Түнгі рейд кезінде 79 әкімшілік хаттама толтырылды

Шымкент қаласының бес ауданында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жалпықалалық түнгі рейд жүргізілді. Іс-шараға Шымкент қаласы Полиция департаментінің, аудан әкімдіктерінің және Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері қатысты.
Рейд барысында түнгі уақытта ойын-сауық орындарында ата-анасының немесе заңды өкілінің еріп жүруінсіз жүрген жасөспірімдер анықталды. Мамандар құқық бұзушылыққа жол берген азаматтарға қолданыстағы заң талаптарын түсіндіріп, әр жағдай бойынша тиісті шаралар қабылдады. Нәтижесінде Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің тиісті баптары бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Нақтырақ айтқанда, 127-1-бап бойынша – 1, 132-бап бойынша – 9, 442-баптың 1-бөлігі бойынша – 12, 2-бөлігі бойынша – 54, 3-бөлігі бойынша 3 хаттама рәсімделді. Осылайша, рейд қорытындысында барлығы 79 әкімшілік хаттама толтырылды. Ең көп хаттама ӘҚБтК-нің 442-бабының 2-бөлігі бойынша тіркелген.
Түнгі уақытта жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету – полиция мен жергілікті органдардың ғана емес, ата-аналардың да ортақ міндеті. Баланың қайда жүргенін, кіммен уақыт өткізетінін біліп отыру оның қауіпсіздігіне төнетін қатердің алдын алуға көмектеседі. Сонымен бірге жасөспірімдерге заң талаптарын түсіндіріп, олардың өз әрекетіне жауапкершілікпен қарауын қалыптастыру маңызды.
Мұндай бақылау жұмыстарының мақсаты тек құқық бұзушылықты анықтау емес, оның қайталануына жол бермеу де болып саналады. Сондықтан рейд кезінде анықталған жағдайлармен қатар, алдын алу және түсіндіру жұмыстарына да көңіл бөлінеді. Жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыруы, қауіпсіз ортада болуы және заң талаптарын білуі де назардағы мәселелердің қатарында.
«Заң мен тәртіп» қағидатын күнделікті өмірде сақтау әр азаматтың жауапкершілігіне байланысты. Ал жасөспірімдердің қауіпсіздігі үшін отбасы мен қоғамның бірлесіп әрекет етуі қажет. Шымкент қаласында түнгі рейдтер алдағы уақытта да жалғасып, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау мен құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталады.


