Жаңа банк филиалы – өңірлік экономиканың драйвері

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «ForteBank» АҚ Басқарма төрағасы Талғат Қуанышевпен және банктің Түркістан қаласы филиалының директоры Зәмзагүл Азатовамен кездесті. Кездесуде өңірдің қаржылық инфрақұрылымын дамыту және Түркістан қаласында жаңа заманауи банк филиалының ғимаратын салу мәселелері жан-жақты талқыланды.
Өңір басшысы Нұралхан Көшеров Түркістанның тек рухани және тарихи орталық қана емес, сонымен қатар қарқынды дамып келе жатқан іскерлік және инвестициялық хаб ретінде қалыптасып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, қалада кәсіпкерлік белсенділік артып, қаржылық қызметтерге деген сұраныс күн санап өсуде.
– Бүгінде Түркістан қаласы қарқынды дамып келеді. Мұнда іскерлік белсенділік артып, жаңа экономикалық мүмкіндіктер қалыптасуда. Сондықтан тұрғындар мен кәсіпкерлерге көрсетілетін қаржылық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру маңызды. Біз өңірге инвестиция салып, заманауи инфрақұрылым қалыптастыруға ниетті әріптестерді әрқашан қолдаймыз, – деді облыс әкімі.
Кездесу барысында Түркістан қаласында жаңа банк филиалының заманауи ғимаратын салу жобасы таныстырылды. Жобаға сәйкес, нысан 2–3 қабатты көпфункционалды кешен ретінде бой көтереді.
Ғимараттың айналасында клиенттерге қолайлы жағдай жасау үшін кең автотұрақ қарастырылады. Жоба архитектуралық тұрғыдан қаланың жалпы сәулеттік келбетіне үйлестіріліп, заманауи талаптарға сай салынбақ.
«ForteBank» басшылығы құрылыс жұмыстарын жақын арада бастауға дайын екенін жеткізді. Жоба 7–8 ай ішінде толық аяқталып, пайдалануға берілмек.
Сонымен қатар банк өкілдері Түркістан облысының өзге аудандарында да филиалдар ашу жоспарланып отырғанын атап өтті. Бұл өңірдегі қаржылық қызметтердің аясын кеңейтіп, халық пен бизнеске қолжетімділікті арттыруға мүмкіндік береді.
Жаңа банк филиалының ашылуы өңір экономикасына бірқатар оң әсер береді деп күтілуде. Атап айтқанда, шағын және орта бизнесті қаржыландыру мүмкіндіктері кеңейеді, жаңа жұмыс орындары ашылады және тұрғындарға цифрлық банктік қызметтердің қолжетімділігі артады.
Сондай-ақ бұл жоба Түркістан қаласының инвестициялық тартымдылығын күшейтіп, оны заманауи қаржылық және іскерлік орталық ретінде дамытуға ықпал етеді.
Түркістан қаласында жаңа банк филиалының салынуы өңірдің қаржылық инфрақұрылымын жетілдіру бағытындағы маңызды қадам болып отыр. Жоба жүзеге асқан жағдайда қаладағы бизнес-ортаға қосымша серпін беріп, тұрғындарға сапалы қаржылық қызмет көрсету деңгейін арттырмақ.


