Қоғам тыныштығы әркімге ортақ

Шымкент қаласындағы Академик Ә. Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінде «Адал қоғам – қауіпсіз болашақ» тақырыбында жастармен кездесу өтті. Шымкент қаласы жастар саясаты басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастырған іс-шарада құқықтық сауаттылық, жеке қауіпсіздік және психологиялық саулық мәселелері қозғалды.
Кездесуге полиция капитандары Әсемай Есенқызы Анарбаева мен Бахытжан Тұрсынбайұлы Бекбаев, тәжірибелі психолог, гештальт-терапевт Салтанат Сайлауқызы Асанова және орталық маманы Ақсымбат Рашидқызы Әлімқұл қатысты. Сала мамандары студенттерге күнделікті өмірде кездесуі мүмкін қауіп-қатерлерден сақтану және күрделі жағдайларда дұрыс шешім қабылдау жөнінде түсіндірме берді.
Әңгіме барысында құқық бұзушылықтың алдын алу, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол бермеу және интернет-алаяқтықтан қорғану мәселелеріне басымдық берілді. Мамандар заң талаптарын білу әр азаматтың өз құқығын қорғауына және өзгенің құқығын бұзбауына көмектесетінін атап өтті. Ал интернетте жеке деректерді жариялауда сақтық таныту, күмәнді сілтемелерге өтпеу және белгісіз адамдардың қаржылық ұсыныстарына бірден сенбеу алаяқтардың арбауына түсу қаупін азайтады.
Кездесуде психологиялық саулық тақырыбы да назардан тыс қалмады. Психолог Салтанат Асанова қиындыққа тап болғанда эмоцияны басқара білу, мәселені ушықтырмай шешу және қажет кезде маман көмегіне жүгінудің маңызына тоқталды. Әсіресе зорлық-зомбылыққа немесе қысымға ұшыраған жағдайда үнсіз қалмай, сенімді адамға айтып, тиісті орындардан көмек сұрау керектігі түсіндірілді.
Жастардың қауіпсіздігі тек заң талаптарын сақтаумен шектелмейді. Ол адамның өз әрекетіне жауап беруінен, айналасындағылардың құқығын құрметтеуінен және қауіпті жағдайды дер кезінде бағалай білуінен де көрінеді. Құқықтық сауат пен психологиялық тұрақтылық осы тұрғыдан бірін-бірі толықтырады.
«Заң мен тәртіп» қағидаты әр азаматтың жауапкершілігіне сүйенеді. Қоғамда адалдық пен өзара құрмет орнығуы үшін заңға бағыну ғана емес, қиын жағдайға бейжай қарамай, қауіптің алдын алуға атсалысу да маңызды. Кездесу жастардың осы мәселелер жөніндегі түсінігін тереңдетуге бағытталды.


