512 отбасы баспаналы болды

ҚР Мемлекеттік рәміздер күні Түркістан қаласында 512 отбасы, яғни 3 мыңнан астам адам баспаналы болды. Бұл – өңір тұрғындары үшін айтулы мереке күнімен тұспа-тұс келген маңызды әлеуметтік қолдаудың көрінісі. Ал өткен жылы облыс көлемінде 3564 азаматқа пәтер кілті табысталған.
Түркістандық тұрғындардың қуанышын бөлісуге арнайы барған Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Жібек жолы» тұрғын үй кешенінде өткен салтанатты рәсімде жаңа қоныс иелеріне пәтер кілттерін табыстап, ізгі тілегін жеткізді.
Өңір басшысы өз сөзінде баспананың әр отбасы үшін өмірлік маңызы зор екенін атап өтіп, мемлекет тарапынан тұрғын үй құрылысы мен кезекте тұрған азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып жатқанын айтты.
– Баршаңызды бүгінгі жүректі тебірентер қуанышты сәтпен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – жүздеген отбасының көптен күткен арманы орындалған ерекше күн. Баспана – әр отбасының бақыты мен тұрақтылығының негізі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халықтың әл-ауқатын арттыру мен тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін үнемі басты басымдық ретінде айқындап келеді. Соның нәтижесінде өңірімізде тұрғын үй құрылысы қарқынды дамып, мыңдаған азамат баспаналы болуда, – деді Нұралхан Көшеров.
Облыс әкімі өткен жылы тұрғын үй кезегіндегі азаматтарға 3564 пәтер берілгенін, ал биыл 2292 пәтер беру жоспарланып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі 512 отбасының қоныс тойы – осы жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі.
Сондай-ақ өңір басшысы тұрғындарды жаңа аулаларды таза ұстауға, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарына белсенді қатысуға шақырды. Ол Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасының маңызын ерекше атап өтіп, әр азаматтың туған жердің көркеюіне үлес қосуы қажет екенін жеткізді.
Салтанатты рәсім барысында жаңа пәтер кілттерін алғандардың қатарында әлеуметтік осал топ өкілдері мен көпбалалы отбасылар бар екені белгілі болды. Бұл олардың тұрғын үй мәселесін шешудегі әлеуметтік қолдау тетіктерінің тиімділігін көрсетеді.
Айта кетейік, 2025 жылғы 24 мамырдан бастап тұрғын үй заңнамасына енгізілген өзгерістерге сәйкес, тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу, кезектілігін жүргізу және тұрғын үйлерді бөлу функциялары «Отбасы банк» АҚ-ға берілген болатын. Бүгін баспана алған азаматтар – жаңа жүйе бойынша іріктеліп, «Отбасы банк» арқылы жолдама алған алғашқы тұрғындар.
Түркістан облысында тұрғын үй құрылысы қарқынды дамып, әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде халықты баспанамен қамту жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда.


