Созақта 29 отбасы қоныс тойын тойлады

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында Түркістан облысы Созақ ауданы орталығындағы Жеткіншек ықшам ауданында 29 отбасыға жаңа пәтерлердің кілті салтанатты түрде табысталды. Бұл игі іс-шара әлеуметтік қолдауды күшейту және тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету бағытындағы мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесі ретінде жүзеге асты.
Жаңа пәтерлер әлеуметтік осал топ санатына жататын азаматтар мен көпбалалы отбасыларға берілді. Қоныс тойының қуанышын бөлісуге аудан тұрғындары, ардагерлер мен қоғам өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков жаңа қоныс иелерін құттықтап, тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстардың жүйелі түрде жалғасып жатқанын атап өтті.
– Баспана – әр шаңырақтың берекесі мен бақытының бастауы. Бүгінгі қоныс тойы – мемлекетіміздің әлеуметтік қолдау саясатының нақты көрінісі. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халықтың тұрмыс сапасын арттыру мен тұрғын үйге қолжетімділікті қамтамасыз етуді мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі ретінде айқындап отыр. Соның нәтижесінде ауданымызда да тұрғын үй құрылысы мен бөлу жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде, – деді аудан әкімі.
Сондай-ақ аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев жаңа пәтер иелеріне ізгі тілегін жеткізіп, олардың отбасына амандық пен береке тіледі.
Салтанатты рәсім барысында баспана иелері мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауға ризашылықтарын білдіріп, көптен күткен қуаныштарын бөлісті.
Айта кетейік, қазіргі уақытта тұрғын үй кезегіне қою және азаматтарды іріктеу жұмыстары қолданыстағы заңнамаға сәйкес «Отбасы банк» АҚ-ның бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылуда. Тұрғын үй алушылардың мәртебесі, кезектегі орны және әлеуметтік санаты негізінде баспана бөлу тәртібі айқындалады.
Бүгінде Жеткіншек ықшам ауданында тұрғын үй құрылысы қарқынды жалғасуда. Қазіргі таңда пайдалануға дайын тағы 47 пәтер бар, олар құжаттандыру рәсімдері аяқталғаннан кейін кезең-кезеңімен тұрғындарға табысталмақ. Сонымен қатар 20 пәтерлі жаңа тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілуде.
Бұдан бөлек, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ-ның еншілес ұйымдарының демеушілігімен жаңғырту бағдарламасы аясында 16 пәтерлі екі қабатты тұрғын үйдің құрылысы да қолға алынған. Бұл бастама ауданның тұрғын үй қорын кеңейтіп, әлеуметтік қолдауды арттыруға мүмкіндік беріп отыр.
Жалпы алғанда, Созақ ауданында тұрғын үй құрылысы кезең-кезеңімен дамып, әлеуметтік осал топтарды баспанамен қамту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.


