Қалдықтарды қайта өңдеу үлесі артып келеді

Түркістан облысында қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару және қайта өңдеу инфрақұрылымын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл бағыттағы шаралар Мемлекет басшысының инвесторларды тарта отырып, ірі қалаларда қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу зауыттарын салуды жандандыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып отыр. Қалдықтарды тиімді басқару экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен қатар, «жасыл экономика» қағидаттарын енгізуге және өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Бүгінде Түркістан облысында тұрмыстық қалдықтарды жинау, тасымалдау, сұрыптау және қайта өңдеу бағытында бірқатар кәсіпорындар жұмыс істейді. Атап айтқанда, өңірде 36 мекеме қоқыс жинау және тасымалдау қызметімен айналысса, 15 кәсіпорын қалдықтарды сұрыптаумен, ал 5 кәсіпорын қайта өңдеу жұмыстарымен шұғылдануда. Бұл көрсеткіш өңірде қалдықтарды басқарудың толыққанды жүйесі қалыптасып келе жатқанын айғақтайды.
5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау және Экологтар күніне орай өңірде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған арнайы пресс-тур ұйымдастырылды. Шара аясында журналистер Кентау қаласында орналасқан «Қаратау Полимер» ЖШС-нің өндірістік қызметімен танысты. Бұл кәсіпорын 2016 жылдан бері пластик қалдықтарды қайта өңдеу саласында тұрақты жұмыс істеп келеді.
Кәсіпорынның негізгі бағыты – тұрмыстық пластик қалдықтарды, соның ішінде пластикалық бөтелкелерді сұрыптап, қайта өңдеу арқылы оларды шикізатқа айналдыру. Мұндай өндіріс түрі экологиялық жүктемені азайтып қана қоймай, қайта өңделген өнімді өнеркәсіптік айналымға енгізу арқылы экономикалық тиімділікке де жол ашады. Жобаның жалпы құны 100 млн теңгені құрайды, ол жеке кәсіпкердің бастамасымен жүзеге асырылған.
Зауыттың жылдық өндірістік қуаттылығы 1 500 тоннаға дейін жетеді. Бүгінде кәсіпорында 20-дан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Өндірілген өнімдер ішкі нарықпен қатар, Ресей Федерациясына да экспортталады. Бұл өңірлік кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігін және өнім сапасының халықаралық талаптарға сай екенін көрсетеді.
Кәсіпорын басшысы Ұлықбек Рахымжанұлы алдағы уақытта өндіріс ауқымын кеңейтіп, қосымша жаңа цех ашу жоспарланып отырғанын атап өтті. Бұл өз кезегінде қайта өңдеу көлемін арттырып, қосымша жұмыс орындарын құруға мүмкіндік бермек.
Жалпы алғанда, мұндай өндірістік жобалар өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға, тұрмыстық қалдықтарды тиімді кәдеге жаратуға және «жасыл экономика» қағидаттарын дамытуға ықпал етеді. Сонымен қатар, бұл саладағы кәсіпорындардың дамуы жаңа жұмыс орындарын ашып, жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға да оң әсерін тигізеді.
Айта кетейік, «Түркістан облысын дамытудың 2021–2025 жылдарға арналған жоспары» аясында қалдықтарды қайта өңдеу үлесін арттыру көрсеткіші бекітілген. 2025 жылы облыс бойынша 87 552 тонна қатты тұрмыстық қалдық жиналып, оның 27 140 тоннасы қайта өңдеуге бағытталды. Нәтижесінде қайта өңдеу үлесі 31 пайызды құрап, жоспар толық орындалған. Ал биыл бұл көрсеткішті 33 пайызға дейін жеткізу көзделіп отыр.
Жалпы, Түркістан облысында қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру, қайта өңдеу кәсіпорындарын дамыту және экологиялық жауапкершілікті арттыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.


