Құқықтық мәдениет – азаматтық жауапкершілік негізі

25 қазан – Республика күніне орай Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық-экономикалық колледжінде жастармен кездесу өтті. Шымкент қаласы жастар саясаты басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастырған іс-шарада заң талаптарын сақтау, азаматтардың құқықтары мен міндеттері және қоғамдағы адалдық қағидаттары сөз болды.
Кездесуге Шымкент қаласы Әділет департаментінің бас маманы Самал Бахтыяр, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың Шымкент қаласы бойынша өкілінің маманы Мырзабай Нұрлан Альжанұлы және Жастар ресурстық орталығының инспекторы Әбдразақ Әсел Наралықызы қатысты. Мамандар студенттерге құқықтық мәселелер бойынша түсіндірме беріп, өздерін толғандырған сұрақтарға жауап қайтарды.
Әңгіме барысында құқықтық мәдениетті қалыптастырудың маңызына назар аударылды. Заңды білу тек құқық бұзған жағдайда жауапкершіліктен құтылу жолын түсінумен шектелмейді. Ол – өз құқығын қорғай білу, өзгенің еркіндігі мен мүддесін құрметтеу, қоғамдық ортада белгіленген талаптарды сақтау. Әсіресе жас буынның құқықтық сауаты жоғары болса, күнделікті өмірде кездесетін даулы жағдайларды дұрыс бағалап, заң аясында шешім қабылдауына негіз қалыптасады.
Мамандар адалдық пен жауапкершіліктің де қоғам өміріндегі орнына тоқталды. Қоғамдық тәртіпті сақтау, міндеттерді орындау және әділдікке сүйену әр азаматтың ұстанымына айналуы керек. Мұндай құндылықтар адамдар арасындағы сенімді нығайтып, ортақ ережелерге құрметпен қарауға ықпал етеді.
Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидаты азаматтардың құқықтарын қорғау мен заң алдындағы жауапкершілікті қатар қамтиды. Республика күні қарсаңындағы кездесу студенттерге ел азаматы ретінде өз міндетін түсініп, қоғам өміріне жауапкершілікпен қараудың маңызын тағы бір мәрте жеткізді. Заңды құрметтеу мен адалдықты ұстану – азаматтық ұстанымның күнделікті әрекеттен көрінетін белгісі.


