
Нұртас ауылының тұрғындары мұндай бастамалар ең алдымен келешек ұрпақ үшін қажет екенін айтады. Себебі салауатты ортада өскен бала жаман әдеттен аулақ болып, елінің жанашыры болып қалыптасады.
Қазіргі таңда «Ішімдіксіз ауыл» жобасы өңір тұрғындары арасында кең қолдау тауып отыр. Бұл бастама қоғамдық тәртіпті күшейтіп қана қоймай, отбасы құндылықтарын нығайтуға, жастар тәрбиесін жақсартуға және халықтың өмір сапасын арттыруға оң әсер етуде.
Осы ретте полиция мен қоғам бірлесе отырып, ізгілікке бет бұрған ауылдар қатарын көбейту және қылмыссыз қоғам құру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса бермек.


