Халықты еңбекпен қамту бағытындағы жұмыстар жанданады

Oinet.kz 02-06-2026

image.png

Түркістан облысы әкімдігінде өткен апталық аппараттық мәжілісте өңірдегі халықты жұмыспен қамту шараларының орындалу барысы талқыланды. Жиын барысында еңбек нарығын дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіру мәселелері жан-жақты қаралды.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров аталған саладағы бірқатар өзекті мәселелер мен түйткілдерге тоқталып, жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне жұмысты жандандыру жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Өз сөзінде облыс әкімі өңірде жаңа өндіріс орындары мен зауыттардың ашылып жатқанын атап өтіп, осы кәсіпорындарға жергілікті тұрғындарды барынша тарту қажеттігін айтты.

– Өңірімізде өндіріс орындары, зауыттар ашылып жатыр. Сол зауыттарға жергілікті тұрғындарды жұмысқа орналастыру керек. «Мансап» орталықтары мен жауапты басқармалар бұл жұмысты үйлестіруі тиіс. Сонымен қатар тұрғындарға кәсіпорындарда экскурсия ұйымдастырып, бос жұмыс орындары туралы кеңінен ақпарат беру қажет. Қолда бар мүмкіндікті тиімді пайдалану керек, – деді Нұралхан Көшеров.

Сонымен қатар аймақ басшысы кәсіпорындардың зейнетақы аударымдарын уақытылы аударуын, электронды еңбек шарттарының толық енгізілуін және еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуын қатаң бақылауға алуды тапсырды.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, өңірде еңбек қатынастарын заңдастыру және әлеуметтік төлемдердің тұрақтылығын қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Бүгінгі күнге дейін жоспарланған 11 509 адамның 8 485-імен еңбек шарттары электронды форматта рәсімделген. Бұл іске 2 964 мекеме тартылып, цифрлық жүйені енгізу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.

Міндетті зейнетақы жарналарын аудару бағытында да оң динамика байқалады. Қазіргі таңда облыс көлемінде 9 743 мекеме 47 431 азамат үшін зейнетақы жарналарын тұрақты түрде аударып отыр. Бұл еңбеккерлердің әлеуметтік қорғалу деңгейін арттырып, болашақ зейнетақы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге ықпал етеді.

Сонымен қатар еңбек қауіпсіздігін күшейту мақсатында жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шарттарын рәсімдеу жұмыстары жалғасуда. Бүгінге дейін 308 мекемеде тиісті сақтандыру шарттары жасалған.

Мәжілісте жастарды жұмыспен қамту мәселесіне ерекше назар аударылды. Облыста тіркелген жұмыссыздар арасынан NEET санатындағы жастарды анықтау және оларды еңбек нарығына тарту бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Бұл жастардың әлеуметтік белсенділігін арттырып, тұрақты жұмысқа орналасуына мүмкіндік бермек.

Жиын қорытындысы бойынша халықты жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстарды күшейту, электронды еңбек шарттарын толық енгізу, міндетті зейнетақы жарналарының уақытылы аударылуын қамтамасыз ету және еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуын бақылау бойынша нақты тапсырмалар берілді. Сонымен қатар NEET санатындағы жастармен жұмысты жүйелеу және оларды тұрақты жұмыспен қамту шараларын кеңейту міндеттелді.

Түркістан облысында бақша өнімдерін жинау науқаны басталды
Өңірде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары күшейтілді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу