Заң мен тәртіп – қауіпсіз қоғам кепілі

Шымкентте 25 қазан – Республика күніне орай жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға арналған кездесу өтті. Шымкент қаласы Жастар саясаты басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастырған іс-шара «Заң мен тәртіп» қағидасы аясында «Заң мен тәртіп – қауіпсіз қоғам кепілі» тақырыбына арналды.
Кездесуге Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басқарма басшысы Дәурен Бөрібайұлы Тұрғынбай, Әл-Фараби ауданы прокурорының орынбасары Ерлан Шораұлы Сәдібеков және Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Шымкент қаласы бойынша өкілі Нұржан Әлібекұлы Абдезов қатысты. Сонымен қатар Шымкент шоу театрының актері, «Азартник» сериалына түскен Ерлан Дәулетбеков пен «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы Жансерік Бауыржанұлы Жұман жастармен пікір алмасты.
Жиында заңдылықты сақтау, құқық бұзушылықтың алдын алу, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Кездесуге қатысқан мамандар жастарға заң талаптарын түсінудің ғана емес, оны күнделікті өмірде орындаудың да маңызын жеткізді. Сондай-ақ азаматтық жауапкершілік, өз құқығын білу және өзгенің құқығына құрметпен қарау туралы ойлар ортаға салынды.
Құқықтық сауаттылық адамның түрлі жағдайда дұрыс шешім қабылдауына көмектеседі. Өз құқығын білетін азамат заңсыз әрекетке қарсы тұрып, қажет кезде тиісті орындардан көмек сұрай алады. Ал заң талаптарын елемеу жеке адамның өзіне ғана емес, айналасындағы адамдарға да зиян келтіруі мүмкін. Осы тұрғыдан алғанда, жастар арасында құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңызы зор.
Кездесу барысында азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мәселесіне де назар аударылды. Қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздік тек құзырлы органдардың жұмысына байланысты емес. Ол әр адамның заңға көзқарасынан, қоғамдық ортадағы әрекетінен және өз міндетін қаншалықты жауапкершілікпен атқаратынынан көрінеді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру, заңға құрметін арттыру және қоғам қауіпсіздігіне бейжай қарамауға шақыру. Республика күні қарсаңында өткен кездесу жас буынға азаматтық жауапкершіліктің мәнін түсіндіріп, ел тыныштығы мен қоғамдық тәртіпті сақтауға әркімнің үлесі бар екенін еске салды.


