Жаңажолдың жарқын жолы

Oinet.kz 30-05-2026

image.png

Түркістан облысында тұрғындары зиянды әдеттерден саналы түрде бас тартып, салауатты өмір салтын ұстанған ауылдар көпшілікке үлгі болып отыр. Соңғы жылдары өңір тұрғындары салауатты өмір салтын ұстанып, қоғам тыныштығын сақтау мақсатында алкоголь өнімдерінен бас тартуға ерекше көңіл бөлуде. Осындай өнегелі ауылдардың бірі – Төлеби ауданына қарасты Жаңажол ауылы.

Бүгінде бұл ауылдың дүкен сөрелерінен алкогольді ішімдік атаулыны кездестіру мүмкін емес. Мұнда 2500-ден астам тұрғын арақ-шараптан түбегейлі бас тартқан. Ауыл халқының айтуынша, мұндай бастама ең алдымен ел ішіндегі тыныштықты сақтау, жастарды жаман әдеттерден қорғау және отбасылық құндылықтарды нығайту үшін қолға алынған.

Жаңажол ауылында соңғы үш жыл бойы бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Бұл – ауыл тұрғындарының ауызбіршілігі мен тәртіпке деген жауапкершілігінің нақты көрінісі. Ауылдағы алты дүкеннің ешқайсысында ішімдік пен насыбай сатылмайды. Тұрғындар зиянды өнімдерден саналы түрде бас тартқан.

Осы ауылдың келіні әрі дүкен сатушысы Сандуғаш Тағайбекқызы мұндай ауылда өмір сүретінін мақтан тұтатынын айтады.

– Осы ауылға келін болып түскеніме 17 жылдай болды. Біздің ауылда ішімдік сатылмайды. Насыбай деген мүлдем жоқ. Мұндай тәртіптің болғаны дұрыс деп ойлаймын. Ауылымыз өте тыныш. Керемет ауыл деп мақтанып айта аламын, – дейді ол.

Ауыл ақсақалдары бастаған бұл игі бастамаға жергілікті кәсіпкерлер де қолдау білдірген. Дүкен иелері халық денсаулығы мен ел тыныштығын бәрінен жоғары қойып, алкоголь өнімдерін саудадан алып тастаған. Бұл бастаманы ауыл жастары да қолдап отыр.

Жастардың айтуынша, ішімдіктен бас тарту – тек денсаулықты сақтау ғана емес, қоғамдағы көптеген мәселелердің алдын алу жолы. Себебі алкоголь отбасылық жанжалдардың, зорлық-зомбылықтың, ұрлық пен құқық бұзушылықтардың негізгі себептерінің бірі болып саналады.

Төлеби аудандық жастар орталығының басшысы Беглан Ақылбектің сөзінше, ішімдік көптеген отбасының шаңырағын шайқалтып отыр.

– Ішімдік шаңырақтың берекесін кетіреді. Қаншама отбасылық жағдайлар туындап жатады. Ұру, соғу, зорлық-зомбылық, ажырасу — мұның барлығының түпкі себептерінің бірі ішімдік. Сондықтан ауылымызда зорлық-зомбылық болмасын, ұрлық-қарлық болмасын деген ниетпен біз ішімдікке шектеу қойдық, – дейді ол.

Шынында да, мамандар алкогольдің қоғамға тигізетін зияны орасан екенін айтады. Ішімдік адамның денсаулығына ғана емес, психологиялық жағдайына да кері әсер етеді. Ол жүйке жүйесін әлсіретіп, адамның ашушаң болуына, агрессияның күшеюіне алып келеді. Соның салдарынан тұрмыстық жанжалдар, төбелес пен құқық бұзушылық көбейеді.

Дәрігерлердің мәліметінше, алкоголь жүрек аурулары, бауыр циррозы, қан қысымының көтерілуі және жүйке жүйесінің бұзылуы сияқты ауыр дерттерге себеп болады. Сонымен қатар ішімдікке тәуелділік адамның еңбекке қабілетін төмендетіп, қоғамнан оқшаулануына алып келеді.

Темекі мен насыбайдың да зияны аз емес. Әсіресе жастар арасында насыбай қолданудың көбеюі денсаулыққа үлкен қауіп төндіреді. Оның құрамындағы улы заттар ауыз қуысы ауруларын, асқазан дерттерін және қатерлі ісікті тудыруы мүмкін.

Сондықтан Жаңажол ауылындағы бастама – тек бір ауылдың емес, тұтас қоғамның саулығына бағытталған маңызды қадам. Мұнда үлкендер жастарға өнеге көрсетіп, салауатты өмір салтын насихаттауды басты міндеттердің бірі санайды.

Ауылда учаскелік полиция инспекторлары да жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Тәртіп сақшылары тұрғындармен тұрақты байланыс орнатып, құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында түсіндіру жұмыстарын үздіксіз ұйымдастырады. Олар ауыл тыныштығын тәулік бойы бақылауда ұстап, халықпен етене жұмыс істейді.

Тұрғындардың айтуынша, мұндай жұмыстардың нәтижесінде ауылда тыныштық орнаған. Кешкі уақытта көшелерде еркін жүруге болады, тұрғындар өздерін қауіпсіз сезінеді. Ауылда өзара сыйластық пен бірлік нығайып, жастар жаман әдеттерден алшақтай түскен.

Қазіргі таңда Түркістан облысында «ішімдіксіз ауыл» бастамасы кеңінен қолдау тауып отыр. Себебі мұндай ауылдарда қылмыс азайып, отбасы құндылықтары нығайып, тұрғындардың өмір сүру сапасы артып келеді.

Жаңажол ауылы – салауатты өмір салтын таңдаған, тәртіп пен татулықты ту еткен елді мекендердің бірі. Мұндай игі бастамалар қоғамның қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, келер ұрпақтың саналы әрі тәрбиелі болып өсуіне үлкен ықпал ететіні сөзсіз.

Саурандағы салауатты ауыл көпке үлгі
Түркістанда зиянды әдеттерге қарсы күрес күшейген
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу