Түркістан мен Ташкент облыстары жаңа серіктестік кезеңіне қадам басты

Oinet.kz 29-05-2026

image.png

Өзбекстан Республикасының Ташкент облысында Түркістан және Ташкент облыстары кәсіпкерлерінің қатысуымен «Шекарасыз ынтымақтастық» тақырыбындағы халықаралық бизнес-форум өз жұмысын бастады. Ауқымды іс-шара өңіраралық экономикалық байланыстарды нығайтуға, инвестициялық мүмкіндіктерді кеңейтуге және екіжақты сауда-өнеркәсіптік әріптестікті жаңа деңгейге шығаруға бағытталған маңызды диалог алаңы ретінде ұйымдастырылды.

Форумға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған ресми және бизнес-делегация қатысты. Сондай-ақ Ташкент облысының мемлекеттік құрылым өкілдері, ірі компания басшылары, инвесторлар мен кәсіпкерлер бас қосып, өңірлер арасындағы өзара тиімді серіктестікті дамыту жолдарын жан-жақты талқылады. Жалпы алғанда, іскерлік алаңға екі өңірден 200-ге жуық кәсіпкер мен инвестор жиналды.

Форумның негізгі мақсаты – Қазақстан мен Өзбекстанның шекаралас өңірлері арасындағы экономикалық, инвестициялық және туристік байланыстарды күшейту. Қатысушылар өндіріс, ауыл шаруашылығы, логистика, туризм және шағын және орта бизнес салаларындағы бірлескен жобалардың әлеуетін қарастырды.

Форум барысында Ташкент облысының хокимі Зойир Мирзаев пен Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров құттықтау сөз сөйлеп, екі өңір арасындағы достық қарым-қатынастың стратегиялық серіктестік деңгейіне көтеріліп келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар екі облыстың инвестициялық әлеуеті таныстырылып, жаңа жобаларға жол ашатын нақты бағыттар ұсынылды.

Өз сөзінде Ташкент облысының хокимі Зойир Мирзаев Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тарихи достық пен стратегиялық әріптестіктің нақты нәтижелер беріп отырғанын ерекше атап өтті.

– Қазақстан мен Өзбекстан президенттері екі бауырлас халықтың ынтымақтастығын нығайтуға зор үлес қосып келеді. Бүгінде біздің қарым-қатынастарымыз нақты экономикалық жобалар арқылы бекіп отыр. Бұл форум өңірлеріміз үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Біз бірлескен инвестициялық бастамаларды жүзеге асыруға дайынбыз, – деді ол.

Өз кезегінде Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров форумның маңыздылығына тоқталып, бұл алаң тек пікір алмасу емес, нақты бизнес байланыстар орнатуға мүмкіндік беретін платформа екенін айтты.

– Бүгінгі форум – достық пен өзара тиімді экономикалық ынтымақтастықты нығайтудың маңызды алаңы. Қазақстан мен Өзбекстанды ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан тарихи және рухани байланыстар біріктіреді. Мемлекет басшыларының саяси ерік-жігерінің арқасында екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік жаңа сапалы деңгейге көтерілді. Шекаралас өңірлер бұл үдерісте ерекше рөл атқарады, – деді облыс әкімі.

Оның айтуынша, Түркістан облысы шетелдік және отандық инвесторлар үшін қолайлы аймаққа айналып келеді. Өңірде ауыл шаруашылығы, тоқыма өнеркәсібі, тамақ өндірісі, туризм, логистика және шағын бизнес салалары қарқынды дамуда.

Бүгінде Түркістан облысында жалпы инвестиция көлемі 6 миллиард АҚШ долларын құрайтын 122 жоба жүзеге асырылуда. Өңірде инвесторларға қолайлы жағдай жасалып, 21 индустриялық аймақ (жалпы 1 960 гектар) және 1 400 гектар аумақта арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді. Бұл аймақтар толық инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етіліп, салықтық және кедендік жеңілдіктер қарастырылған.

Сонымен қатар инвесторларға дайын өндірістік ғимараттарды жалға алу немесе жеңілдетілген шарттармен сатып алу мүмкіндігі ұсынылуда. Бұл факторлар өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, жаңа өндірістердің ашылуына жағдай жасап отыр.

Қазіргі таңда Түркістан облысында өзбекстандық инвесторлардың қатысуымен бірқатар ірі жобалар сәтті жүзеге асырылуда. Олардың қатарында 10 мың басқа арналған ет комбинаты мен бордақылау алаңы, тамшылатып суару жүйелерін өндіретін зауыт және күнбағыс майын шығаратын кәсіпорын бар. Бұл жобалар өңір экономикасының әртараптануына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етуде.

Форум барысында Қазақстан мен Өзбекстан мемлекеттері басшыларының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы жобасына ерекше назар аударылды. Бұл жоба Түркістан мен Ташкент облыстары арасындағы экономикалық байланысты тереңдететін стратегиялық платформа ретінде бағаланып отыр.

Іс-шара барысында өндірістік кооперациямен қатар туризм саласындағы әріптестікті дамыту мәселелері де кеңінен талқыланды. Тараптар ортақ туристік маршруттарды дамыту, мәдени-тарихи нысандарды біріктіре насихаттау және туристік ағынды арттыру бағытында ұсыныстарын ортаға салды.

«Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығының бас директоры А. Абубакиров Түркістан облысының туристік әлеуетін таныстырып, өңірдегі тарихи-мәдени мұралар мен жаңа туристік жобалар туралы баяндады.

Форум соңында тараптар өңіраралық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге, іскерлік байланыстарды нығайтуға және бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға уағдаласты. Қатысушылар мұндай алаңдардың тұрақты түрде өткізілуі екі ел арасындағы экономикалық интеграцияны күшейтіп, жаңа серіктестік мүмкіндіктерін ашатынын атап өтті.

«Шекарасыз ынтымақтастық» форумы Түркістан мен Ташкент облыстары арасындағы экономикалық қарым-қатынастарды жаңа деңгейге көтеріп, өңірлік дамудың маңызды драйверіне айналуда.

Арыстағы жаңа теміржол депосы өңір экономикасына серпін бермек
Нұралхан Көшеров Ташкент облысындағы озық өнеркәсіптік және туристік жобалармен танысты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу