Жастарға лудоманияның зардабы түсіндірілді

Шымкент қаласындағы Инновациялық технологиялық колледжінде жастар арасында құмар ойындарға тәуелділіктің алдын алуға арналған кездесу өтті. Шымкент қаласы жастар саясаты басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастырған іс-шарада лудоманияның зардабы, интернеттегі қауіп-қатерлер және жеке жауапкершілік мәселелері талқыланды.
Кездесуге Жастар ресурстық орталығының Психологиялық көмек көрсету бөлімінің маманы Жібек Мұратқызы Сайдахан және Шымкент қаласы Полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция капитаны Мақсат Жанысбаев қатысты. Мамандар студенттерге құмар ойындарға әуестенудің адам өміріне әсері мен одан туындайтын тәуекелдер туралы түсіндірді.
Лудомания адамның қаржылық жағдайына ғана емес, психологиялық ахуалына, оқуына және жақындарымен қарым-қатынасына да кері әсер етуі мүмкін. Бастапқыда ермек немесе қосымша табыс табудың жолы болып көрінген ойын уақыт өте келе бақылаудан шығып, қарызға бату мен күнделікті міндеттерді екінші орынға ысыруға әкелуі ықтимал. Сондықтан ойынға жұмсалатын уақыт пен қаражатты бақылап, тәуелділік белгілері байқалған жағдайда дер кезінде көмекке жүгіну маңызды.
Кездесуде интернет кеңістігіндегі қауіпсіздік мәселесі де назардан тыс қалмады. Мамандар жастарға күмәнді онлайн ұсыныстарға сенбеуді, жеке деректерін бөгде адамдарға бермеуді және оңай табысқа уәде ететін жарнамаларға сақтықпен қарауды ескертті. Құмар ойындарды жарнамалайтын немесе азаматтарды ақша салуға үгіттейтін күмәнді сілтемелердің артында алаяқтық әрекеттер де тұруы мүмкін. Сондықтан кез келген ұсынысты тексеріп, асығыс шешім қабылдамау қажет.
Жастардың қаржылық және жеке қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарауы олардың болашақтағы шешімдеріне де әсер етеді. Қиындық туындағанда мәселені жасырып қалмай, сенімді адаммен немесе тиісті маманмен кеңесу маңызды.
«Заң мен тәртіп» қағидаты аясындағы мұндай кездесулер жастардың құқықтық сауатын арттыруға және қауіптің алдын алуға бағытталған. Құмар ойыннан келетін зиянды түсіну, интернетте сақ болу және өз әрекетіне жауап беру – қауіпсіз өмір салтын қалыптастырудың маңызды шарттары.


