Жыл басынан бері 35 мыңнан аса жұмыс орны ашылды

Oinet.kz 04-06-2026

image.png

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте өңірлік жұмыспен қамту картасының орындалу барысы қаралды. Жиында жаңа жұмыс орындарын ашу, инвестициялық жобаларды іске асыру және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелері кеңінен талқыланды.

Өңір басшысы жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне жұмыспен қамту көрсеткіштерін сапалы орындауды, инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды уақтылы іске асыруды және тұрақты жұмыс орындарын көбейтуді тапсырды. Сонымен қатар еңбек нарығындағы жоспарлы индикаторлардың орындалуын қатаң бақылауда ұстау қажеттігін атап өтті.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жұмыспен қамту саласындағы міндеттердің маңыздылығына тоқталып, қосымша инвестиция тарту арқылы жаңа тұрақты жұмыс орындарын ашу қажеттігін айтты.

– 2026 жылға жұмыспен қамту бойынша белгіленген индикаторларды уақтылы әрі сапалы орындау керек. Қосымша инвестиция тарту жаңа тұрақты жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Жұмыссыздық деңгейін төмендету бағытында нақты әрі нәтижелі шаралар қабылдау қажет, – деді өңір басшысы.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, биыл өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында 74 516 жұмыс орнын ашу жоспарланған. Оның ішінде 54 483 тұрақты және 20 033 уақытша жұмыс орны қарастырылған. 2026 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша өңірде 35 539 жұмыс орны ашылған, оның 19 100-і тұрақты, 16 439-ы уақытша жұмыс орындары.

Сондай-ақ тұрақты жұмыс орындарына 14 507 азамат жолданып, 16 027 адам субсидияланатын жұмыс орындарына тартылған. Бұл көрсеткіштер еңбек нарығын қолдау шараларының кезең-кезеңімен жүзеге асып жатқанын көрсетеді.

Ұлттық жобалар мен мемлекеттік бағдарламалар аясында биыл 284 инфрақұрылымдық жобаны іске асыру арқылы 2 465 жұмыс орнын ашу жоспарланған. Қазіргі таңда оның 105-і жүзеге асырылып, 935 жаңа жұмыс орны құрылған. Сонымен қатар Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орны» бастамасы шеңберінде 4 070 жұмыс орны ашылған.

Жыл басынан бері 16 мыңнан астам азамат субсидияланатын жұмыс орындарына жолданған. Олардың қатарында жастар практикасы, әлеуметтік жұмыс орындары, қоғамдық жұмыстар және «Күміс жас» жобасы бар. Бұл шаралар халықтың әртүрлі санаттарын жұмыспен қамтуға және еңбек нарығына бейімдеуге бағытталған.

Жиында әлеуметтік қолдау шараларының орындалуы да қаралды. Биыл облыс бойынша 59 мыңнан астам адамды атаулы әлеуметтік көмекпен қамту жоспарланған. 1 маусымдағы жағдай бойынша 42 771 адамға немесе 6 875 отбасыға әлеуметтік көмек тағайындалған. Нәтижесінде өңірдегі кедейлік деңгейі 2 пайызды құрап, жоспарлы көрсеткіш орындалған.

Сонымен қатар «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру мәселесі қаралды. Президент тапсырмасына сәйкес 2026–2029 жылдары жоба аясында 217 мыңнан астам ауыл тұрғынын қамту жоспарланып отыр. Биыл республикалық бюджеттен 15,3 млрд теңге бөлініп, 1 115 жобаны қаржыландыру және 1 400 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.

Мәжіліс қорытындысында өңір басшысы бірқатар аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларына сын-ескертпе айтып, жоспарлы индикаторларды орындамаған жағдайда жауапкершілік қаралатынын ескертті. Сонымен қатар жұмыспен қамту бағытындағы көрсеткіштерді толық орындау, тәуекел аймақтардағы жағдайды жақсарту және әлеуметтік бағдарламалардың тиімділігін арттыру жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

Түркістан облысында жұмыспен қамту саясаты экономикалық өсіммен қатар әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етудің негізгі бағыты ретінде жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.

Жаңа банк филиалы – өңірлік экономиканың драйвері
Кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесі жеке қабылдау өткізді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу