Түркістан облысының сауда орындарында отандық өнімдерге басымдық берілген

Қазақстан Республикасы Премьер-министрі Олжас Бектеновтің тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында отандық тауар өндірушілерді қолдау және қазақстандық өнімдердің сауда орындарындағы қолжетімділігін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл бастама ішкі нарықты қорғауға, жергілікті өндірісті дамытуға және тұтынушылар үшін сапалы отандық өнімдердің үлесін көбейтуге бағытталған.
Аталған жұмыстар Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 27 наурыздағы №264 бұйрығымен бекітілген Ішкі сауда қағидалары аясында жүзеге асырылуда. Құжат талаптарына сәйкес, сауда объектілерінде отандық өнімдерді қолдау мен насихаттауға арналған нақты міндеттер белгіленген.
Қағидаларға сәйкес, ішкі сауда субъектілері дүкен сөрелерінде «Қазақстанда жасалған» деген арнайы маңдайшалар мен белгіленген аймақтарды орналастыруға міндеттеледі. Бұл талап отандық өнімдердің шетелдік тауарлар арасында ерекшеленіп, тұтынушыларға оңай көрінуін қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар қазақстандық өндірістегі тауарлар сатып алушылар үшін қолайлы әрі көрнекі орындарға – көз деңгейіндегі сөрелерге орналастырылуы тиіс. Бұл тәсіл тұтынушылардың таңдауын жеңілдетіп, жергілікті өнімдердің сатылымын арттыруға ықпал етеді.
Заңнамаға сәйкес, сауда алаңы мен сөре кеңістігінің кемінде 30 пайызы отандық өнімдерге бөлінуі қажет. Бұл талап ішкі нарықта қазақстандық тауарлардың үлесін жүйелі түрде арттыруға бағытталған маңызды тетік болып табылады.
Ішкі сауда субъектілері жоғары сұранысқа ие өнімдермен қатар «Қазақстанда жасалған» белгісі бар тауарларды қатар орналастыру арқылы кросс-сауда тәсілін қолдануға міндеттеледі. Бұл тұтынушылардың назарын отандық өнімдерге аударып, олардың танымалдығын арттыруға мүмкіндік береді.
Егер қазақстандық өндірушілер немесе жеткізушілер тарапынан жазбаша өтінімдер түссе, сауда желілері сөре кеңістігін бөлу жұмыстарын қамтамасыз етуге міндетті. Ал мұндай өтінімдер болмаған жағдайда, сауда объектілері Отандық өндірушілердің бірыңғай тізілімі негізінде өнімдерді басымдық тәртібімен орналастырады.
Осы талаптарды орындау аясында Түркістан облысындағы сауда желілерінде отандық өнімдерді қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынған. Атап айтқанда, өңірдегі сауда орындарында қазақстандық ірімшік өнімдеріне «Қазақстанда жасалған» логотиптері бар арнайы маңдайшалар орнатылып, отандық тауарларға басымдық берілуде.
Бүгінде Magnum сауда желісінің сөрелерінде жергілікті өндірушілердің Natige, Эмир, Айс, Дони ЛТД, Майлыкент Сүт және Бурненский брендтерінің сыр өнімдері тұтынушыларға ұсынылып отыр. Бұл өнімдер арнайы белгіленген сөрелерге орналастырылып, сатып алушылар үшін қолжетімді әрі көрнекі аймақтарда орналасқан.
Мұндай шаралар жергілікті тауар өндірушілерді қолдауға, ішкі нарықтағы қазақстандық өнімдердің үлесін арттыруға және отандық брендтердің бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге бағытталған. Сонымен қатар тұтынушылар үшін сапалы және қолжетімді өнімдерді таңдауға қосымша мүмкіндік қалыптастырады.
Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан бұл бастама ішкі сауда жүйесін реттеумен қатар, отандық өндірісті дамытуға және ұлттық экономиканы қолдауға бағытталған маңызды қадам болып отыр.


