Ақпаратты тексеру – адасудан сақтану

Oinet.kz 23-10-2026

image.png

Шымкент қаласындағы Шымкент университеті мен Шымкент аграрлық-техникалық колледжінің студенттері «Ғаламтор діни ұстаз емес» тақырыбында өткен кездесуге қатысты. Шымкент қаласы жастар саясаты басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастырған іс-шарада діни сауаттылық, интернеттегі ақпараттың сенімділігі және жастарды теріс діни ағымдардың ықпалынан қорғау мәселелері талқыланды.

Кездесуге Жастар ресурстық орталығының Аутрич және NEET жастармен жұмыс бөлімінің маманы Қармантай Нұржақсын, Шымкент қаласы медиация кеңесінің кәсіби медиаторлары Гүлназ Алмазқызы Имбарова мен Дана Ақәділқызы Кенжеқұлова, сондай-ақ Шымкент қаласы Дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ бөлімінің басшысы Рауан Қыпшақбаев қатысты.

Мамандар жастарға діни тақырыптағы ақпаратты қабылдауда асығыстық танытпау керектігін түсіндірді. Қазір әлеуметтік желілер мен бейнеплатформаларда діни мазмұндағы жазбалар мен уағыздар көп таралады. Алайда интернетке жарияланған ақпараттың бәрі бірдей сенімді емес. Діни білімі мен құзыреті күмәнді адамдардың кеңесіне сүйену немесе мазмұны тексерілмеген мәліметті шындық ретінде қабылдау жаңсақ түсінікке әкелуі мүмкін.

Сондықтан ақпараттың қайдан алынғанын тексеріп, оны ресми әрі сенімді дереккөздермен салыстыру маңызды. Мамандар жастарға күмәнді діни үндеулерге сын көзбен қарап, түсініксіз мәселелер бойынша білікті теологтарға жүгінуге кеңес берді. Сонымен бірге өзге көзқарастағы адамдарға құрметпен қарау, қоғамдағы келісімді сақтау және зайырлы мемлекеттің құндылықтарын түсіну мәселелері қозғалды.

«Заң мен тәртіп» қағидаты аясындағы мұндай кездесулер жастардың саналы таңдау жасауына және күмәнді ақпараттың ықпалын ажырата білуіне бағытталған. Іс-шара соңында студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, сала мамандарынан жауап алды.

Кездесудің негізгі мақсаты – жастардың діни сауатын арттырып қана қоймай, ақпаратты талдау қабілетін қалыптастыру. Өйткені интернеттегі кез келген мәліметке сене салмай, оның мазмұны мен мақсатын бағалай білу бүгінгі ақпараттық ортада аса қажет. Әсіресе діни мәселелерде эмоцияға ермей, дәлел мен сенімді дерекке сүйену маңызды.

Жастарға лудоманияның зардабы түсіндірілді
Қоғам тыныштығы әркімге ортақ
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу