Адал қызмет – қоғам сенімінің негізі

Түркістан облысында мемлекеттік қызмет саласында ашықтықты, әділдікті және заң үстемдігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы ретте сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін арттыру және қоғам сенімін нығайту мақсатында арнайы кездесу ұйымдастырылды.
Кездесуге Түркістан облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы, сәулет және қала құрылысы басқармасы, сондай-ақ жер қатынастары басқармасының мемлекеттік қызметшілері қатысты. Іс-шара барысында мемлекеттік органдар қызметіндегі ашықтық пен жариялылық қағидаттарын сақтау, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу мәселелері жан-жақты талқыланды.
Жиын барысында сыбайлас жемқорлықтың қоғам мен мемлекет дамуына тигізетін кері әсері, оның әлеуметтік-экономикалық салдары және жемқорлық көріністеріне мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастырудың маңыздылығы атап өтілді. Қатысушыларға қолданыстағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптары түсіндіріліп, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік міндеттерін адал әрі сапалы орындауы, кәсіби әдеп нормаларын сақтауы және қоғам алдындағы жауапкершілігі жөнінде кеңінен ақпарат берілді.
Сонымен қатар, мемлекеттік қызмет саласында адалдық, әділдік және парасаттылық қағидаттарын орнықтыру – жемқорлықтың алдын алудың негізгі тетіктерінің бірі екені айтылды. Мемлекеттік қызметші әрбір шешімді заң аясында қабылдап, азаматтармен қарым-қатынаста ашықтық пен объективтілікті басшылыққа алуы тиіс екендігі ерекше назарға алынды.
Кездесуде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша мемлекет тарапынан жүзеге асырылып жатқан реформаларға да тоқталды. Атап айтқанда, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру, цифрландыру үдерістерін кеңейту, адами факторды азайту және мемлекеттік органдар жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету бағытында қолға алынған шаралар жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік беретіні айтылды. Сондай-ақ азаматтардың өтініштері мен шағымдарын уақытылы қарау, мемлекеттік қызметтерді сапалы әрі қолжетімді көрсету мәселелері де сөз болды.
Жиын барысында осы жылдың 1 сәуірінен бастап қолданысқа енгізілген мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа тәртібі туралы да ақпарат берілді. Жаңа жүйенің негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметке білікті, кәсіби және бәсекеге қабілетті мамандарды тарту, іріктеу рәсімдерінің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету. Қатысушыларға жаңа талаптар мен өзгерістердің ерекшеліктері түсіндіріліп, олардың мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттырудағы маңызы атап өтілді.
Кездесу соңында мемлекеттік қызметшілер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, заң талаптарын қатаң сақтау және қоғамның мемлекетке деген сенімін нығайту бағытындағы жұмыстарды одан әрі күшейту қажеттігі айтылды. Сондай-ақ әрбір қызметкердің адалдық пен парасаттылық қағидаттарын берік ұстануы – тиімді мемлекеттік басқарудың және ел дамуының маңызды кепілі екені ерекше атап өтілді.


