Вейп – сән емес, денсаулыққа қауіп

Oinet.kz 23-10-2026

image.png

Шымкент қаласындағы 34 колледждің студенттеріне  «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында вейптердің зияны мен олардың заңсыз айналымына қарсы күрес мәселелері түсіндірілді. Семинар-сабақтарды Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті ұйымдастырып, жастардың зиянды әдеттердің салдарын түсінуіне және заң талаптары туралы хабардар болуына назар аударды.

Кездесу барысында вейптерді Қазақстанға әкелу, өндіру, сату және тарату үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғаны айтылды. Тиісті заңнамалық нормалар 2024 жылғы 20 маусымнан бастап күшіне енген. Мамандар студенттерге электронды тұтыну жүйелерінің заңсыз айналымына қатысты талаптарды түсіндіріп, мұндай әрекеттердің құқықтық салдарына тоқталды.

Семинарда вейптердің адам денсаулығына тигізетін зиянына да баса назар аударылды. Никотинге тәуелділік адамның денсаулығына кері әсер етіп қана қоймай, уақыт өте келе одан бас тартуды қиындатуы мүмкін. Әсіресе жастар арасында электронды темекіні зияны аз өнім ретінде қабылдау кездеседі. Алайда оның құрамындағы заттар мен никотиннің әсерін елемеу денсаулыққа қауіп төндіреді.

Мамандар студенттерді сәнге немесе достарының ықпалына ермей, өз таңдауына жауапкершілікпен қарауға шақырды. Зиянды әдеттен бас тарту үшін оның салдарын алдын ала түсіну маңызды. Ал заң талаптарын білу жастардың тыйым салынған өнімдерді сатуға немесе таратуға қатысуына жол бермеуге ықпал етеді.

Экономикалық тергеп-тексеру департаменті жастарға үндеу жасап, вейпті сәннің белгісі емес, денсаулыққа төнетін қауіп ретінде бағалауға шақырды.

«Вейп – сән емес, денсаулыққа төнген қауіп. Бір рет байқап көру никотинге тәуелділіктің бастамасына айналуы мүмкін. Денсаулығыңды, болашағыңды және еркіндігіңді таңда!» – делінген үндеуде.

Мұндай түсіндіру жұмыстарының мәні тек заң талаптарын таныстырумен шектелмейді. Жастардың өз денсаулығына саналы қарауы, зиянды әдеттердің салдарын бағамдауы және заңсыз айналымға араласпауы маңызды. Өз таңдауына жауап беру – қауіпсіз болашаққа бастайтын қадам.

Қоғам тыныштығы әркімге ортақ
Заң мен тәртіп – қауіпсіз қоғам кепілі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу