Кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесі жеке қабылдау өткізді

Түркістан облысы Кентау қаласында Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің Кентау қаласы мен Сауран ауданы кәсіпкерлерін жеке қабылдауы өтті. Кездесу өңірдегі бизнес өкілдерінің өзекті мәселелерін тікелей талқылап, оларды шешу жолдарын айқындауға бағытталды.
Жиынға облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек, Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Нұралы Әбішов, Өңірлік кеңес мүшелері, Кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев, сондай-ақ облыстық басқармалар мен тиісті мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.
Алғашқы болып сөз алған облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті дамытуға ерекше назар аударылып отырғанын атап өтіп, бизнес пен билік арасындағы ашық диалогты нығайтудың маңыздылығына тоқталды.
– Мемлекет басшысы кәсіпкерлікті дамыту, бизнеске қолайлы жағдай жасау және кәсіпкерлердің мәселелерін жедел шешу міндеттеріне ерекше назар аударып келеді. Осы бағытта әкімдік тарапынан бірқатар қолдау тетіктері іске асырылуда. Соның бірі – кәсіпкерлер үшін 12,6 пайызбен несиелеуді көздейтін «Өрлеу» бағдарламасы. Биыл бұл бағдарлама арқылы 23 кәсіпкер 1,4 млрд теңге көлемінде қаржыландырылды. Сонымен қатар «Іскер аймақ» бағдарламасы іске қосылып, өтінімдер қабылдануда. Өндірістік ғимарат салуға ниетті кәсіпкерлерге инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген жер телімдерін ұсынуға дайынбыз, – деді Қанат Қайыпбек.
Жиын барысында Кентау қаласы мен Сауран ауданының кәсіпкерлері өзекті мәселелерін ортаға салды. Атап айтқанда, инфрақұрылым сапасын арттыру, теміржол логистикасын дамыту, суару жүйелерін жаңғырту, сондай-ақ қазақстандық тауар өндірушілер тізіліміне енгізу рәсімдерін жеңілдету мәселелері көтерілді.
Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Нұралы Әбішов кәсіпкерлер көтерген мәселелердің өңір экономикасын дамытудағы рөлі зор екенін атап өтіп, олардың шешілуі тұрақты экономикалық өсімге ықпал ететінін жеткізді.
Кездесу барысында әрбір мәселе бойынша жауапты мемлекеттік органдар мен мекемелердің өкілдері түсіндірме беріп, ұсыныстарды іске асыру тетіктері талқыланды. Барлық көтерілген мәселелер хаттамаға енгізіліп, олардың орындалуы Өңірлік кеңестің бақылауына алынды.
Мұндай форматтағы жеке қабылдаулар кәсіпкерлердің мәселелерін жергілікті жерде жедел қарастыруға, бюрократиялық кедергілерді азайтуға және бизнеске қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді. Түркістан облысында кәсіпкерлермен кездесулер тұрақты түрде өткізіліп, бизнес қауымдастықтың ұсыныстары жүйелі түрде қаралуда.
Жеке қабылдаудан кейін Өңірлік кеңес мүшелері өңірдің өндірістік әлеуетімен танысу мақсатында бірқатар кәсіпорынды аралады. Атап айтқанда, темір конструкцияларын өндіретін «Айдар Строй Групп» ЖШС және оптикалық кабель шығаратын «Kentau Cable Industries» ЖШС кәсіпорындарының жұмысы таныстырылып, өндірістік үдеріс барысы көрсетілді.
Айта кетейік, Түркістан облысы еліміздегі кәсіпкерлік субъектілері ең көп шоғырланған өңірлердің бірі болып саналады. Өңірде 205 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді.
Кәсіпкерлердің қаржылық және уақыттық шығындарын азайту мақсатында облыстың барлық аудан және қалаларында шағын өндірістік парктер жобасы жүзеге асырылуда. Бұл жоба аясында Сауран ауданында 8 ауылдық округте 130 өндірістік ғимарат салу және Кентау қаласы аумағында 10 өндірістік ғимарат құрылысы қолға алынған.


