Арыстағы жаңа теміржол депосы өңір экономикасына серпін бермек

Арыс қаласында халықаралық деңгейдегі жетекші серіктес – француздық Alstom компаниясының электровоздарға арналған жаңа сервистік депосының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бұл жоба қаланың стратегиялық маңызын арттырып қана қоймай, өңірдің көлік-логистика саласындағы даму бағытына тың серпін беретін ірі инфрақұрылымдық бастама ретінде бағалануда.
Жаңа сервистік орталық Арысты еліміздің маңызды теміржол торабы ретінде нығайтып, оны халықаралық транзиттік жүйедегі негізгі техникалық қызмет көрсету хабтарының біріне айналдыруды көздейді. Жоба толық іске қосылған жағдайда өңірде электровоздарға қызмет көрсету мен жөндеу жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылатын заманауи өндірістік база қалыптасады.
Осыған орай, мүдделі тараптар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған арнайы таныстыру сапары ұйымдастырылып, құрылыс барысы кеңінен таныстырылды. Шара барысында қонақтар болашақ депоның техникалық мүмкіндіктерімен және енгізілетін заманауи технологиялық шешімдермен танысты.
Іс-шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Франция Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Жоғары Мәртебелі Сильван Гиоге, Alstom компаниясының Батыс және Орталық Азия бойынша басқарушы директоры Жером Бойе, Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев, сондай-ақ Қазақстан темір жолы ұлттық компаниясы мен салалық мекемелердің өкілдері қатысты.
Жиында сөз сөйлеген Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев жобаның өңір үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, халықаралық серіктестермен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан мұндай бастамалар Арыс қаласының өндірістік әлеуетін арттырып, экономиканы әртараптандыруға жол ашады.
– Бұл жоба – Арыс қаласының жаңа даму кезеңінің бастауы. Ең бастысы, ол жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындарын ашып, жас мамандардың кәсіби дамуына мүмкіндік береді, – деді ол.
Өз кезегінде Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сильван Гиоге Қазақстан мен Франция арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың тұрақты түрде дамып келе жатқанын атап өтті.
– Қазақстан мен Франция арасындағы серіктестік жыл сайын нығайып келеді. Арыс қаласындағы бұл жоба – сол сенімді әріптестіктің айқын дәлелі. Ол тек экономикаға емес, өңірлік дамуға да айтарлықтай үлес қосады, – деді елші.
Шара барысында жобаның сәтті жүзеге асуын білдіретін ескерткіш тақтаның ресми ашылуы өтті. Бұл символикалық рәсім құрылыс жұмыстарының маңызды кезеңге жеткенін көрсетеді.
Жаңа депо Alstom мен Қазақстан Республикасы Үкіметі арасындағы инвестициялық келісім аясында іске асырылуда. Арыс қаласындағы нысан – еліміз бойынша салынатын төрт сервистік орталықтың бірі.
Жоба толық іске қосылғаннан кейін ол электровоздарға техникалық қызмет көрсету мен жөндеу жұмыстарын жүргізетін негізгі өндірістік орталыққа айналады. Жоспарға сәйкес, жаңа депо ай сайын 120 локомотив секциясына дейін, жылына 1440 секцияға қызмет көрсету қуатына ие болады.
Мамандардың айтуынша, бұл көрсеткіш теміржол тасымалының тиімділігі мен сенімділігін арттырып, ішкі және халықаралық бағыттардағы жүк және жолаушы тасымалының сапасын жақсартуға ықпал етеді.
Сонымен қатар, Арыс қаласының Орта дәліз бойындағы қолайлы географиялық орналасуы жаңа депоның өңірлік сервис хабы ретіндегі маңызын күшейтеді. Бұл Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыруға және халықаралық логистикалық бағыттардағы рөлін нығайтуға мүмкіндік береді.
Жоба аясында жалпы көлемі 50 миллион еуро болатын инвестициялық бағдарлама іске асырылып, еліміз бойынша шамамен 700 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Бұл бастама еңбек нарығына оң әсер етіп, білікті мамандарды тартуға және жаңа инженерлік кадрларды даярлауға жол ашады.
Сапар соңында қатысушылар құрылыс алаңын аралап, болашақ сервистік депоның инфрақұрылымымен және өндірістік қуатымен танысты. Жоба толық аяқталғаннан кейін Арыс қаласы еліміздің теміржол жүйесіндегі маңызды техникалық орталықтардың біріне айналмақ.


