Әл-Фараби ауданында бір айда 800-ге жуық құқық бұзушылықтың жолы кесілді

Oinet.kz 27-10-2026

image.png

Шымкент қаласында Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында қоғамдық орындардың тазалығын сақтау, абаттандыру талаптарының орындалуын бақылау және құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстары жалғасып жатыр. «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бастамасы шеңберінде қала аумағында тазалық талаптарының сақталуына ерекше назар аударылып, тұрғындардың ортақ мүлікке және қоршаған ортаға жауапкершілігін арттыру шаралары жүргізілуде.

Қазан айында Әл-Фараби ауданы аумағында 796 құқық бұзушылық анықталды. Оның 347-сі пилотсыз ұшу аппаратының көмегімен тіркелген. Бұл ретте заманауи бақылау құралдары қоғамдық тәртіпті қадағалауға, абаттандыру талаптарын бұзу деректерін анықтауға және заңсыз әрекеттерге жедел ден қоюға қолданылып отыр.

Анықталған деректер бойынша тиісті әкімшілік шаралар қабылданып, заңбұзушылықтардың салдарын жою жұмыстары жүргізілді. Мұндай бақылау шаралары көшелер мен қоғамдық орындардың тазалығын сақтауға, белгіленген талаптардың орындалуын қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар құқық бұзушылықтарға жол берген азаматтарға қатысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қабылдау арқылы ортақ ережелердің сақталуына мән берілуде.

Қоғамдық тәртіп пен тазалық – тек жауапты мекемелердің міндеті емес, әрбір тұрғынның ортақ жауапкершілігі. Қоқысты белгіленбеген жерге тастау, қоғамдық орындарды ластау немесе абаттандыру талаптарын елемеу қаланың келбетіне ғана емес, тұрғындардың өмір сүру ортасына да әсер етеді. Сондықтан мұндай әрекеттердің алдын алу үшін бақылау жұмыстарымен қатар, азаматтардың құқықтық мәдениеті мен экологиялық жауапкершілігін арттыру да маңызды.

«Заң мен тәртіп» қағидаты әр азаматтың заң талаптарын сақтап, қоғамдық ортаға құрметпен қарауынан көрінеді. Осыған байланысты Шымкент қаласының полициясы тұрғындарды қоршаған ортаны таза ұстауға, абаттандыру ережелерін орындауға және қоғамдық орындарға ұқыпты қарауға шақырады. Қала тазалығын сақтау – заң талаптарын орындаудан және әр адамның өз әрекетіне жауапкершілікпен қарауынан басталады.

Заң мен тәртіп – қауіпсіз қоғам кепілі
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу